Ауған соғысы ардагерлерімен тарихи кездесу өтті
Мемлекеттік тілдегі кітапханада 14 ақпан күні Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің батырлығын, ерлігін дәріптеу мақсатында «Ауған жауынгерлеріне тағзым» атты тарихи кеш өтті.
Шараға қонақ ретінде Ауған соғысының ардагерлері Есмақов Бекболат Мағовьявич, Асқаров Ғалымхан Жәкияұлы және №13 мектептің 7-сынып оқушылары қатысты. Кітапханашы оқушыларға Ауған соғысы туралы тарихи мәлімет беріп, кітапхана қорындағы әдебиеттерге шолу жасады. Кеш соңында тарихымызды ұмытпау мақсатында арнайы бейнеролик көрсетілді. Ардагерлер өздерінің жауынгерлік жолын, сол кездегі оқиғаларды баяндап, оқушылармен емен-жарқын әңгіме құрды.
Ауған соғысы – кеңес дәуірі тарихының ең ауыр кезеңдерінің бірі. 1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып, 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталған бұл соғыс 9 жыл 10 айға созылды. Мыңдаған адамның өмірін өзгертіп, сансыз қайғы-қасірет әкелген бұл қасіретті жылдар тарихта мәңгі сақталмақ.
«Өткенін ескермеген өшеді,
Өткенін қастерлеген өседі» – дегендей, ерлікпен қаза тапқан жауынгер жерлестерімізді еске алу, олардың есімін ұлықтау – әр ұрпақтың парызы.
Бүгінде өздерінің азаматтық тұлғасын танытып, ерліктің даңқын асқақтатып жүрген ардагер ағаларымыз қашанда құрметке лайық. Даңқты жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының «Айбындылық аспаннан түспейді» деген сөзі әрқашан жадымызда. Сондықтан Ауған соғысы ардагерлерін құрметтеу – біздің азаматтық міндетіміз.
Жаңагүл
ҮРГЕНІШБАЕВА,
мемлекеттік тілдегі кітапхананың кітапханашысы