Жібек жолының қақ ортасында орналасқан, Шығыс пен Батысты байланыстырып тұрған Қазақстан ежелден түрлі мәдениет пен дін өкілдері бейбіт және жарасымды өмір сүретін өңір болып саналады. Ғасырлар бойы Ұлы Даланың кең аумағында зороастризм және буддизм ғибадатханалары, тәңіршілдік нышандары, христиан шіркеулері мен мұсылман мешіттері қатар өмір сүрді.
Тарихи тұрғыдан алғанда, бейбітсүйгіш Қазақстанның кең-байтақ жері алғашында әртүрлі дін өкілдеріне пана болып, кейін олардың туған мекеніне айналды. Алайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген шетелдік сарапшылар жас республиканың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасап, елді «оқ-дәрі қоймасы» деп атады. Олардың пікірінше, көпмәдениетті, көпэтносты және көпконфессиялы орта түрлі қақтығыстарға себеп болуы тиіс еді.
Сол кезеңде елге түрлі діни бағыттардың өкілдері ағылып келіп, кейбіреулері діни ахуалды тұрақсыздандыруға тырысқан кездер болды. Оның үстіне, тәуелсіздіктің басында туындаған экономикалық қиындықтар да жағдайды күрделендірді. Соған қарамастан, қазақстандықтар бірлікті сақтап, конфессияаралық жанжалдарға жол берген жоқ.
Өкінішке қарай, бүгінгі әлем тыныш та қауіпсіз емес. Жердің әр түкпірінде түрлі дағдарыстар мен қақтығыстар жалғасуда. Бұған дейін өркениетті мемлекеттер үшін басты қауіп радикалды идеологияның интернет арқылы кең таралуы, зорлықшыл экстремизм және терроризм болса, қазір геосаяси қайшылықтар, ұлттық мүдделердің адамзаттық құндылықтардан жоғары қойылуы алдыңғы орынға шықты. Қақтығыс аймақтарында ядролық қаруы бар мемлекеттердің болуы және оның қолданылуы туралы қауіп те алаңдаушылық тудырады.
Мұндай күрделі кезеңде барлық тарапты қанағаттандыратын әмбебап шешім табу да, оларды бір келіссөз үстеліне жинау да оңай емес.
Әрине, ең әуелі мәселені бейбіт жолмен шешу үшін дипломатиялық арналарды, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕО сияқты беделді халықаралық ұйымдардың мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Бірақ, жер шары халқының едәуір бөлігі өзін белгілі бір дінге жатқызатынын ескерсек, әлемдік дін көшбасшыларының пікіріне жүгіну де маңызды әрі қажет.
Кейбір сарапшылар діндердің қоғамдық құрылысқа қатысты көзқарастары әртүрлі, тіпті кейде қарама-қайшы екенін айтып, олардың ғаламдық қауіптерге қарсы бірігу ықтималдығы төмен деп санайды. Дегенмен, әлемдік діндердің әрқайсысы адамдарды ізгілікке бастайтын идеяларды ұстанады. Әділеттілік, жанашырлық, мейірімділік – оларды біріктіретін ортақ құндылықтар. Нағыз дін ешқашан өшпенділікті, зорлықты немесе алауыздықты қолдамайды.
Бүгінде 20 жылдан астам уақыт бойы конфессияаралық диалогты ілгерілетіп келе жатқан ең беделді халықаралық алаңдардың бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Съезд аясында әлемдік және дәстүрлі діндердің әмбебап бағдарларын айқындау, түрлі келіспеушіліктерді еңсеру бойынша ұсыныстар әзірлеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде әлеуметтік-гуманитарлық мәселелер жөнінде зор тәжірибе жинақталды.
Өсіп келе жатқан жаһандық шиеленіс жағдайында мұндай алаң өркениеттер қақтығысының алдын алып, әлемдік тұрақтылықты нығайту үшін аса маңызды.
Съезд жұмысы БАҚ-та және әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланады. Сол себепті қазақстандықтар, әсіресе жастар «конфессияаралық келісім» сөзін жиі естиді, алайда оның мәнін әрдайым терең түсіне бермеуі мүмкін.
Ең алдымен, әр адамның ДНҚ-сы, талғамы, ойы, сыртқы келбеті және көзқарасы әртүрлі екенін түсіну қажет. Ал діндер адамның белгілі бір сипатына, этникалық немесе саяси ерекшелігіне емес, өзінің іліміне біріктіреді. Әлем елдері барлық осы факторларды ескере отырып, өздерінің мемлекеттік және қоғамдық даму моделін қалыптастырады. Қазақстан да осындай өзіндік ерекшелігі бар мемлекет.
Біздің елдің басты ерекшелігі – бірнеше әлемдік діннің қатар өмір сүруі және этникалық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, азаматтардың тең құқықтарының заңмен кепілденуі. Сонымен қатар, мемлекеттің діни бірлестіктер қызметінің қоғам үшін маңызын түсінуінің арқасында барлық конфессиялардың діни қажеттіліктерін өтеу үшін қолайлы жағдай жасалған. Мұсылмандар, православтар, иудейлер, протестанттар, буддистер және басқа да дін өкілдері өздерінің ғибадат орындарына еркін барып, діни рәсімдерін ашық түрде өткізе алады.
Қазақстандағы діни бірлестіктер – заманауи қоғамның маңызды институттарының бірі. Олар азаматтардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға, біртұтас ұлт пен мәдениетке тиесілілік сезімін нығайтуға белсенді қатысады.
Біздің басты құндылығымыз – бірге өмір сүре білу, бір-біріміздің ерекшелігін түсіну және алға қарай бірге қадам басу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің баға жетпес байлығымыз». Осылайша, этникалық және конфессиялық әралуандылық біздің артықшылығымызға айналды.
Бүгінгі еліміздегі тұрақтылық – мемлекет пен қоғамның орасан зор еңбегінің нәтижесі. Бұл жұмыстар Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға да ықпал етті.
Бүгінде жинақталған тәжірибені келешек ұрпаққа жеткізу аса маңызды. Болашақта съезд әлеуетін тиімді пайдалану үшін оның форматын кеңейтіп, әлемдік дін өкілдері басқаратын тәуелсіз халықаралық ұйым құру да мүмкін. Мұндай құрылым зерттеу жұмыстарымен қатар, конфессияаралық келісім тәжірибесін таратып, жаһандық дауларды шешуге де атсалыса алады.
Әлемдегі геосаяси шиеленістердің күшеюін ескерсек, съездің халықаралық беделі жыл сайын арта беретіні анық.
Ал бүгін әрбір қазақстандықтың міндеті – еліміздегі нәзік бейбітшілік пен бірлікті сақтау. Ол үшін әр этнос пен дін өкілінің құндылықтарын құрметтеп, бейбіт әрі сындарлы диалогты жалғастыру қажет.
kazislam.kz,
Бауыржан Бакиров,
Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы басқарма төрағасының орынбасары