Алаяқтардың арбауынан сақ болайық

Өз ақшаңызды қалай қорғау керек?

2025 жылы Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп. Жалпы шығын көлемі 6 млрд теңгеден асқан, алайда оның небәрі 26 пайызы ғана қайтарылған. Тергеу нәтижесінде 217 дроппер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 61 кибертоп әшкереленді, ал күдікті транзакциялар бойынша 2,9 млрд теңгеден астам қаржы бұғатталды. Қыркүйек айынан бастап Қылмыстық кодекске жаңа 232-1-бап енгізіліп, төлем құралдарын (шот, карта) үшінші тұлғаға бергендерге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.

Бұл республика көлеміндегі ахуал. Ал Рудный қаласында алаяқтықпен күрес мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін бұл қылмыс түрі әртүрлі әдістермен жүзеге асуда. Әсіресе соңғы жылдары интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалары жиілеген. Ресми деректерге сүйенсек, Қостанай облысы бойынша былтырдың өзінде мыңға жуық алаяқтық фактісі тіркелген, оның едәуір бөлігі Рудный қаласына тиесілі. Бұл көрсеткіш азаматтардың қырағылығы әлі де жеткіліксіз екенін байқатады.

Рудный қалалық полиция басқармасының жедел уәкілі Қайрат Русланұлының айтуынша, алаяқтар көбіне тұрғындардың сенгіштігін пайдаланады.

«Көп жағдайда бейтаныс нөмірден қоңырау шалынса да, тұрғындар әңгімеге еріп кетеді. Ақпараттық сауаттылықтың аздығы да қылмыскерлердің қолын ұзартуда. Бізге белгілі деректерге сүйенсек, тіркелген алаяқтықтың жартысына жуығы банк карталары мен онлайн-төлемдерге қатысты. Яғни адамдар өз деректерін бөтен адамға беріп қойып, ақшасынан айырылып жатыр», – дейді ол.

Қайрат Әмірғалиевтің айтуынша, ең көп тараған тәсілдердің бірі – өзін банк қызметкері ретінде таныстыру.

«Азаматтарға қоңырау шалып, «сіздің атыңызға Kaspi банктен несие рәсімделіп жатыр, тоқтату үшін смс-кодты айтыңыз» деп алдайды. Бұл классикалық алаяқтық сызбасы. Мұндай жағдайда ешқашан кодты айтуға болмайды. Егер хабарласқан адам өзін мемлекеттік органнан немесе белгілі компанияданмын десе, сол ұйымға тікелей қоңырау шалып нақтылау қажет», – деп ескертеді жедел уәкіл.

Оның сөзінше, тағы бір кең таралған әдіс – «контактное мошенничество», яғни таныстыққа сүйеніп алдау. Мұндай жағдайда қылмыскер өзін жақын таныс, әріптес немесе туыс ретінде таныстырып, сенімге кіріп ақша алады. «Әлеуметтік желілерде немесе WhatsApp арқылы «аға-көке» деп ақша сұрайтын жағдайлар жиі кездеседі. Кейде адамдар 200–300 мың теңгеге дейін қаржы аудартып жібереді. Ақшаны жіберіп қойғаннан кейін ғана алданып қалғанын біледі. Күмәнді хабарлама келгенде, бірден танысыңызға тікелей хабарласу ғана көмектеседі», – дейді Қайрат Әмірғалиев.

Мәселен, жуырда Рудный тұрғыны әлеуметтік желіде жарияланған жеңіл жұмысқа сеніп, алдын ала «қамтамасыз ету жарнасын» аударған. Бірақ кейін хабарласқан адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Мұндай оқиғалар көптеп кездесуде. Өкінішке қарай, құрбандардың басым бөлігі – жастар мен зейнеткерлер. Жастар оңай ақша табуға қызықса, зейнеткерлер алаяқтардың сенімді сөзіне еріп қалады.

«Әсіресе онлайн-сауда кезінде аса сақ болу керек. Егер тауар немесе қызмет күмәнді көрінсе, ешқандай ақша аудармаңыз. Біз әрдайым халыққа ескертіп келеміз, бірақ алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болып жатыр. Сондықтан әрбір азамат жеке деректерін ешкімге бермеуі тиіс», – дейді маман. Статистикаға жүгінсек, соңғы үш жылда Рудный қаласында алаяқтық істерінің 60 пайызы интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жасалған. Оның ішінде тұрғындардың ең көп алданып отырғаны – жалған онлайн-сауда мен жалған лотерея.

«Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 232-бабы, 1-тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қылмыскерлер заң алдында міндетті түрде жауап береді. Бірақ ең маңыздысы – алдын алу», – деп түсіндірді Әмірғалиев.

Қалалық Полиция басқармасы алаяқтықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мектептерде, университеттерде дәрістер оқылады, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіледі. Қостанай қаласында жүргізілген осындай шаралардың нәтижесінде интернет-алаяқтықтың 30 пайызға азайғаны белгілі.

Бұған қоса, Рудныйда көшелерге баннерлер ілініп, жергілікті БАҚ-та бейнероликтер жарияланып жүр.Банктермен бірлескен іс-шаралар өткізіліп, клиенттердің деректерін қорғау жолдары түсіндіріледі. Әлеуметтік желілерде ең көп тараған алаяқтық әдістері туралы ескерту хабарламалары жарияланып отырады.

«Қылмыс болған соң тергеу жүргізіліп, кінәлі табылғанымен, жоғалтқан қаржыны қайтарып беру оңай емес. Сондықтан әрбір азамат қырағылық танытып, сақтық шараларын орындауы қажет. Егер күмәнді қоңырау шалынса немесе күдікті хабарлама келсе, бірден полицияға хабарласқан жөн», – дейді Қайрат Русланұлы.

Алаяқтық – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі. Рудный қаласында мұндай қылмысқа қарсы күрестің тиімділігі әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана қала тұрғындары алаяқтардың арбауына түспей, Рудный қауіпсіз әрі сенімді қалаға айналмақ.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *