Рудныйда кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Рудный қаласында қала әкімі Виктор Ионенконың кәсіпкерлермен кездесуі өтті. Жиын барысында билік пен бизнес арасындағы өзара іс-қимыл, әлеуметтік жауапкершілік және көмекке мұқтаж балаларды қолдау мәселелері талқыланды. Кездесуде қала әкімдігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесу барысында қала әкімі бүгінгі таңда билік кәсіпкерлермен экономикалық жағдайды ашық талқылап, бизнесті қолдауға дайын екенін атап өтті.
– Біз бизнес саласында болып жатқан барлық жағдайды ашық айтып отырмыз. Осыны ескере отырып, салықтық жүктемені азайтуға барамыз. Бірақ бізге жауапты қадам да маңызды. Адал әрі заңды жұмыс істеу қажет, – деді Виктор Ионенко.
Жиында кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне, әсіресе аз қамтылған отбасылардың балалары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Рудныйда мұндай балалардың саны 2477-ні құрайды. Биыл «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы аясында 1724 балаға көмек көрсетілген.
– «Мектепке жол» – 1 қыркүйекке арналған бір реттік көмек болып қалмауы керек. Қыс келгенде баланың жылы күртешесі немесе аяқ киімі болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда оның мектепке барғысы келмейді. Балаларды жағдайға бөлуге жол бермеуіміз керек, – деп атап өтті қала әкімі.
Виктор Ионенко өзі жыл сайын балаларға атаулы көмек көрсететінін айтып, кәсіпкерлерді де бұл іске белсенді қатысуға шақырды.
– Әрқайсыңыз кем дегенде бір баланы қамқорлыққа алып, сол отбасының тұрмысын көрсеңіздер, бұл мәселеге көзқарас өзгереді. Мұнда қымбат гаджеттер немесе брендтік киім туралы емес, баланың өзін тең сезінуіне мүмкіндік беретін ең қажетті жағдайлар туралы сөз болып отыр, – деді ол.
Қала басшысы әлеуметтік теңсіздік мектептердегі буллингтің негізгі себептерінің бірі екенін де атап өтті.
– Баланың өміріне зиян келтіру өте оңай. Кейін ол не өз-өзіне тұйықталады, не толыққанды қоғам мүшесі болып қалыптасады. Біздің міндет – мұндай бөлінуге жол бермеу, – деді Виктор Ионенко.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат әлеуметтік жауапты бизнесті дамытуға, қаланың сыртқы келбетін жақсартуға және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы сындарлы диалогты нығайтуға бағытталған.
– Бұл – ешкімді мәжбүрлемейтін, ерікті қадам. Бірақ мемлекет, қоғам және бизнес күш біріктіргенде ғана балаларға ертеңгі күнге деген сенім бере аламыз, – деп түйіндеді қала әкімі.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Айбар БЕРІК