Рудный қаласы дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Бұл кезеңге ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың құрылысы бастау болмақ. Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі биыл осы ауқымды жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Бұл туралы кәсіпорынның бас директоры Сергей Кузьменко Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен кеңейтілген жиында мәлімдеді.
– Бұл – өнімді терең өңдеудің келесі сатысы, оның қосылған құны әлдеқайда жоғары. Егер біз қазіргі уақытта құрамында 66% темірі бар шикізат өндірсек, брикеттердегі темір мөлшері 91%-ға дейін жетеді, ал металлизация деңгейі 93%-дан кем болмайды. Яғни, бұл өнім домналық балқыту процесінсіз тікелей электрдоғалы пештерге беріледі. Бұрынғы посткеңестік кеңістікте мұндай өндірістік модульдер тек Ресейде ғана бар, – деді Сергей Кузьменко.
Бүгінде инженерлік жұмыстар аяқталып, электрмонтаж жұмыстарын жүргізетін мердігерлермен келіссөздер жүргізілуде. Сыртқы инфрақұрылымды жобалау бойынша да жұмыстар атқарылуда: сумен жабдықтау, электрмен қамту және газдандыру. Егер барлық мәселе оң шешілсе, біз екінші тоқсанның соңына қарай құрылыс алаңына шығып, дайындық жұмыстарын бастаймыз.
Кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Бұл бағытта оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Өткен жылы Рудный индустриалды университетінде және қаладағы бір колледжде «ERG» құзырет орталықтары ашылды. Бұл орталықтар заманауи VR технологияларын пайдалана отырып, қашықтан оқытуға мүмкіндік береді.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жобаның екі кезеңде жүзеге асырылатынын айтты.
– Бұл жобадағы ең күрделі мәселелердің бірі – технология таңдау процесі. Бір жыл бойы арнайы мамандар зерттеу жүргізіп, нәтижесінде «Митрикс» технологиясы таңдалды. Бұл әдіс дәстүрлі домналық өндіріс технологиясымен салыстырғанда көмірқышқыл газының шығарылуын 40%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Қала тұрғындары жаңа өндіріс экологияға қалай әсер етеді деген сұрақ қойып жатады. Сондықтан айта кетейін, бұл технологияның арқасында шығарындылар барынша азайтылады.
Бұл кәсіпорынның тағы бір маңызды нәтижесі – 1000-нан астам жаңа жұмыс орнының ашылуы. Жобаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін бюджетке 32 млрд теңге қосымша салықтық түсім түседі. Ал екі кезеңді есептегенде бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Бұл жоба толық өндірістік-металлургиялық кластердің негізін қалап, болашақта кешенді металлургиялық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
«ССКӨБ» АҚ өндірісін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сергей Кузьменконың айтуынша, кәсіпорын үшін бірнеше басым бағыт анықталған. 2025 жылы кәсіпорын 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қаражат Қашар кенішін дамытуға және фабрикалық кешенді жаңғыртуға жұмсалады.
– Қашар кен орны – біздің негізгі шикізат базамыз. Мұнда жаңа тау-кен жұмыстарын жүргізу жоспары әзірленуде. Біз жоғары жүк көтергіштігі бар техника сатып алудамыз. Мысалы, «Hitachi» компаниясының 220 тонналық жүк көтеретін самосвалдары сатып алынды, олардың 42 бірлігі қазірдің өзінде қолданыста. Сонымен қатар, біз көлемі үлкен экскаваторлар алып жатырмыз. Барлық осы шаралар кеніштің жылдық өндіру көлемін 26 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Сергей Кузьменко.
Екінші бағыт – фабрикалық кешеннің жаңғыртылуы. Жаңа фабрика салу немесе қолданыстағы технологияны жетілдіру мәселесі талқыланды. Нәтижесінде, қазіргі фабриканы жаңғырту туралы шешім қабылданды. Бұл өндіріс үдерісін жетілдіріп, болашақта ыстық брикеттелген темір өндіру үшін шикізатты дайындауға мүмкіндік береді.
Обжиг процесін жаңғырту да күн тәртібінде тұр. Кәсіпорында Кеңес Одағында алғаш салынған обжиг машинасы әлі жұмыс істейді, бірақ оның технологиясы ескірген. Қазіргі уақытта бұл машиналарды жаңғырту немесе жаңаларын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Мамыр айында қандай жол таңдалатыны анықталады.
2024 жыл бірлестік үшін оңай болған жоқ. Әлемдегі геосаяси тәуекелдер кәсіпорын жұмысына әсер етті. Соған қарамастан, компания 26 млн тонна шикізат өндіріп, 10 млн тонна дайын өнім сатты.
Қала дамуына тек «ССКӨБ» АҚ ғана емес, басқа да кәсіпорындар үлес қосуда. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Рудныйда тағы бір маңызды жобаның жүзеге асырылатынын хабарлады.
– Жоба «ҚазТрансГаз» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл – сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт құрылысы. Жобаның құны шамамен 14 млрд теңге. Жылдық өндіріс көлемі – 50 мың тонна. Бұл өте маңызды әрі перспективалық жоба, – деді облыс әкімі.
Соңғы жыл ішінде Рудныйда 2600 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 2000-ы тұрақты жұмыс орындары. Жалдамалы жұмысшылар саны 2,5%-ға өсіп, 50 мың адамға жетті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 48 600 адам болған. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 9%-ға қысқарды.
Қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін электронды еңбек биржасы белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда Рудныйда 308 бос жұмыс орнына 499 жұмысшы қажет. Өткен жылы 6,5 мың адам жұмыспен қамту орталығына жүгінсе, олардың 50%-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл жұмыспен қамту жүйесінің тиімділігін көрсетеді.
Жалпы, қаладағы жаңа жобалар, өндірістік жаңғырту және инфрақұрылымдық даму Рудныйдың болашағына үлкен мүмкіндіктер ашары анық.
Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,
суретті түсірген Айбар БЕРІК