Жетім көрсең – жебей жүр

Ата-анасынан айырылған балаларды қонақ отбасыға беру ережелеріндегі өзгерістер туралы

Қонақ отбасы – ата-анасынан айырылған балалардыуақытша орналастырудың бір түрі. Ол баланың қамқорлықты сезінуіне, отбасылық қарым-қатынастың үлгісін көруіне мүмкіндік береді. Биылғы жылдың 15 қыркүйегінен бастап Қазақстанда балаларды қонақ отбасына беру жөніндегі жаңа ережелер күшіне енді.

Осы мәселенің егжей-тегжейін білу үшін қалалық білім бөлімінің бас маманы Қайсар Оңғармен тілдестік.

Қонақ отбасы дегеніміз не?

– Қонақ отбасы – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды уақытша орналастырудың бір түрі. Балалар үйінде немесе паналау орталығында тұратын бала белгілі бір мерзімге (мысалы, демалыс күндері, мерекелерде немесе каникулда) азаматтардың отбасына тәрбиеленуге беріледі. Мұндағы басты мақсат – балаға отбасылық ортада өмір сүруге мүмкіндік беру, дені сау отбасылық қатынастың үлгісін көрсету, қамқорлық пен көңіл бөлу, мекеме қабырғасында жетпей жүрген қолдауды сезіндіру. Бұл асырап алу немесе классикалық қамқоршылық емес, дәл осы келісімшарт негізінде уақытша отбасында болу формасы.

ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР ЖӘНЕ РӘСІМДЕУ ТӘРТІБІ

– 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап қонақ отбасына бала берудің жаңа ережелері күшіне енді. Нақты не өзгерді?

– Ең басты өзгеріс өтініш беру тәртібіне қатысты болды. Бұған дейін азаматтар тікелей қорғаншылық және қамқоршылық органдарына жүгінсе, енді мемлекеттік қызмет түрінде өтінішті тек Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы беру қарастырылған. Бұл өзгеріс, ең алдымен, жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға, рәсімді баршаға бірдей ашық әрі стандартты етуге бағытталған. Құжаттарды тексеру, тұрмыстық жағдайды анықтау және шешім қабылдау әлі де қорғаншылық органдарының құзыретінде қалады. Бірақ алғашқы қадам – өтініш қабылдау, енді орталықтандырылған түрде ХҚКО арқылы іске асады.

Қонақ отбасы болғысы келген азамат қандай жолдан өтеді?

– Процедура барынша жеңілдетілген, бастысы – көпшілік үшін қолжетімді болу. Алдымен ХҚКО-ға барып өтініш береді де, қажетті құжаттарды тапсырады. Құжаттар қатарына мыналар кіреді: жеке куәлік, соңғы бір жылдағы табыс туралы мәлімет, денсаулық жағдайын растайтын медициналық анықтамалар (өтініш берушінің де, отбасы мүшелерінің де), тұрғын үйге иелік ету немесе пайдалану құқығын растайтын құжаттар, егер некеде болса, жұбайының жазбаша келісімі және «Қабылдаушы ата-аналар мектебінен» өткенін растайтын сертификат.

Құжат тапсырылған соң, қорғаншылық органдарының мамандары 10 жұмыс күні ішінде отбасының тұрмыстық жағдайын тексереді. Баланың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасалғанына көз жеткізеді. Тексеру нәтижесі бойынша бала қонақ отбасына берілуі жөнінде келісімшарт жасалады немесе бас тарту туралы шешім шығарылады.

– «Қабылдаушы ата-аналар мектебі» дегеніміз не?

– Бұл – бала қабылдағысы келетін барлық азамат үшін міндетті кезең. Курсты өткен соң арнайы сертификат беріледі. Курстың мақсаты – болашақ ата-аналарды мүмкін болатын қиындықтарға дайындау, баламен жұмыс істеуде психологиялық және педагогикалық білім беру. Өйткені балалардың көбі психологиялық жарақат алған. Біздің қалада мұндай дайындықтан балаларға қолдау көрсету орталығында (бұрынғы балалар үйі) немесе ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету орталығында (бұрынғы арнайы мектеп-интернат) өтуге болады.

КАНДИДАТ БЕЙНЕСІ ЖӘНЕ БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ

– Баланы қонақ отбасыға беру кезінде оның пікірі ескеріле ме?

– Әрине, бұл – ең маңызды қағидалардың бірі. Егер бала 10 жасқа толған болса, қонақ отбасыға баруға оның келісімі міндетті түрде қажет. Заң оған өз пікірін білдіру құқығын береді, ал біз оны елемей қоя алмаймыз. Тәжірибеде балалардың көбісі отбасына барғысы келеді, үй жағдайында өмір сүргісі келеді. Әсіресе туыстарының үйіне бару туралы сөз болса, қуана келіседі.

– Кімдер қонақ отбасы бола алмайды?

– Заңнама белгілі шектеулер қояды. Баланы қонақ отбасына ала алмайтындар: психикалық дертке шалдыққан немесе психиатр, нарколог есебінде тұрғандар, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылғандар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар (балаға толыққанды күтім жасауға кедергі келтіретін жағдайлар). Үміткердің денсаулығында балаға зиян келтіретін қарсы көрсетілім болмауы тиіс. Бұл – баланың қауіпсіздігі үшін қажет.

– Бала қонақ отбасында қанша уақыт бола алады?

– Келісімшарт бір жылға дейінгі мерзімге жасалады, әрі қарай ұзартуға болады. Құжатта баланың қай күндері отбасында болатыны нақты көрсетіледі. Көбіне бұл – демалыс күндері, мереке немесе демалыс уақыты. Бірақ бұл қатаң шектеу емес. Күндер отбасының мүмкіндігі мен баланың мүддесіне қарай келісіммен анықталады. Дегенмен, баланың негізгі уақыты, әсіресе оқу жылы ішінде, ол тіркелген мекемеде өтеді.

– Рудный қаласында қонақ отбасы институтына сұраныс қандай?

– 2024 жылы қонақ отбасына 10 бала берілді, ал 2025 жылы 11 үміткер құжат тапсырды. Сандар аса көп көрінбеуі мүмкін. Қамқоршылықпен салыстырсақ (биыл 139 бала қамқоршылыққа берілді), қонақ отбасы тәжірибесі сирек қолданылады. Бірақ оның маңызын елемеуге болмайды. Көптеген бала үшін бұл – үй жылуын сезінудің жалғыз мүмкіндігі. Ал болашақ асырап алушылар үшін – алғашқы әрі өте маңызды қадам.

Қонақ отбасы институты – ата-анасынан айырылған балаларға отбасы ортасын сезінуге, қоғамға бейімделуге жол ашатын маңызды әлеуметтік тетік. Үйдің жылуына бөленген бірнеше күннің өзі баланың тағдырына оң ықпал ете алады.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *