Қоғам белсенділері ТКШ бөлімінің рұқсат етілмеген полигондарды жою жөніндегі жұмысын тексерді
Кезекті эко-мониторинг қоғамдық кеңес мүшелері мен еріктілердің қатысуымен өтті. Бұл жолы тексеру жұмыстары табиғи полигондарда өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында абаттандыру, елді мекендердің экологиялық жағдайы, тарихи-мәдени және туристік нысандар саласындағы қоғамдық эко-бақылау бойынша республикалық акция өтуде.
Бірінші аймақ — Горький көшесі болды. №64 үй ауданында «Рахат-2018» ЖШС қызметкерлері жақында рұқсат етілмеген қоқысаумағын тазартқан. Бұл бағыттағы жұмыс туралы журналистерге ТКШ қалалық бөлімінің басшысы Юрий Итемгенов айтып берді.
— «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көшелерді абаттандыру, аумақты жинау және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін шығару жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде. Ағымдағы жылы «ГБР Арыстан» ЖШС-мен қоқыс тастайтын жерлерді жою туралы шарт жасалды. 1300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. «Қазақстан Ғарыш Сапары»ҰК» АҚ қоқыс үйінділерінің ғарыштық мониторингі барысында осындай 11 нүкте анықталды. Олардың барлығы толығымен жойылды. Ағымдағы жұмыстар шеңберінде «Рахат-2018» ЖШС-мен полигондарды жою бойынша шарт жасалды. Бұл жұмыс үнемі ластанған жерлер көп болатын тұрғын аудандарда жүргізіледі. Олардың бірі Горький көшесі 64, онда екі апта бұрын тазалау жұмыстары жүргізілді. Екі-үш тоннаға жуық қоқыс, тек ҚТҚ ғана емес, сонымен қатар жұмсақ жиһаз да шығарылды. Қала бойынша мұндай учаскелер шамамен 15. Бір ай бойы сол аумақтарда белсенді жұмыс атқарылды, — деп хабарлады Юрий Итемгенов.
«ГБР Арыстан» ЖШС-мен 40 миллион теңгеге жуық сомаға шарт жасалды, бұл ақшаға жалпы көлемі 1300 тонна қоқыс үйінділерін шығару қажет болды. Шарт орындалды. «Рахат-2018» ЖШС-мен шарт сомасы 30 миллион теңгені, көлемі — 1000 тоннаны құрайды. Мұнда көлем әлі орындалған жоқ.
Оған қоса, биыл алғаш рет бюджеттен контейнерлік тұрақтардан ірі көлемді қоқыстарды шығаруға ақша бөлінді. Оны шарт бойынша және кестеге сәйкес «Закуп Центр» ЖШС жүзеге асырады, қаржыландыру шамамен 14 миллион теңге. Юрий Итемгенов ірі қоқыстарды жыл соңына дейін шығару үшін қосымша конкурс өткізілетінін хабарлады.
– Біз қанша жұмыс істесек те, қанша бюджет ақшасы бөлінсе де, полигондар жоғалып кетпейді, бірақ олар азаяды. Қазіргі уақытта шамамен 15 полигон бар. Біз полигондарды жоямыз және бір аптадан кейін олар сол жерлерде қайтадан пайда болады. Тұрғындарға айтарым, қаладағы тәртіпті қолға алайық. Қала тазалығын ұстау ортақ міндетіміз, — деп атап өтті ТКШ бөлімінің басшысы.
Юрий Итемгенов полициямен бірге заң алаңында абаттандыру ережелерін бұзушылармен жұмыс істеп жатқанын айтады. Бірақ жұмысты тиімді деп санауға болмайды, өйткені әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша бірінші рет ескерту жасалуда.
— Полигон мәселесі әлі де үлкен. Бұл халықтың менталитетіне байланысты. Әлі көп жұмыс істеу керек, — дейді Юрий Итемгенов.
Келесі мекенжай — Парковая көшесі, 78 үйдің артында жылдар бойы жиналған қоқысты «Рахат-2018» ЖШС қызметкерлері жартылай шығарып үлгерген Парковая көшесі, 86 мекенжайындағы бұрынғы балабақшаның аумағы. Аумақ жартылай тастанды және жеке меншікке тиесілі. Мұнда ірі көлемдегі қоқыс шығару қарастырылмаған, тек тұрмыстық қалдықтар кездеседі. Шілде айында бұл жердің бір бөлігі тазартылып, жағдай біршама жақсарды. Дегенмен, мониторинг нәтижесінде жақын арада мұнда қайтадан тазалау жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды.
«Рахат-2018» ЖШС тазалау және абаттандыру цехының шебері Әлия Бабенованың айтуынша, соңғы уақытта Пионерская көшесі, 27 және Мира көшесі, 2 мекенжайларынан қоқыс шығарылған.
– Әр сенбі сайын осындай ластанған жерлерге шығамыз. Тұрғындардың өтініштері немесе қаланы тазалау барысында анықтаған жерлерді қамтимыз. Біз толық команда , 38 қызметкермен шығамыз. Техника да бірге келеді: екі тиегіш, трактор, «Шахман», КамАЗ. Біз қоқысты тоннамен шығарамыз, бұл — тұрғындар контейнерлік алаңға жеткізбеген қоқыстары. Жұмысымызды аяқтаған кезде, кейбір тұрғындар келіп алғыс айтады. Өкінішке қарай, біраз уақыттан кейін біз тазалаған жерлерде қоқыстар қайтадан жиналып қалады. Адамдар матрастар, тоңазытқыштар және басқа да ірі көлемдегі заттарды лақтырады. Мысалы, Гагарин көшесі, 11 үйдің айналасын толығымен қоқыстан тазарттық, бірақ он күннен кейін қайтып келіп, дәл сол көріністі байқадық — дивандар, кір жуғыш машиналар, тоңазытқыштар, және тағам қалдықтары.
Бұл адамдардың атқарып жатқан еңбегі зая кеткені ме?..
Экологиялық мониторингке қатысушы және қоғамдық кеңестің мүшесі Ульяна Бухвалова өз пікірін былайша жеткізді:
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі және мердігер ұйымдар күшімен рұқсат етілмеген қоқыс орындарынан тонна-тонна қоқыс шығарылады. Алайда, қоқыс орындары әлі де жоғалып кетпей отыр. Айтылғандай, тазалық тек тазалап жүрген жерде емес, қоқыс тастамайтын жерде болады. Рудныйлықтарға үндеу жасағым келеді: қаламызды абаттандыруға, аумақты тазалауға белсенді қатысыңыздар, қоқыс пакеттеріңізді контейнерлерге жеткізіңіздер! Сенбіліктер үнемі мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерінің күшімен өткізіледі. Біз үнемі сай-салалар мен қараусыз қалған жерлерді тазалап отырамыз. Бірақ уақыт өте келе, ол жерлерде қайтадан қоқыс жиналып қалады. Қанша сенбілік өткізсек те, бірде-бір тұрғын қатысқан жоқ. Олар тек терезеден қарап, бізге қай жерлерде тазалау жұмыстарын жүргізу керектігін көрсетеді. Әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқып отырмын, көптеген адамдар «біз салық төлейміз, көшелерді қоқыстан тазалау біздің міндетіміз емес» деп жазады. Мұндай «диван сыншылары» осындай ұстанымда. Бірақ салықты бәрі төлейді. Ешкім бей-жай қалмауы керек. Бұл – біздің ортақ үйіміз. Мердігер ұйымдардың, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлердің күшімен толық тазалықты орната алмаймыз. Біз қоқыс орындарын аралап көріп, бұған көз жеткіздік.
Рудныйда алғашқы үш тармақ бойынша іс-шаралар өткізілді, бұл туралы біз «Рудненский рабочий» газетінде хабарладық. Мәре блогы қалды-жер қойнауын пайдалану объектілерінің қоғамдық мониторингі.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген
Алексей ФРОЛОВ