Қостанай облысының әр түкпірінен келген оқушылар мен педагогтар үшін ерекше күн болды. Үшінші рет ұйымдастырылып отырған облыстық слёт жай ғана кездесуге емес, болашақ педагогтар мектебінің үлкен бір баспалдағына айналды.Жоба 5 жыл бұрын үш мектептен бастау алып, бүгінде 26 білім ордасын біріктіріп отыр. Мақсат — мектеп қабырғасынан бастап педагог болуға ынталы, мақсатты жастарды қолдау. Яғни, «мектептен — мектепке», болашақ педагогтың жолын ерте кезеңнен айқындау.
Слёттың негізгі ұйымдастырушысы, жобаның негізін қалаушы Татьяна Ивановна бұл бастаманың жүректен шыққан жеке арман-мақсат екенін атап өтті.
«Бұл жоба — менің жеке арманымнан туған бастама. Көп жылдан бері «болашақ педагог мектебі» құрылса екен деп армандайтынмын. Қазіргі таңда сол ой нақты жобаға айналып, өз жемісін беріп жатыр», — деді ол.
Іс-шараға 20 мектеп, яғни 20 команда қатысты. Олар: Рудный қаласы білім беру бөлімінің №7 мектеп — гимназиясы, Аулиекөл ауданының Сұлтан Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназиясы, Қамысты ауданының №1 жалпы білім беретін Қамысты орта мектебі, Қарабалық ауданының Тоғызақ жалпы білім беретін мектебі, Рудный қаласы білім бөлімінің №1 және №13 жалпы білім беретін мектептері, Қостанай қаласы білім бөлімінің Сарбай Мәуленов атындағы гимназиясы және т.б баска мектептер. Іс-шара барысында оқушылар өз мектептерін таныстырып, «Болашақ педагог мектебін» қалай қалыптастыруға болатынын көрсетті.
Кездесу барысында республикалық форумдарда жүлделі орындарға ие болған оқушылар, Беларусь Республикасымен бірлескен жобалар және еліміздің үздік педагогтерімен өткен шеберлік сабақтары туралы, сонымен қатар Татьяна Ивановна жас түлектердің көкейінде жүрген сұраққа жауап іздеуде көмектесетінін де айтты.
«Біздің оқушылар республикалық жастар форумына қатысып, қатарынан екі жыл екінші орынды иеленді. Астана қаласына барып, еліміздің үздік жастарының арасында өздерін көрсете білді. Сонымен қатар, Беларусь Республикасымен де онлайн форматта ынтымақтастық орнаттық. Олар біздің іс-шараларға, ал біздің балалар — олардың бағдарламаларына қатысады. Біз үнемі пікірсайыс ұйымдастырып, оқушылардың өз ойын ашық әрі дәлелмен жеткізу қабілетін дамытамыз. Сонымен қатар, дәстүрлі түрде «Болашақ педагог күні» өтеді. Онда балалар өздері сабақ өткізіп, мұғалім болудың не екенін шынайы сезінеді. Жалпы, біз түрлі форумдар, үздік педагогтармен кездесулер ұйымдастыра отырып, жастардың кәсіби құзыреттілігін дамытуды көздейміз. Ең маңыздысы, мектеп бітіруші түлектің «мен кім болғым келеді және кім бола аламын?» деген сұрақтарына нақты жауап беруге, саналы таңдау жасауға көмектесеміз. Ал егер бұл жол — менікі емес десе, басқа мамандықты дұрыс таңдауға жол ашамыз. Бұл да маңызды қадам», — дейді жоба авторы Татьяна Ивановна.
Жобаның басты мақсаты — жас ұрпақтың жүрегіне ұстаздықтың қадірін ұялату. Қатысушылардың барлығы «кім болам?» деген сұрақтың жауабын емес, «не үшін осы жолды таңдаймын?» деген терең мағынадағы сұраққа жауап іздеді. Жоба авторының бұл сөзіне дәлел, ол оқушылар. Слётқа қатысышулардың бірі — Жітіқара ауданы білім бөлімінің №12 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары. Олар іс-шараның болашақта осы салаға бет бұратын оқушылар үшін аса маңызды, әрі пайдалы екенін атап өтті.
«Біз – Жетіқара қаласындағы №12 жалпы білім беретін мектептің “Дарын” педагогикалық отряді. Бұл жобаға, таңқаларлығы, бірнеше апта ғана дайындалып, іске бар ынтамызбен кірістік. Себебі, бұл іс-шара өте пайдалы болды. Мұнда педагогикалық қабілеттер дамиды, ал бұл болашақта осы салаға бет бұратын оқушылар үшін маңызды»,- дейді қатысушылар.
Болашақ жас педагогтардың бұл алғашы үлкен жиыны болғанымен, жастар іс-шараның мақсатын айқын түсінгенін айта кетті.
«Бұл – біздің алғашқы слетіміз. Дегенмен, бұл шараның мақсаты — оқушылардың педагогикалық мамандыққа қызығушылығын арттыру, болашақта кім болғысы келетінін түсінуге көмектесу екенін түсіндік», — деді “Дарын” педагогикалық отрядының қатысушысы.
Рулный қаласы білім бөлімінің №13 жалпы білім беретін мектебінің атынан келген “Шамшырақ” педагогикалық отрядының жетекшісі, ұйымдастырушысы Аяжан Есімова 1 ай ішінде аянбай еңбек етіп, III Облыстық болашақ педагогтар слётіне іждағаттылықпен келгенін сөз етті.
«III Облыстық болашақ педагогтар слётіне үлкен жауапкершілікпен 1 ай дайындалып келіп отырмыз. Бұл біздің 2-3ші қатысуымыз. Оған дейінгі слёттер аудандық, ауылдық жерлерде өткізілген болатын. Ол кезде де көп адамдармен танысып, көп дос тапқан болатынбыз. Көп тәжірибе алып, сол тәжірибелерімізді паш еттік. Негізі мақсат, менің ойымша, болашақ педагогтарды дамыту, яғни мектеп кезінен ұстаздық тәрбиесіне бағыттау, балаларды алдыға қарай жетелеу және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру, дамыту», — дейді Аяжан Есімова.
Осындай мазмұнды бастамалар арқылы мектеп оқушылары болашақ кәсіби бағытын ерте айқындап, үлкен өмірге сенімді қадам жасайды. Бұл ұстаздықтың қадір-қасиетін мектеп қабырғасынан бастап сезінуге жол ашатын маңызды үрдіс. Болашақ жас мамандарды алда талай іс-шаралар, жаңа жобалар мен мамандық жолында түрлі белестер күтіп тұр. Ең бастысы — жүрекпен таңдалған мамандық ешқашан адастырмайтынын естен шығармаған жөн.
Жанарай Нурмаханбетова, Суреттерді түсірген Даулет Кулатаев