Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко Горняцкий кенті мен Перцевка ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді
Кездесу барысында елді мекендердің инфрақұрылымы, абаттандыруы және әлеуметтік бағдарламаларына қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Алдымен, тұрғындар алдында төрт ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берген Горняцкий кентінің әкімі Зейнелғабиден Әбілов сөз сөйледі. Айта кетейік, ол 1 маусымда өткен әкім сайлауында жеңіске жетіп, алдағы төрт жыл бойы өзінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыратын болады.
Биыл Горняцкий және Перцевка елді мекендерін дамытуға 188,4 млн. теңге бөлінді. Қаражат келесі бағыттарға жұмсалады: көше жарығын орнату, санитарлық тазалық, көгалдандыру, жолдарды жазғы және қысқы мезгілде күтіп ұстау, сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын іске асыру.
Зейнелғабиден Әбіловтің айтуынша, 2025 жылға қарай Горняцкий мен Перцевка кенттеріндегі көше жарығын күтіп ұстау үшін «Мингасов» ЖК-мен 2,3 млн. теңгеге келісімшарт жасалған. 15 көше шамы мен электр сымдары ауыстырылды. Қысқы және жазғы мезгілде көшелерді механикаландырылған жолмен тазалау үшін «Кузнецов» ЖК-мен 9,4 млн. теңгеге шарт жасалды. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жоюмен «Альянс» ЖК айналысады, шарттың құны – 5,3 млн. теңге.
Наурыз айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен Горняцкий кентіндегі жер учаскесінің шекарасын анықтау бойынша 1,6 млн. теңгеге келісім жасалды. Сәуір айында «Смирнов» ЖК-мен 13 млн. теңгеге темір сахна орнату жөнінде шартқа қол қойылды. Қазіргі таңда 400 шаршы метр алаңға тротуар плиткаларын төсеу жұмыстары жүргізілуде, сахна орнату аяқталуға жақын. Жұмыстар 31 шілдеге дейін тапсырылуы тиіс.
Сондай-ақ, Горняцкийде саябақ аймағын абаттандыру мақсатында «Актилжан» ЖК-мен келісім жасалмақ. Жоба аясында 375 шаршы метр жерге плитка төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері, беседкалар, 8 орындық айналма әткеншек орнатылып, ағаштар мен бұталар отырғызылады.
Фадеева, Речная, Южная көшелері мен Перцевка ауылындағы ішкі жолдарды жөндеу үшін «Стройкомгруп» ЖШС-мен 68,6 млн. теңгеге келісімшарт жасалды. Жұмыстар 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс.
Сәуір айында ағаштар мен бұталарды санитарлық кесу бойынша «Актилжан» ЖК-мен 1,4 млн. теңгеге шарт жасалды. Наурызда 142 ағаш кесілді, әсіресе сыртқы жарық желілерінің жанындағы ағаштар, себебі бұтақтардың кабельдермен жанасуы жел кезінде қысқа тұйықталу қаупін арттырады.
Кездесуде тұрғындар өз ұсыныстары мен ескертулерін ашық айтты, бірқатар сұрақтар қойды. Атап айтқанда, ағаштарды кесуге қатысты сұрақ көп болды – тұрғындар жеке учаскелердегі ағаштарды да кесуге болатынын жеткізді.
– Қоршаудан тыс жерлер – бұл мемлекет меншігі, сондықтан ол үшін мемлекет жауапты. Ал ауланың ішіндегі барлық жұмыстар – сіздің жеке жауапкершілігіңіз, – деп түсіндірді қала әкімі Виктор Ионенко. – Қала бюджетін жеке аумақтарға жұмсауға болмайды. Бірақ егер сіздер қаласаңыздар, біз бригада ұйымдастыра аламыз. Арнайы техника мен мамандарды береміз, ал жұмыстың төлемін тұрғындар өздері көтереді. Ардагерлер мен жалғызбасты зейнеткерлер үшін бұл жұмыс тегін атқарылады.
Тұрғындардың бірі Горняцкий кентінде нан мәселесі бар екенін жеткізді:
– Нан сатып алу үшін үш дүкенді аралау керек. Аяғым ауыр қозғалады. Бір дүкенде нан жоқ, екіншісінде де жоқ. Нан тұрақты түрде жеткізілмейді. Бір жерде барлық түрі сатылатын арнайы дүкен болса жақсы болар еді, – деді ол.
Қала әкімі бұл мәселені шешу үшін кентте нан өнімдерін сататын арнайы дүңгіршек орнату идеясын қолдады. Алайда жер телімінің жоқтығы мен санитарлық талаптарға сай келмейтін заңсыз дүңгіршектердің көбейгенін атап өтті.
– Егер бұл шынымен қажет болса, дүкен маңындағы жеке жерді табайық. Бірақ санитарлық талаптарға сай келмейтін заңсыз дүңгіршектерді қалада жою қажет. Азық-түлік сату үшін барлық талаптарға сай стационарлық павильон болуы тиіс, – деді ол.
Әкім жеке үйлердің айналасын күтіп ұстау ережелеріне де тоқталды:
– Өткен жылы Қостанай облысында жаңа абаттандыру ережелері қабылданды. Ережеге сәйкес, үйдің ауласы мен оған іргелес жатқан 5 метрлік аумаққа жер иесі жауап береді. Егер осы аумақта қоқыс, сынық көліктер, құрылыс қалдықтары, көң немесе басқа да заттар болса, иесіне айыппұл салынады. Бұл тәртіпті сақтау үшін қажет.
Сондай-ақ, тұрғындардың ауласында жүздеген шошқа немесе 300-400 қаз ұстауы көршілерге қолайсыздық тудырады. Мұндай жағдайлар санитарлық қызметпен бірлесе отырып қатаң бақылауға алынады. Бірінші рет ескерту беріледі, егер 15 күн ішінде жағдай түзелмесе – айыппұл салынады, қайталанса – айыппұл көлемі артады, ал үшінші рет әкімшілік қамауға дейін шара қолданылады.
Кездесу барысында Горняцкий кентіне баратын жол мәселесі де көтерілді. Көктемде жолдар бүлініп, көлік қатынасы қиындайды.
– Бұл жол көктемде жер асты суларының әсерінен бүлінеді. Жүк көліктері, фуралар үнемі осы жолмен өтеді. Жол ауыр техниканы көтере алмайды, себебі ол ішкі жол ретінде салынған. Нағыз өндірістік жол қажет, – деп түсіндірді қала әкімі Виктор Ионенко.
Ол бұл жолға бетон төсеу қажет екенін, бірақ нормативтер мен заңдар бұған мүмкіндік бермейтінін айтты. Жолды уақытша жөндеп, скальникпен тегістеу – тек уақытша шешім. Жүк көліктеріне шектеу қою мүмкін емес, себебі бұл облыс бойынша жөндеу жұмыстарының тоқтауына алып келеді. Осылайша, Горняцкий кенті күрделі жағдайға тап болды.
Кездесуде әкім қала жолдарын жөндеуге қаржы бөлінгенін айтып, тұрғындарға жөндеу жүріп жатқан жерлерді көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер үшін берешек және қаланың даму бағыттары – жаңа нысандар салу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де талқыланды.
Қала әкімі Виктор Ионенко мұндай кездесулердің жергілікті билік пен халық арасындағы байланысты нығайтатынын айтып, тұрғындар көтерген барлық ұсыныс-тілектердің ескерілетінін жеткізді.
Айбар БЕРІК,
суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ