«Балдәурен – 2025»: Абай мектебінде жазғы демалыс орталығы өз жұмысын бастады

Абай атындағы №18 жалпы білім беретін мектебінде мектепалды жазғы сауықтыру алаңы – «Балдәурен – 2025» өз жұмысын салтанатты түрде бастады. Нағыз керемет жазғы ауа-райында балалардың қуанышы сезіліп тұрды: балалардың шуы, ұстаздардың балаларға деген мейірімі – бәрі бүгінгі күннің ерекше екенін айтып тұрғандай. Мектеп ауласында ҚР Мемлекеттік Әнұранмен ашылған жазғы лагерь бүлдіршіндерге жақсы көңіл-күй сыйлады.

Балалар бұл күнге алдын ала дайындалған. Әрқайсысы әдемі киімдерін киіп, өз жасақтарының атын мақтанышпен айтып жүр. Ашылу салтанаты әдеттегідей ресми, бірақ сонымен қатар өте көңілді өтті. Биылғы формат өзгеше – «Рейс Лето – 2025» атты ұйымдастырылған қойылым. Жазғы маусымды әуе сапары ретінде бейнелеген бұл көріністе жүргізушілер стюардесса кейпінде шықты. Әрбір бала «ұшаққа» мініп жатқандай әсерде қалды.

Іс-шара кезінде әр жасақ өзін таныстырды. Жалаулар, символика, жасақ аты – бәрі бар. Әсіресе балалардың көзіндегі достық пен бірлік бірден байқалды. Әр жасақтан екі тәлімгер ортаға шығып, көпшіліктің алдында салтанатты түрде ант қабылдады. Қабылданған ант балалардың сеніміне ие болу – үлкен жауапкершілік, ал сол сеніммен жұмыс істеу – тәлімгерлердің басты мақсаты екенін білдірді.

Мерекелік жиында «Жемчужина» би ансамблі тамаша өнерімен көпшілікті тәнті етсе, сахна төріндегі әндер, музыкалық номерлер, көңілді би және көрермендердің жылы қошеметі шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әсіресе балалар орындаған «Чебурашка» және «Крокодил» әндері кішкентай оқушыларды ғана емес, жетекшілерді де баурап алды. Бәрінің жүзінде күлкі, көңілдерінде қуаныш. Бұл – жаздың нағыз бастамасы.

«Ұшақ» сәтті қонып, Балдәурен лагерінің алғашқы маусымы ресми түрде ашық деп жарияланды. Ашылу салтанаты флешмоб биімен аяқталды. Оқушылар тәлімгерлердің демеуімен көңілді би билеп, жазғы демалысқа көтеріңкі көңіл-күймен қадам басты.

Балалармен тілдескенде олардың қуанышы көзге көрініп тұрды.

«Лагерьге келген сайын мотивация аламын. Бұл менің төртінші рет қатысуым. Біз «Миньонс» отряды болдық, бізде 29 бала бар – 1-ден 4-сыныпқа дейін. Мен өзім модельмін, актрисамын, биге, әнге қатысамын. Осындай лагерьлер маған шабыт береді. Достар табамын, күнде көңілді уақыт өткіземіз», – деді 4 «Ғ» сынып оқушысы Айару Досназар.

«Маған лагерьде бәрі ұнайды. Ашылу салтанатында би қатты ұнады. Біз “Пиксар” отряды болдық. Сыныптастарыммен бірге келдім, достарым көп», – деп қуанышпен бөлісті Ал 2 «Ә» сыныптың кішкентай қатысушысы Аян Нартаев.

Қазіргі таңда “Балдәурен” лагерінде 120 бала демалуда. 6 жасақ бар, әрқайсысында 20 оқушыдан. Күн тәртібі таңғы 9:00-ден түскі 14:00-ге дейін.

«Балалар жаттығу жасап, әртүрлі үйірмелерге қатысады, сондай-ақ кинотеатр, бассейн мен түрлі іс-шараларға да барамыз. Бұл – балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі қызықты өткізу жолы. Бұл бізде бірінші маусым 2–13 маусым аралығында өтеді, ал жаз бойы 2 апта сайын маусым өзгеріп лагерь әрі қарай жалғасады», — деп атап өтті ұйымдастырушы, аға-тәлімгер Ардана Калыкова.

«Балдәурен – 2025» жазғы лагері – балалар үшін тек демалыс емес, жаңа достық, шабыт және даму мекені. Осындай қуанышты сәттермен басталған лагерь жаздың ең ұмытылмас кезеңіне айналатыны сөзсіз.

 

Айгерим Бахитбек,

Суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *