«Дем алу қиын болса да, темекені тастай алмаймын»

Сәнге айналған қауіпті әдет жайлы рудныйлықтардың пікірлері

Электронды темекілерге тыйым салу жайлы заң баптарының ар жағында мыңдаған тағдыр мен өкінішке толы өмір жатыр. Бұл – он екі жасында қызығушылықпен бастап, кейін тәуелділікке айналдырған балалардың ащы шындығы. Ентікпе мен кеудедегі ауырсынуға да үйреніп кеткен жасөспірімдер үшін «қауіпсіз бу» жай ғана алдамшы ұғым болып, денсаулықтарына зиян тигізген ащы сабаққа айналды.

Рудный қаласының тұрғындарымен тілдестік: бірі – вейптен бас тарта алмай жүрсе, бірі – күресіп жеңген, енді бірі – бұл әдетке жоламаған жандар. Олардың шынайы әңгімелері мен дәрігерлердің пайымдары қоғамда тамыр жайған темекінің қауіпті құбылыс екенін айғақтайды.

Бұл бір ғана зиянды әдеттің емес, тұтас ұрпақ денсаулығының тағдыры туралы ескерту.

ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАНДАР: ВЕЙПКЕ ӘУЕС ЖАНДАРДЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ

№1 Әңгіме

Алғашқы кейіпкеріміз – 52 жастағы фотограф Константин. Ол 18 жасынан бастап дәстүрлі түрдегі темекені шегіп бастаған.

– Бірінші курста бастадым. Шегуді нақты бір себеппен бастадым деп айта алмаймын. Жас кезімде түрлі зиянды әдеттерге әуестеніп жүріп, темекіге де үйір болып кеттім. Түсірілім арасында шылым шегіп жүрдім. Қазір айкосқа өттім.

– Айкос пен вейптің айырмашылығы бар ма?

– Айкос ол да темекі, бірақ ол жанып кетпейді, тек қызады. Ішінде темір өзек бар арнайы капсула болады. Қазір индукциялық айкостар шыққан, олар түтінсіз, отсыз қыздырады. Яғни, сол темекіні шегесің, бірақ күйіксіз, қара күйесіз. Бір жағынан бәрібір екеуінде де никотин бар. Айырмашылығы – айкоста күйік пен лас түтін аз.

– Неліктен айкосқа өттіңіз?

– Өйткені бронхитпен ауыра бастадым. Кеудем қатты шаншып, басым ауырды. Сол кезде “болды, тоқтату керек” дедім. Бес жылдай тастай алмай жүрдім, бірде тастаймын, бірде қайта шегіп кетемін.

– Ақыры қалай тастадыңыз?

– Қызым дүниеге келген кезде. “Болды, үйде түтіннің иісі шықпасын” деп өзіме сөз бердім. Бес жыл шекпедім. Бірақ кейін қайта басталып кетті. Сосын “айкосты байқап көрем” деп алдым. Бәрі “өте зиян” дейді, бірақ қызығушылық жеңді. Солай қайта әдетке айналды. Кейін электронды түріне көштім. Вейпте никотин сұйық түрде болады, оны өзің реттей аласың. Негізгі үш компоненті бар: глицерин, пропиленгликоль және никотин. Кейде иіс беретін хош иістер қосады.

Түтін шығады, шегіп тұрғандай боласың, бірақ никотин басқа, жасанды. Қарапайым темекі шеккенде никотин бірден миға барады да, әсерін сезесің.Ал вейпте бәрі баяу, никотин біртіндеп сіңеді. Сол себепті байқамай артық бу шығарып қоясың. Бір жігіт айтып еді, солай уландым деп – денесін діріл басып, жүрегі айныпты. Бұл – сұйық никотинмен улану.

– Ал сонда қалай тастауға болады? Сіз бес жыл шекпей жүрдіңіз ғой.

– Әдістер көп, бірақ ешқайсысы көмектеспейді, егер адамда ерік-жігер мен шын ниет болмаса. Ең бастысы – шын қалау! Жастар! Шекпеңдер, тіпті бастамаңдар да! Бұл нәрсе ақылды тұмшалайды, есіңді алады, денсаулыққа да зиян!

№2 Әңгіме

23 жастағы Александр алты жыл бойы электронды темекі түрлерін қолданып келеді. Оның тәжірибесі – қазіргі көп жастарға тән жағдай. Барлығы 17 жасында, «әдемі көрінумен» басталған.

Маған вейп иісі ұнайды, кәдімгі темекідей өткір иіс қалдырмайды. Киім мен қолыңа сіңіп қалмайды. Бұрын тыйым салынбай тұрған кезде дәмдері де, иістері де жақсы болатын, – дейді ол.

Бірақ жылдар өте келе ағзасы бұл әдеттің әсерін сезіне бастаған.

Денсаулыққа келсек, айырмашылық бар. Темекі ме, айкос па, вейп пе бәрібір зиян. Дене төзімділігі төмендейді. Бұрын жүгіріп жүрген бесінші қабатқа көтерілудің өзі қиын, – дейді Александр.

Соған қарамастан, ол әлі де әдеттен арылуды жоспарламайды. Дегенмен, өзгелерге айтары бар:

Спортпен айналысатындар, жалпы өзін сергек сезінгісі келетіндер – мүлде бастамасын немесе мүмкіндігінше ертерек тастағаны дұрыс. 21-ден кейін әркім денсаулығына өзі жауапты. Өз тәжірибемнен айтарым – ағзаға зияны зор, – дейді ол.

№3 Әңгіме

19 жастағы қыз бұл мақалада есімін жарияламауды өтінді. Ол вейпті бес жылдан бері пайдаланып келеді. Никотинге тәуелділік жолы 14 жасында кәдімгі темекіден басталған. Кейін электронды түрлері сәнге айналғанда, солай тез ауысып кеткен. Көп жағдайда екеуін қатар қолданған. Кәмелетке толмаған шағында өнім табу қиын болмаған. Ал тыйым енгізілген соң, жолы қиындаса да, тоқтамаған.

Кейде «дәмді бірдеңе тартқым» келетін сәттер болатын. Сол кезде айналма жол іздейтінбіз. Телеграмда арнайы арналар болды, сол жерден дүкендердегі тауарды сататын. Бағасы аспандап тұрды, бірақ бәрібір алдық. Таксимен әкеліп, Wildberries-тің сәлемдемесі сияқты орап беретін. Заңсыз екенін түсіндік, бірақ тартқың келгенде бәрін ұмытып кетесің, – дейді ол.

Бес жылдық әдет денсаулығына қатты әсер еткен.

Достарым «сен қатты демалатын болыпсың» деп айта бастады. Дем алу қиындап, ентікпе күшейді. Екінші қабатқа көтерілсем де, ауа жетпей қалады. Бұрын кәдімгі темекі тартқанда ондай болмаған. Ал POD-система немесе бір реттік вейптен кейін кеудем қысылады, өкпем бітеліп қалғандай болады, ауырсынасың. Бірақ соған қарамастан, тарту деген ниет бәрібір кетпейді, – дейді бойжеткен.

№4 Әңгіме

17 жастағы жігіт те есімін атамауды жөн көрді. Ол бес жылдан бері вейп тартады. Яғни, бүкіл «тәжірибесі» — кәмелетке толмаған кезінен басталған. Тыйым салынбай тұрғанда вейпті үлкен таныстары арқылы алатын. Заң шыққаннан кейін қиындап кеткенімен, өз сөзінше, «айласы бар адамдар табылады». Қазір өнімді таныстары мен әлеуметтік желілер арқылы табады. Бес жыл үздіксіз тартқаннан кейінгі жағдайы туралы сұрағанда, ол жай ғана жымиып:

Иә, бәрі керемет! – дейді.

Өзін спортпен де айналысып, вейптен де бас тартпай жүрген «екеуін ұштастыра білетін» адам санайды. Заңдағы тыйым да, зияны да оны тоқтата алмай тұрғаны анық.

№5 Әңгіме

Сергей 21 жаста, бұрынғы вейп қолданушы. Ол 12 жасынан бастап 20 жасқа дейін сегіз жыл бойы темекі тартып келген. Әдеттегі қарапайым құрылғылардан бастап, никотині көп қуатты POD-жүйелерге дейін бәрін өткерген. Кейбірінде никотин мөлшері 100 миллиграмға дейін жететін.

Бір жыл бұрын бәрін тастаған. Себебі денсаулығы сыр бере бастаған.

Тастадым, өйткені қатты ентікпе пайда болды. Күні-түні жөтел ұстайтын болды, дем жетпейтін. Бірақ мені түбегейлі ойландырған нәрсе – бір таныс қыздың жағдайы. Ол да вейп тартатын, кейін өкпесінен сол сұйықтықтың, шайырдың түйірлері табылыпты. Сол сәттен бастап вейпке мүлде жоламадым, – дейді Сергей.

ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРГЕНДЕР

Вадим 20 жаста, ол кез келген никотин өнімдеріне түбегейлі қарсы.

Мен бұл нәрсеге теріс қараймын. Өзім тартпаймын және ешкімге де кеңес бермеймін. Вейп деген не өзі? Қоспа химия ғой – хош иістендіргіш, глицерин және никотин. Мұның бәрін ішке жұту – өте оғаш нәрсе, – дейді Вадим.

Ол мектеп кезін еске алады: сыныптастарының көбі – «дерлік 99 пайызы» – темекі тартқан екен. Өзінің бұл әдетке жоламауына өмірлік ұстанымдары мен жақсы үлгі көрсеткен адамдар әсер еткен.

Адам өзіне дұрыс үлгі болатын тұлғаларды таңдауы керек. Қағидалармен өмір сүретін, өз жолынан айнымайтын адамдарға ұқсау қажет деп ойлаймын, – дейді ол.

Ал 23 жастағы Андрей – өрт сөндіруші-құтқарушы. Оның да электронды темекіге көзқарасы біржақты.

Электронды да, кәдімгі темекіні де жаратпаймын. Себебі ол денсаулыққа өте зиян. Сондықтан мүлде тартпау керек деп есептеймін, – дейді ол.

Андрейдің пікірі құр сөз емес – нақты өмірде көрген жайттарға сүйенеді.

Темекі тартқаннан кейін ауруханаға түсетіндер бар. Кейбіреулер тіпті қайтыс болып жатады дегенді естідім. Сол себепті ешкімге ұсынбаймын, спортпен айналысқан әлдеқайда жақсы, – дейді ол.

ҒЫЛЫМНЫҢ СӨЗІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРСЕК…

Никотин – жылдам тәуелділік тудыратын есірткі зат. Әсіресе жасөспірімдер үшін аса қауіпті: ол ми дамуын тежейді, есте сақтау мен зейінді әлсіретеді.

Бу түзуге арналған негіз. Вейп сұйықтығының негізгі құрамына пропиленгликоль мен глицерин кіреді. Бұл заттар қыздырылған кезде улы қосылыстарға, соның ішінде формальдегидке айналады. Ал формальдегид – мәйіттерді бальзамдауға қолданылатын, қатерлі ісік тудыратын у.

Хош иістендіргіштер. Құлпынай не сағыз дәмі бар вейптер – табиғи өнім емес, кәдімгі синтетикалық химия. Адам ағзасы үшін қауіпсіз саналатын тағамдық иістендіргіштерді өкпе арқылы қабылдау – мүлде басқа нәрсе. Кейбір химиялық қосындылар «попкорн өкпесі» деп аталатын қауіпті ауруға әкеледі. Бұл дерт кезінде өкпе тіні зақымданып, адам өмір бойы қалыпты тыныс ала алмай қалады.

Ауыр металдар. Электронды темекінің ішіндегі қыздыру спиралі де қауіпсіз емес. Ол қызған кезде ауаға микробөлшек түрінде қорғасын мен никель таратады. Ал оны тартқан адам сол уытты бөлшектерді өкпесіне тікелей жұтады.

Ғылымның дерегі айқын: вейп сәнге айналған қауіпті әдет. Оның буы еркіндік емес, тынысты тұншықтырару.

ВЕЙП – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ЖАУЫ

Алдымен соққыны өкпе алады. Күн сайын түрлі химиялық буларды жұтудың кесірінен тыныс жолдары тітіркеніп, жөтел үдейді, ағзаның қорғаныс күші әлсірейді. Сөйтіп адам жиі ауырып, жазылуы да қиынға соғады. Тіпті медицинада «вейптен болатын өкпе ауруы» (EVALI) деген жаңа дерт түрі пайда болған: мұндайда өкпе кенеттен істен шығып, адам ауа жетпей тұншығып қалуы мүмкін.

Зиян тек өкпеге ғана емес. Әр бу тартқан сайын жүрек жиі соғып, тамырлар тарылып, қан айналымы бұзылады. Уақыт өте келе жүрек қажып, тамырлар әлсірейді — мұның соңы инфаркт не инсультке соқтыруы ғажап емес, тіпті жастың өзінде.

Ғалымдар мен вейпті тастағандардың тәжірибесі бір нәрсені айтады: вейп — сән емес, қауіп. Әдемі иіс пен түрлі түсті қораптың ар жағында никотинге тәуелділік, улы заттар мен ауыр металл бөлшектері жатыр. Сондықтан ең дұрыс шешім – бұл әдеттен біржола бас тарту.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Алексей ЭНДРЕС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *