2 маусым күні Рудный қаласының балалар үйінде ерекше қуаныш пен шаттыққа толы күн өтті. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «QC HOLDING» құрылыс компаниясы бұл күні 150 тәрбиеленушіге миллион теңге көлеміндегі музыкалық аппаратура сыйға тартты.
Балалар үйінің ұжымы музыкалық жабдықтардың жетіспеушілігі туралы мәселе көтерген соң, компания бұл жағдайға бейжай қарамай, осындай қуанышты сыйлық жасауға шешім қабылдаған.
⁃Біз балаларды қолдауға әрдайым дайынбыз. Бұл біздің жүрек қалауымыз. Музыкалық жабдық қажет екенін естіген сәтте-ақ ойланбастан осы сыйды жасауға бел будық. Жақын күндері Қостанайдан музыкалық аппаратура жеткізіледі, — деді «QC HOLDING» құрылыс компаниясының өкілі.
Музыкалық жабдықтардың орнатылуы – бұл балаларға арналған қуаныштың тек бастамасы болды. Осы күні балалар үйінің ауласында Қостанай қаласынан арнайы жеткізілген аттракциондар, ойын алаңдары орнатылып, кішкентай жүректерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
⁃Бүгін «QC HOLDING» құрылыс компаниясы балаларға үлкен базарлық жасап отыр. Кішкентай жеткіншектерге айтарым — мерекелерің құтты болсын! Дендерің сау болсын. — деді шарада сөз сөйлеген Рудный қаласы білім беру бөлімінің Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры Қымбат Исламбекқызы.
Балалардың қуанышы жүздерінен байқалды. Мерекелік бағдарламаны кәсіби жүргізушілер жүргізіп, үш сағат бойы балаларды түрлі ойындармен, ән-бимен, сыйлықтармен қуантты.
Іс-шара соңында тәрбиеленушілер мен балалар өз алғыстарын әсем әнмен жеткізді. “Мир вашему дому, и пусть всё будет хорошо!” деп шырқаған бала дауыстары бұл күні әрбір ересектің жүрегіне жылу сыйлады.
Жанарай НУРМАХАНБЕТОВА,
Суреттерді ұсынған «QC HOLDING» құрылыс компаниясы