Бір ғұмыр – бір дәуір

Перцев ауылының қадірлі тұрғыны, көпбалалы ана, еңбек ардагері Гүлзифа Нәғимова 100 жаста

Перцевка ауылында ғасырлық ғұмырдың айрықша белесі аталып өтті. Ауылдың қадірлі тұрғыны, көпбалалы ана, еңбек ардагері Гүлзифа Нәғимова 19 желтоқсан күні 100 жасқа толды. 1925 жылы дүниеге келген оның өмір жолы ХХ ғасырдың ең ауыр да тағдырлы кезеңдерімен тұспа-тұс келіп, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ол – төзімнің, еңбексүйгіштіктің және отбасына адалдықтың жарқын үлгісі.

Гүлзифа Фахриянқызы бес бала тәрбиелеп өсірді. Өмір бойы сауыншы болып адал еңбек етті. Соғыс жылдарында ауыр сынақтарды бастан өткеріп, Ленинград қоршауын көрді, тыл еңбек армиясына мобилизацияланды. Кейін отбасымен бірге ұзақ жылдар Башқұртстанда тұрып, ел еңсесін көтеруге өз үлесін қосты. 1960 жылы отбасы Қазақстанға қоныс аударып, алдымен Жамбыл ауылында тұрды. Ал 1966 жылдан бері Перцевка ауылында өмір сүріп келеді. Бүгінде бұл елді мекен оның туған жеріндей болып кеткеніне де 60 жылға жуықтады.

Ғасырлық мерейтойға туған-туыстары мен жақындары ғана емес, құрметті қонақтар да жиналды. Салтанатты кездесу қасиетті жұма күніне сай келді. Перцевка және Горняцкий кенттерінің әкімі Зейнелғабиден Әбілов мерейтой иесінің шаңырағына арнайы барып, ізгі тілегін жеткізді. Ол Гүлзифа Нәғимованың отбасының бірлігі мен қамқорлығына ерекше тоқталды.

– Сізге мықты денсаулық тілеймін. Балаларыңыз, немерелеріңіз, шөберелеріңіз әрдайым жаныңыздан табылып, дастархандарыңыз мол, шаңырақтарыңызда береке мен жылулық орнасын. Балаларыңызға да зор алғысымды білдіремін, – деді әкім.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов те мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді. Ол Гүлзифа Нәғимованың Рудный қаласында жүз жастан асқан бесінші тұрғын екенін атап өтті.

– Ұзақ жасаушылардың басым бөлігі – әйелдер. Әйелдер төзімді әрі мықты келеді. Қаламызда осындай ғұмырлы ардагерлердің болуы – елдің дамып, өмір сүру жағдайларының жақсарғанының белгісі, – деді ол.

«Нұр» мешітінің имамы Серік Рахым да ақ тілегін арнап, шаңыраққа тыныштық пен амандық тіледі.

Мерейтой иесінің кенже ұлы Рамазан Нәғимов анасының өмір жолына тоқталып, оның еңбекқорлығы мен қарапайым өмір салты ұзақ ғұмырдың басты сыры екенін айтты. Гүлзифа Нәғимова көп уақытын үйде өткізіп, қолөнермен айналысқан, табиғи шөптерден дайындалған тұнбаларды ішкен. Соғыс жылдарындағы аштықты көргені оны үнемділікке үйреткен. Балаларының айтуынша, жастайында талапшыл болған ана жылдар өте мейірімді, жұмсақ мінезді жанға айналған.

Бүгінде Гүлзифа Нәғимова – үлкен әрі тату әулеттің ақылман анасы. Оның бес баласы, 16 немересі және 32 шөбересі бар. Балалары бір ауылда, бір көшеде тұрып, бір-біріне әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Маңызды күндері бәрі бір дастархан басына жиналу – отбасының берік дәстүріне айналған. Мерейтойға Қостанай, Лисаковск қалаларынан және Б.Майлин ауданынан туыстары мен жақындары арнайы келді.

Жасы ұлғайса да, мерейтой иесі иманды, білімге құштар жан. Балалары анасының Құранды араб тілінде бірнеше рет толық оқып шыққанын мақтанышпен айтады.

Гүлзифа Нәғимованың ғасырлық мерейтойы Перцевка ауылы үшін де, оның үлкен әулеті үшін де ерекше, тағылымға толы күн болды. Бұл мереке бір адамның ұзақ ғұмырын ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын, отбасы бірлігін, сыйластық пен адамдық жылулықтың маңызын айқын көрсетті. Ғасырлық белес – сирек бұйыратын бақыт, ал бұл күн сол бақыттың шынайы қадірін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Гүлім МҰРАТ,

 суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *