Рудныйда мұғалімдерге арналған эмоционалды интеллект бойынша профилактикалық тренингтер өтті
21-22 мамырда қаланың №1 және №11 мектептерінде педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған маңызды іс – шаралар өтті. «Smart Ustaz» бастамасы аясында білім беру саласындағы мұғалімдер мен мамандарға арналған заманауи білім беру платформасы «эмоционалды интеллект құралдарымен кәсіптік оқыту» тақырыбында эмоционалды интеллектті дамыту бойынша профилактикалық тренингтер ұйымдастырылды.
Бұл тренингтердің басты мақсаты – мұғалімдерге өздерін және айналасындағы адамдарды тереңірек түсінуге көмектесетін құралдар беру. Қатысушылар эмоциялар, мотивациялар мен тілектерді тануды үйренді – өзінікін де, өзара әрекеттесетін адамдардікін де: оқушылардың, әріптестердің және ата-аналардың. Негізгі назар осы дағдыларды күнделікті педагогикалық қызметте тиімді пайдалана білуге аударылды. Тренинг бағдарламасы педагогика мен психологиядағы заманауи тәсілдерге негізделіп, мектеп өмірінде оңалту және салауатты атмосфера қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Екі күн ішінде өткен тренингтерге 60-тан астам педагог пен білім беру саласының өкілдері қатысты. Сабақтар қарқынды сессиялар форматында ұйымдастырылып, маңызды тақырыптарды барынша тиімді қамтуға мүмкіндік берді. Талқыланған мәселелердің қатарында мыналар болды:
Стресстік жағдайларда эмоцияларды басқару: күрделі жағдайларда сабыр сақтап, салмақты шешім қабылдау дағдыларын меңгеру.
Әріптестермен, ата-аналармен және оқушылармен саналы қарым-қатынас орнату: қатысушылар өзара түсіністік пен эмпатияға негізделген тиімді әрекеттесу жолдарын талдады.
Өзін-өзі басқару және эмоционалдық күйзелістің алдын алу: энергия мен мотивацияны сақтап қалу, кәсіби күйзелістің алдын алу стратегиялары талқыланды.
Педагогтің ішкі ресурсын қалпына келтіру: қатысушылар эмоционалдық әл-ауқатты қолдау мен жұмысқа қабілеттілікті арттыруға арналған практикалық құралдар алды.
– Тренинг тақырыбы өте өзекті, әсіресе педагогтар үшін. Өйткені дәл осы мамандық көбінесе жоғары эмоционалдық жүкпен және күйзелу қаупімен байланысты. Бүгін алып жатқан біліміміз бұл қиындықтармен тиімді күресуге көмектеседі деп ойлаймын, өйткені мұндай мәселені жалғыз шешу мүмкін бола бермейді. Маған тренингтің интерактивті форматы өте ұнады. Әр педагог өзін тереңірек танып, ішкі күйін талдауға, мәселенің себептерін анықтап, оны шешудің жолдарын белгілеуге мүмкіндік беретін ерекше атмосфера қалыптасты. Біз теориялық қолдаумен қатар, күнделікті жұмысымызда эмоционалдық күйзелістің алдын алуға көмектесетін нақты практикалық кеңестер алуды күтіп отырмыз. Онлайн форматтардың қолжетімділігіне қарамастан, тірі қарым-қатынас, әріптестердің көзін көріп, эмоцияларын сезіну, сұрақ қойып, бірден жауап алу – бұл баға жетпес тәжірибе. Әрине, біз үнемі өз бетімізше білімімізді жетілдіріп, туындаған мәселелерді шешуге қажетті ақпаратты іздейміз. Алайда қазір ақпарат өте көп, оның қаншалықты сенімді екені және оны өз жағдайыңа қалай дұрыс қолдануға болатыны әрқашан түсінікті бола бермейді. Бұл тренингтің бірегейлігі – оны жүргізіп отырған мамандардың дәл осы эмоционалдық күйзелістен қалай шығуға болатынын нақты білетіндігінде және олар бізбен тәжірибеде дәлелденген құралдармен бөлісіп жатқанында, – деді отыз жылдық педагогикалық тәжірибесі бар оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Наталья Чуманина.
Мектепте 840 тәрбиеленуші мен оқушы білім алады. 63 педагог білім беру қызметін көрсетеді. Қазіргі уақытта сапалы педагогтар құрамы 57%-ды құрайды.
– Қазір бұл жұмыс бізге қажет, нәтижелі әрі эмоциялық тұрғыдан маңызды өзгерістер жасауға мүмкіндік беріп отыр, – деп атап өтті №1 Жалпы білім беретін мектептің директоры Шынар Валиева. – Біз бәріміз жақсы түсінеміз: егер педагог күйзеліске ұшыраса, оның жұмыс өнімділігі де төмендейді. Бүгінгі іс-шарадан біз мұғалімге шығармашылық жұмысына оң көзқараспен қарауға көмектесетін әдістер алуды күтіп отырмыз. Себебі жүк үлкен, ата-аналар, балалар, есептің жоғары талаптары. Егер қажетті әдістер қолында болса, мұғалім жұмысты жеңіл атқара алады. Біз эмоциялық интеллектті дамытуға күш саламыз, ол кейін балалардың да дамуына оң әсер етеді. Шабыттанған, эмоциялық энергиясы жоғары мұғалім өзінің жұмысын әлдеқайда нәтижелі, тиімді әрі мазмұнды етіп атқара алады. Қазір Қазақстанда білім беру кеңістігі өте қарқынды дамып жатыр. Балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Біздің елордалық білім беру мекемесімен алғашқы кездесуіміз мектептің даму моделін қайта қарауға бағытталды. Біз бұл жұмысты жүзеге асырдық және ол алғашқы нәтижелерін бере бастады.
Аталған білім беру мекемесі педагог кадрларымен толық қамтамасыз етілген. Бұл сөзсіз қуантады. Алайда уақыттың жылдам өтетінін жақсы түсінеміз. Жұмыс өтілі жоғары, зейнетке шығуға жақын педагогтердің орнын кәсіби мұғалімдерден құралған лайықты буын басуы тиіс. Кадр тапшылығы көбінесе тар бейінді мамандар арасында туындайды. Мысалы, қазіргі заманда педагог-психологқа деген сұраныс бұрынғыдан да артып отыр. Әлеуметтік-психологиялық қызмет кез келген білім беру ұйымында ең жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет. Бұл мамандар балаларға, ата-аналарға және педагогтерге кәсіби қолдау көрсетеді.
«Smart Ustaz» – Қазақстандық білім беру платформасы, мұғалімдер арасында ХХІ ғасыр дағдылары мен құзыреттерін дамыту мақсатында құрылған. Мұғалімдер сын тұрғысынан және шығармашылық ойлауды, икемділік пен тиімді қарым-қатынас орнатуды, сондай-ақ өзгермелі ортаға бейімделуді үйренеді. Платформа soft skills, пәнаралық құзыреттер және заманауи оқыту әдістемелері бойынша курстар ұсынады. Оқу-ағарту жұмыстарына қолдау көрсетіп, Қазақстанда аккредитациядан өткен арнайы курстарды әзірлеудің нәтижесінде 6500-ден астам педагог білім алды. Платформа ойын элементтері мен тренинг форматтарын белсенді енгізіп, мұғалімдерге кәсіби әрі тұлғалық дамудың жаңа тәсілдерін ұсынады.
– «Smart Ustaz» жобасы түрлі тақырыптар бойынша білім береді. Курстарымыздың басым бөлігі педагогтің жеке тұлғалық дамуына бағытталған. Рудный қаласына алғаш рет келіп отырмыз. Бұл жолы сұраныс көбіне эмоционалдық интеллект арқылы кәсіби күйзелістің алдын алуға байланысты болды. Біздің ойымызша, адам өзі дамыса, ол сол дамуды балаларға да жеткізе біледі. Ал дамымайтын адам баланың толыққанды дамуына мүмкіндік бере алмайды, – деп атап өтті «Smart Ustaz» жобасының әдіскер-үйлестірушісі Жанна Тобылбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұғалімдердің психологиялық денсаулығын жүйелі түрде қолдау – білім беру жүйесінің тұрақтылығы мен сапасына салынған инвестиция. Себебі мықты әрі төзімді мұғалім – балаларымыздың сапалы білім алуының негізі.
Рудный қаласында бұл тренингтерді өткізу – әр педагог өзін сенімді сезінетін және өзінің әлеуетін толық жүзеге асыра алатын қолайлы әрі тиімді білім беру ортасын құру жолындағы маңызды қадам.
Жанарай НУРМАХАНБЕТОВА,
суретті түсірген Айбар БЕРІК