Көлік салығын төлеуді ұмытпаңыз

2024 жылға көлік құралдары салығын төлеу мерзімі жақындап келеді

Салықты 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеу қажет. Бұл туралы Рудный қаласының Мемлекеттік кірістер басқармасы еске салады. Басқарманың бас маманы Мунира Нуртазаева салықты төлеу тәртібі мен есептелген сома туралы қайдан білуге болатынын айтып берді.

Көлік салығын төлеушілер – меншік құқығында көлік құралдары бар жеке тұлғалар. Бұл салықтан Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген ардагерлер, Қазақстан аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» иегерлері болып табылатын көпбалалы аналар, сондай-ақ бір автокөлікке ғана қатысты мүгедектігі бар тұлғалар және басқа да санаттағы азаматтар босатылады, – деді Мунира Нуртазаева.

2024 жылға салықты есептеу кезінде 2024 жылы белгіленген 3 692 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылады. Көлік салығын өзіңіз есептеу үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің порталында «Электрондық сервистер» бөліміндегі калькуляторды немесе «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын пайдалануға болады. Сондай-ақ, салық сомасы туралы ақпаратты Парковая көшесі, 14 мекенжайындағы Мемлекеттік кірістер басқармасынан немесе 4-33-73 телефоны арқылы білуге болады.

Салық сомасы 2025 жылдың наурыз айында екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы push-хабарлама ретінде жіберіледі. Сонымен қатар, сома Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталындағы «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» сервисінде және «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында қолжетімді болады. Осы қосымшаларды пайдаланушылар 2024 жылға есептелген көлік салығының сомасын көре алады.

Салықты банктердің мобильді қосымшалары, банк бөлімшелері, «Қазпошта» бөлімшелері, Egov порталы және «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады.

Егер салық уақытында төленбесе, салық төлеушілерге өсімпұл есептеледі, ел аумағынан шығуға шектеу қойылады, сондай-ақ банк шоттарын ашуға тыйым салынады. Бұл жағдайда борышкер Қазақстанның ешбір екінші деңгейлі банкінде есепшот аша алмайды.

Егер мемлекеттік кірістер органдарының ескертулері еленбесе, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларына тапсырмалар жіберіледі. Олар борышкерлерге келесі шараларды қолдана алады: мүлік пен банк шоттарына тыйым салу, елден шығуға шектеу қою және қарызды мүлікті сату есебінен өтеу рәсімін бастау. Сонымен қатар, сот орындаушылары қарыз сомасының 25%-на дейінгі мөлшерде сот шығындарын ұстап қалады.

Осы келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін Мемлекеттік кірістер басқармасы салықты уақытылы төлеуге шақырады.

2024 жылға көлік салығын есептеу кезінде қолданылатын айлық есептік көрсеткіш – 3 692 теңге. Салық сомасы көлік құралының қозғалтқыш көлемі мен санатына байланысты. Электромобильдерге қатысты ақпарат белгіленген мерзімге жақын уақытта жарияланады.

Қазіргі таңда Рудный қаласы бойынша көлік салығы бойынша қарыз 17 миллион теңгені құрайды. 590 көлік иесі салық төлемеген. Өткен жылмен салыстырғанда, қарыз өсіп отыр, себебі өсімпұл есептелуде.

Салық төлемеуінің басты себебі – азаматтардың көлікті сатып жібергеннен кейін, салық төлеу қажеттілігін ұмытып кетуі. Көлікті сатқан соң, салық есептелмейді деп ойлайды. Бірақ қазір 2024 жылдың салығы есептеліп жатыр.

Сондықтан борышкерлерге бүгіннен бастап төлем жасаған жөн. Ал қалған азаматтар үшін көлік салығын төлеу мерзімі 2025 жылдың 1 сәуірінде басталады.

Жеке сот орындаушылары, прокуратура және полиция басқармасымен бірлесіп, апта сайын рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Біз тұрғын үйлерді аралаймыз, сондай-ақ көлікті іздеуге береміз, борышкерлерді тұрғылықты мекенжайы бойынша таба алмасақ, іздеуге жариялаймыз. Тәртіп бұзушыларды тауып, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.

Нәтижелер бар. Сот орындаушылармен бірге жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында борышкерлер салықты сол жерде төлейді немесе біраз уақыттан кейін өздері келіп төлейді.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *