Кітап оқитын ұлт: Рудныйлық озат оқырмандар облыстық додаға жолдама алды
Рудный қаласында қоғамды кітап оқу мәдениетіне баулуға және жас ұрпақтың сын тұрғысынан ойлауын дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» ауқымды зияткерлік жобасының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті.
Енді мектеп қабырғасынан бастап, ұстаздар мен тұтас отбасылар арасынан іріктеліп шыққан ең үздік кітапқұмарлар жобаның келесі сатысы – облыстық деңгейде кеншілер қаласының намысын қорғайтын болады.
Бұл жоба тек Рудныйды ғана емес, тұтас республика бойынша Қостанай, Қарағанды және Шымкент өңірлерін қамтып отырған үлкен бастама. Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Рудный қаласының білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев жобаның ауқымы мен маңызына тоқталды:
«Қыркүйек айынан бастап біз оқу мәдениетін қалыптастыру жолында үлкен жұмыстар атқардық. Мұнда жиналғандар – мектеп турының бірінші кезеңінен сүрінбей өтіп, қалалық деңгейге шыққан ең көп оқитын оқушылар. Бұл жай ғана іс-шара емес, бұл оқуды мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталған біздің ортақ жұмысымыздың нәтижесі. Оқу – дамудың негізі, білім мен шабыт көзі. Бүгінгі қалалық іріктеуде озып шыққандар біздің мектептердің намысын облыстық деңгейде қорғайтын болады».
Жоба аясындағы ең басты әрі тартысты шаралардың бірі – 6-10 сынып оқушыларына арналған «Кітап оқитын мектеп» байқауы. Биылғы іріктеу заманауи жастардың талғамына сай интерактивті квиз форматында ұйымдастырылды. Шарт бойынша, үміткерлер жыл бойына ұсынылған 15 кітапты толық оқып шығуы тиіс. Интеллектуалды сайыс барысында оларға барлығы 42 сұрақ қойылды, ал әрбір сауалға жауап беруге небәрі 30 секунд уақыт берілді. Бұл ереже қатысушылардың терең білімін ғана емес, шапшаңдығы мен ұшқыр ойын да қатаң сынға алды.
Дмитрий Карбышев атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Валерия Малафеева білім додасынан алған әсерімен бөлісе отырып, оқыған шығармаларына тоқталды:
«Біз жыл бойы байқауға ұсынылған 15 кітапты оқып шықтық. Байқау өте қызықты форматта өтті. Алғашқы сұрақтардың бірі Мұхтар Әуезовтің «Асудағы атыс» шығармасындағы дәйексөзді жалғастыру болды. Біздің 10-сынып санатында психологиялық кітаптар өте көп. Әсіресе Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» атты еңбегі ерекше есте қалды. Жалпы, мен 5-6 сыныптан бастап белсенді оқимын, көбіне фэнтези, психология және романдарды таңдаймын. Кітап оқу қиялды, креативтілікті және сөйлеуді дамытады. Сонымен қатар, басқа әлемге еніп, өзіңді басқа кейіпкер ретінде сезінуге, яғни күнделікті күйбең тірліктен жақсы демалуға мүмкіндік береді».
Ал Міржақып Дулатов атындағы мектептің 8 «Б» сынып оқушысы Сағыныш Рүстемова электронды гаджеттер заманында дәстүрлі қағаз кітаптың құндылығы жоғары екенін алға тартады.
«Егер шынымен оқыған болсаң, жауап беру қиын емес, ең бастысы – қобалжымау керек. Кітап оқуды 2025 жылы «QS Holding» ұйымдастырған сайыстардан кейін белсенді бастадым. Содан бері қызығушылығым артып, осындай байқауларға қатысып келемін. Өзіме Міржақып Дулатовтың жазбалары қатты ұнайды. Қалалық кітапханаларға жиі барамын. Жеке өзіме кітапты электронды түрде емес, қағаз нұсқада оқыған ұнайды. Өйткені онлайн оқығанда мағынасын толық түсінбей қалатын сияқтымын, ол шығарманың мағынасын өзгертетіндей көрінеді», – дейді ол.
Рудный қалалық мемлекеттік тілдегі кітапханасының меңгерушісі Гүлбараш Уәлиеваның сөзінше, қаладағы кітап оқу көрсеткіші едәуір артқан. Ол 2025 жылдың 1 қыркүйегінен басталған жоба аясындағы шаралардың қалада алты ай бойы тоқтаусыз жүргенін атап өтті.
«Қалада кезең-кезеңмен үш турдан өттік. Бірінші тур – ұстаздар, екіншісі – отбасылық оқу болды, онда да әр әулет 15 кітап оқып шықты. Өзім қазылар алқасында отырып, қатысушылардың өте жақсы дайындалғанын байқадым. Ал үшінші кезең, міне, мектепаралық сайыс. Мақсатымыз – қоғамды кітап оқу мәдениетіне тарту, жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру. Оқыған кітаптары жастарымызға өмірлік азық, бағдаршам болады деп үміттенемін. Кітапханада меңгеруші болып қызмет еткен 10 жыл ішінде қуанарлығы – жастардың кітапқа деген құлшынысы артып келеді. Біздің кітапханада түрлі шаралар (мысалы, жақында «Оқы және жең») өтеді. Оқушылар мен студенттерге ыңғайлы болу үшін сенбі күндері де жұмыс істейміз. Оқырмандарымыз жоғалған жоқ, қайта көбейіп келеді. Қазір бізде кітап қоры бай, егер сұраған кітап болмаса, филиалдарға шығып алдырамыз. Қазіргі таңда жастар арасында Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Жекпе-жек» кітаптары, сондай-ақ «Аяжан», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Бауыржан Момышұлының шығармалары өте үлкен сұранысқа ие», – деп түсіндірді кітапханашы.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы 2025-2026 оқу жылына арналған ауқымды жоспар бойынша бірнеше санатты қамтиды: «Кітап оқитын мектеп»; «Кітап оқитын педагог»; «Кітап оқитын әулет»; (Кітап оқитын колледж/университет»; «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші».
Әр бағытқа арнайы 15 кітаптан тұратын әдебиеттер тізімі ұсынылып, нақты іс-шаралар кестесі бекітілген. Рудный қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, оқушылар сайысына дейін басқа санаттар бойынша қалалық іріктеулер сәтті аяқталып, өз жеңімпаздарын анықтап үлгерді.
17-18 наурыз күндері қаланың барлық мектептерінде «Кітап оқитын педагог» және «Кітап оқитын әулет» байқауларының мектепшілік кезеңі өтті. Ал 27 наурызда «Кітап оқитын педагог» байқауының қалалық кезеңі қорытындыланды. Қазақ лигасы бойынша бұл сында Бейімбет Майлин атындағы №7 гимназия, Міржақып Дулатов атындағы мектеп, Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп және Технология және сервис колледжі өзара бақ сынап, нәтижесінде Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының өкілі үздік танылды. Отбасылық сайыста қала бойынша 3 отбасы (№7, №14, №15 мектептерден) жарысқа түсіп, №7 мектеп-гимназия атынан шыққан Мұхановтар отбасы жеңімпаз атанды.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,
суретті түсірген Даниил САЕНКО