Лифт қызметі қымбаттады

1 маусымнан бастап лифт тарифтерінің құны өсті

Лифт қызметі тарифтерінің өзгеруі туралы өткен брифингте қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мейірбек Исмағұлов пен «Спутник-2012» ЖШС заңгері Наталья Жаркова мәлімдеді. 1 маусымнан бастап қаладағы жолаушылар лифтіне қызмет көрсету тарифі әр пәтер үшін айына 2200 теңге болып белгіленді, бұған дейін бұл көрсеткіш 1700 теңге деңгейінде болған еді. «Спутник-2012» ЖШС заңгері Наталья Жаркова түсіндіріп өткендей, тарифтің өсуі – уақыт талабынан туындаған мәжбүрлі шара. Бұған ең алдымен заңды тұлғалар үшін электр энергиясы құнының қымбаттауы, сондай-ақ қызмет көрсетуші ұйымның ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуге көшуі себеп болған.

– Біздің есептеулеріміз бойынша, барлық ағымдағы шығындарды өтеу үшін экономикалық тұрғыдан негізделген тариф 2700 теңгені құрауы тиіс еді. Дегенмен, мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, компания басшылығы тарифті халыққа қолжетімді деңгейде, яғни 2200 теңге көлемінде қалдыру туралы шешім қабылдады, – деді Наталья Жаркова.

Төлемдердің ашықтығын сақтау мақсатында 2200 теңгелік тариф құрамына енгізілген шығындар нақты көрсетілген. Атап айтқанда, оған электромеханиктер мен техникалық қызмет көрсету мамандарының еңбекақысы, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәулік бойы жұмыс істейтін авариялық-диспетчерлік қызметтің шығындары, лифт жабдықтарын тұрақты тексеру мен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдар, сондай-ақ көтеру тетіктерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалатын электр энергиясының ақысы кіреді.

Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мейірбек Исмағұлов қаладағы лифт шаруашылығы мәселесі тұрақты бақылауда екенін қадап айтты. Бүгінгі таңда бөлімнің есебінде 153 жолаушылар лифті тіркелген. Соңғы жылдары белсенді түрде жүргізілген жаңғырту бағдарламасының арқасында барлық лифт жабдықтары жарамды күйде және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді.

– Қозғалысқа түсетін аса маңызды бөлшектерді ауыстыру жұмыстары жүргізіліп қойды. Лифтің қалыпты қызмет ету мерзімі 25 жылды құрайды, ал біздің лифт паркіміздің техникалық әлеуеті жоғары, яғни жоспарлы ауыстыруға дейін кем дегенде бес жыл бойы қауіпсіз пайдалануға болады, – деді Мейірбек Исмағұлов.

Тұрғындарға техниканың кідіріссіз жұмыс істеуі тұрақты күтімді талап ететінін еске саламыз. Сондықтан қызмет ақысын уақытылы төлеу – әрқайсымыз күтетін жайлылық пен сенімділіктің басты кепілі болып қала бермек.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО