Бизнесті қорғау – прокуратура органдарының басты міндеті

Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ашықтығын ТОСБТ қалай қамтамасыз етеді

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер мен әкімдерді бизнеске қатысты қатаң ескерткен болатын. Мемлекет басшысы бизнесті артық тексерулерден қорғаудың маңызды тетігі міндетті талаптар тізілімі болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау – Қазақстан прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі.

Бизнеске заңсыз тексерулер жүргізуді болдырмау және қадағалау үшін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті «Тексеру объектілері мен субъектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТОСБТ) атты ақпараттық жүйені енгізді. Ол мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

ТОСБТ – кәсіпкерлерді бақылаушы органдар тарапынан негізсіз қысымнан қорғаудың негізгі құралдарының бірі.

«Жыл басынан бері Қостанай облысында ТОСБТ-та 3811 тексеру тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға аз (2024 жылы – 3946 тексеру). Ал жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулер керісінше 10 пайызға өскен – барлығы 2054 тексеру», – деп мәлімдеді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің аға прокуроры Лаура Аманбаева.

Рудный қаласында бақылаушы органдармен 188 тексеру тіркелген, оның ішінде кәсіпкерлерге қатысты – 94. Кәсіпкерлерге қатысты тексерулердің ең көбі мемлекеттік кірістер органдарының үлесіне тиесілі – 26 пайыз.

Тексерулердің басым бөлігі жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде тағайындалған – 20-дан астам, сондай-ақ салық заңнамасын сақтау бойынша – 50-ден астам. Тексерулерді тіркеуден бас тарту жағдайлары тіркелмеген.

Спикердің айтуынша, Қостанай облысында заңда белгіленген мерзімнен артық уақытқа тексеру тағайындалғаны үшін кәсіпкерлерге қатысты 4 актіні тіркеуден бас тартылған.

«Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімінен» бөлек, 2024 жылғы 8 мамырдағы Президент Жарлығын орындау аясында, биылғы қаңтардан бастап инвесторларға қатысты заңсыз тексерулер мен өзге де шараларды болдырмау мақсатында Бас прокуратура «Прокурорлық сүзгіні» енгізді.

«Қазіргі таңда мемлекеттік орган прокурормен келісімсіз инвесторды тексеруге, оның қызметін тоқтатуға, лицензиясын қайтарып алуға, әкімшілік жаза немесе басқа да шектеулер қолдануға құқылы емес. Сүзгі тек өңірлік және жалпыұлттық инвесторлар пулына енгізілгендерге қатысты қолданылады және мемлекеттік органдардың шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді», – деді Лаура Аманбаева.

«Прокурорлық сүзгіні» іске асыру үшін Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, сондай-ақ Кәсіпкерлік кодекске өзгерістер енгізіліп, биылғы қаңтардан бастап күшіне енді. Атап айтқанда, Кәсіпкерлік және Әкімшілік кодекстердегі түзетулерге сәйкес, инвесторларға қатысты тексеру жүргізу немесе әкімшілік іс қозғау туралы шешімдер тек прокурормен келісілгеннен кейін ғана қабылданады.

«Жыл басынан бері «Прокурорлық сүзгі» аясында прокурордың келісімімен 30-дан астам тексеру тіркелді, инвесторлардың құқықтары бұзылған жоқ. Сонымен қатар, департамент екі инвесторға қатысты прокурормен келіспей тексеру жүргізуге талпыныс жасалғанын анықтады. Бұл тексерулерді тағайындау актілері департамент тарапынан қайта қарауға жіберіліп, аталған фактілер бойынша облыс прокуратурасына ақпараттық хат жолданды. Прокуратураның ұсынуы негізінде тексерулерді тағайындаған облыстық ведомствоның бірінші басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп қорытындылады аға прокурор Лаура Аманбаева.

 

Арай АХМЕТ,

сурет ғаламтор желісінен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *