Кірпіш пен болат арасында

Еңбек адамымен сұхбат

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында көзге көрінбейтін, бірақ маңызы зор мамандармен сұхбаттарымыз жалғасуда. Бұл жазбада «Рудный кірпіш зауыты» ЖШС бас механигі – Ердан Әбдрахмановпен әңгімемізді ұсынамыз.

Ердан Алпамысұлы механика саласында білім алған, отбасылы және өз кәсібінің шебері. Ол 2008 жылы Өзбекстан Республикасы, Бұқара облысы, Жыңғылы ауылынан Рудный қаласына қоныс аударған. Сол кезден бері отбасымен бірге Рудныйда тұрып, еңбек етіп келеді.

– Бұқара қаласында газ техникасы техникумын, оператор мамандығы бойынша тәмамдадым. Қоныс аударғаннан кейін осы зауытта транспорт учаскесінде 2-3 жыл жұмыс істедім, одан кейін 10 жыл «Арасан» ЖШС – Рудный филиалында еңбек еттім. 2019 жылдан бері «Рудный кірпіш зауыты» ЖШС-да механик болып қызмет атқарып келемін. Алғашында 6 ай тәжірибе жинадым. Өзімнен үлкен, тәжірибесі мол әріптестерім әрдайым қолдау көрсетіп, көмектесті. Қазір 5 жыл болды, лауазымым жоғарылап, бас механик ретінде жұмыс істеймін, – дейді кейіпкеріміз.

– Қазіргі жұмысыңызда негізгі міндеттеріңіз қандай?

– Басты міндет – зауыттағы барлық техниканың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жұмыс процесі тоқтап қалмас үшін жабдықтарды уақытында жөндеп, орнында қою – негізгі жауапкершілігіміз. Зауытта көптеген техника Украинадан жеткізілетін, алайда қазіргі таңда белгілі себептерге байланысты біз оны өзіміз дайындап, жөндейміз. Сонда, басты қызметіміз – кірпіш өндірісін ұйымдастыру, өнімдерді өңірлерге жеткізу және зауытты күнделікті техникалық құралдармен толық қамтамасыз ету.

– Зауыт туралы қысқаша айтып берсеңіз. Қанша адам еңбек етеді?

– 1958 жылы Рудныйда силикат кірпіш зауыты іске қосылып, сол жылдың қарашасында алғашқы сынақ кірпіштері шығарылған. Бүгінде «Рудный кірпіш зауыты» ЖШС жұмыс істейді, оны 2023 жылғы 17 шілдеде ресми тіркеген. Зауытта кірпіштен бөлек, шифр және басқа да құрылыс материалдары шығарылады. Қателеспесем, 130-дан адам жұмыс істейді.

–  Ал сіздің қарамағыңызда қанша қызметкер бар? Жұмыс тәртібі қандай?

–  Жұмыс күні таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін созылады. Таңертең келіп, алдымен тапсырмаларды алып, слесарьлер мен дәнекерлеушілерге міндеттерін бөлісеміз. Слесарьлер жабдықтарды жөндеп, бұзылған бөлшектерді ауыстырады және техникалық қызмет көрсетеді. Дәнекерлеушілер металдық конструкциялар мен жабдық бөліктерін біріктіріп, дәнекерлеу жұмыстарын атқарады. Қызметкерлер әртүрлі учаскелерде жұмыс істесе де, бір-біріне әрдайым қолдау көрсетеді.

Топта 15 адам бар, оның ішінде 4 слесарь және 4 дәнекерлеуші бар. Олар жабдықтардың жұмысын бақылап, процестің тоқтамай жүруін қамтамасыз етеді. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұжым болып еңбек етеміз.

–  Сіздің мамандығыңызда кездесетін ең қиын мәселелер қандай және оларды қалай еңсересіз?

–  Айтып өткенімдей, кейбір арнайы техникаларды қолмен жасау оңай емес, бірақ біз тәжірибе жинап, үйреніп кеттік. Жалпы, зауыттағы әрбір жұмыс өзіне тән ерекшеліктерімен қиындық тудырады. Әр салада өз ұқыптылығы, дағдысы мен шеберлігін талап ететін жұмыстар бар, сондықтан барлық қызметкерлер осы ерекшеліктерді ескеріп, жауапкершілікпен жұмыс істейді.

Сонда зауытта қандай техникаларды өндіріп, қолданасыздар?

– Кірпіш жасайтын зауытта форма деген арнайы қалып бар. Сол қалыпқа кірпіштің жасалатын сазы құйылады да, пішіні мен өлшемі дәл келтіріледі. Осылайша әр кірпіш біркелкі болып шығады. Жұмыс процесінде шамамен 60–70 түрлі жабдық қолданылады, көп бөлігі қолмен жасалатындықтан, жұмыс ауыр әрі жауапкершілікті талап етеді.

Сұхбатымыздың басында отбасыңызбен Рудныйға қоныс аударғаныңызды айттыңыз.

–  Иә, 2008 жылы біз Рудныйға қоныс аударып, біртіндеп орнықтық. Бір ұлым бар, ол отбасының бақытын құрып, өз шаңырағын көтерген. Сондай-ақ екі немерем бар. Жұмыстан тыс уақытта көбіне үйде болып, немерелеріммен бірге уақыт өткіземін.

–  Осы салада жұмыс істеуді мақсат еткен жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

–  Осы салада жұмыс істегісі келетін жастарға айтарым: ең алдымен шыдамды және тәртіпті болу керек. Жұмыс оңай емес, бірақ тәжірибе жинап, әр іс-әрекетке жауапкершілікпен қарасаң, бәрін үйренуге болады. Ұқыптылық пен еңбекқорлық – осы мамандықта жетістікке жетудің басты кепілі. Таңертеңнен кешке дейінгі жұмыс тәртібін, техникалық процестерді бақылауды, жабдықты уақытында жөндеуді үйрену өте маңызды. Ең бастысы – әрдайым шыдамды болып, қиындыққа төтеп беруге дайын болу қажет.

 

Жанарай  НҰРМАХАНБЕТ,

суретті ұсынған кәсіпорын

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *