Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында

Рудныйда 1 қаңтардан бастап салық мөлшерлемесі төмендетіледі

Бүгін қала әкімдігінде өткен жиында Рудный қалалық мәслихатының төрағасы Азамат Искаков 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 3 пайызға төмендету туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Оның айтуынша, қалалық мәслихат депутаттары қала әкімімен және атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы және тұрақты орта қалыптастыруға бағытталған саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Шағын және орта бизнесті қолдау қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылады.

2024 жылы депутаттар кәсіпкерлер үшін қолайлы салықтық ахуал қалыптастыру мақсатында бөлшек салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 3 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Ал 2025 жылы жаңа Салық кодексі аясында арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені 4 пайыздан 3 пайызға дейін азайту жөніндегі шешім бекітіліп, ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл шаралар кәсіпкерлерге даму бойынша ұзақмерзімді жоспар құруға, бизнеске инвестиция салуға және қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді мәслихат төрағасы.

Сонымен қатар, мәслихат депутаттары бизнеске көрсетілген қолдауға жауап ретінде кәсіпкерлік субъектілерінің қала өміріне белсенді қатысуын күтетінін атап өтті. Бұл әлеуметтік бастамаларды қолдау, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету, сондай-ақ қалалық әлеуметтік жобаларды іске асыруға атсалысуды қамтиды.

Сондай-ақ бизнес нысандарының сыртқы келбетін қала талаптарына сәйкестендіруге ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, абаттандыру, сәулеттік келбет, қасбеттер мен кіреберіс топтарды және іргелес аумақтарды күтіп ұстау мәселелері қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.

«Тек осындай өзара жауапкершілікке негізделген тәсіл кезінде – билік қажетті жағдай жасаса, ал бизнес қаланың дамуына ортақ жауапкершілікті бөліссе – Рудный қаласында жайлы қалалық орта, тұрақты экономика және барлық тұрғындар үшін жоғары өмір сүру сапасын қалыптастыруға болады», – деп атап өтті Искаков.

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *