Рудныйда тоғызқұмалаққа қызығушылық артып келеді
Бұл ойын тек бос уақытты қызықты өткізу емес, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілетін және стратегиялық ойлауын дамытатын маңызды құралға айналды. Қаладағы қосымша білім беру педагогтары мен жас спортшылар ұлттық мұраны жаңғыртып, оны заманауи тәрбие мен спортқа айналдырып отыр.
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ежелгі математикалық-логикалық ойыны. Екі ойыншы өзара ой өрісін, есептеу қабілетін, стратегиялық ойлауын сынайды. Ойынның мақсаты – қарсыластан көбірек құмалақ жинап, «қазанға» түсіру арқылы басымдыққа жету.
Ұлттық ойындардың ішінде тоғызқұмалақтың орны ерекше. Бұл көне ойын ғасырлар бойы ұлтпен бірге жасасып, зияткерлік қабілетті шыңдайтын құрал болып келеді. Бүгінде тоғызқұмалақ тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша танылып, арнайы халықаралық федерациясы бар спорт түріне айналды. Рудный қаласында да ұлттық ойынға қызығушылық артып, жасөспірімдер арасында кең қанат жайып келеді.
Осы бағытта еңбек етіп жүрген ұстаздардың бірі – Рудный қалалық «Балаларды тәрбиелеу және сауықтыру кешені» қосымша білім беру педагогы Гүлжихан Бейсембаева. Ол бірнеше жыл бойы балаларға ұлттық ойынды үйретіп, олардың логикалық ойлауын, байқағыштығын және стратегиялық қабілеттерін дамытуға үлес қосып келеді.
– Тоғызқұмалақ тек ойын емес. Бұл баланың логикалық ойлауын, математикалық қабілетін, стратегиялық жоспарлауын арттыратын құрал. Сонымен қатар, ұлттық мұраға қызығушылық оятып, баланы терең ойлауға баулиды, – дейді педагог.
Гүлжихан Бейсембаева тоғызқұмалаққа бес жыл бұрын қызығушылық танытып, қосымша білім беру саласына келген. Ол балалардың ой-санасын дамытатын, ұлттық негізі бар бағытты таңдағанын айтады.
– Біздің мақсат – балаларға тек ережені үйрету емес, ұлттық мұраға деген сүйіспеншілігін ояту. Тоғызқұмалақ логика мен сабырды талап етеді. Балалар жай ойын ойнап отырған жоқ, олар математикалық ойлауын, талдау қабілетін дамытып отырады, – дейді ол.
Педагогтың айтуынша, бүгінде тек қазақ балалары ғана емес, басқа ұлт өкілдері де тоғызқұмалаққа қызығушылық танытып жүр. Кейбір ата-аналар үйлеріне арнайы тақта сатып алып, баласымен бірге ойнауды үйренуде.
– Бұл – ұлттық құндылық. Егер бала қызықса, үйірмеге берген дұрыс. Көп ата-ана баласының бос уақытын тиімді өткізу үшін біздің клубқа алып келеді, – дейді педагог.
Жаңадан үйренушілер ойынды баяу ойлайды, өйткені әр жүріс есеп пен байқағыштықты талап етеді. Тәжірибелі ойыншылар болса, шахматтағыдай таймер қолданып, жылдам әрі нақты ойнай алады.
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің» 7-сынып оқушысы Нұрдаулет Көшербаев тоғызқұмалақпен 4 жылдан бері айналысып келеді.
– Алғаш бұл ойынды Гүлжихан апайдан үйрендім. Басында қиын болды: есептеу, тақ пен жұпты жылдам ажырату қажет. Бірақ уақыт өте бәрі түсінікті болды. 5-сыныпта мектеп атынан жарысқа қатысып, жақсы нәтижелерге жеттім. Тоғызқұмалақ менің ойлау қабілетімді дамытты, математикаға көп көмектесті, – дейді жас спортшы.
Нұрдаулет тек тоғызқұмалақпен шектелмей, домбыра, үстел теннисі, шахмат, шашки сияқты үйірмелерге де қатысады.
– Үйірме аптасына 2 рет – жұма және сенбі күндері 2 сағаттан өтеді. Топта 15 баладан артық қабылданбайды, орын үнемі толы. Клубта домбыра, үстел теннисі, сурет, шахмат секілді басқа да үйірмелер бар, барлығы тегін. Балалар жарыстарды өте жақсы көреді. Мектепаралық, қалалық бәсекелерге жиі қатысып, жүлделі орындар алады. Олардың жетістігін көрген сайын шабыттанамын. Осы спортты дамытқым келеді – бала үйренуге келсе, біз әрқашан қарсы аламыз, – дейді Гүлжихан Құрмашқызы.
Бүгінгі бала – ертеңгі ұлттың интеллектуалдық капиталы. Сондықтан тоғызқұмалақ сияқты ойындарды дамыту тек спортты ғана емес, қоғамның ойлау мәдениетін көтерудің жолы болып қалмақ.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірегн Андрей МУРЗИН