Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде

Рудныйда құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтілді

Рудный қаласы Полиция басқармасы патрульдік полицияның жеті айдағы жұмысын қорытындылады. Мәліметке сүйенсек, осы кезеңде рота нарядтарының қатысуымен 68 қылмыс ашылып, 12 888 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12 820 болған еді. Бұл – полиция жұмысының тұрақты әрі жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді.

ЗАҢСЫЗ  ТАСЫМАЛДАУМЕН КҮРЕС

Жолаушылар тасымалы саласында заңсыз қызметтің жолы кесілуде. Бақылау барысында тіркеусіз және рұқсатсыз жолаушыларды тасымалдаудың 16 дерегі анықталды. Өткен жылы мұндай жағдайлар саны небәрі 8 болған. Құқықбұзушылар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Азаматтардың көп жиналатын орындарындағы тәртіпке де баса мән берілуде. Қоғамдық қауіпсіздік бағыты бойынша 5988 құқықбұзушылық тіркеліп отыр. Бұл өткен жылғыдан 5 пайызға көп (2024 ж. – 5795). Олардың қатарында ұсақ бұзақылық деректері – 458 (2024 ж. – 388). Әдетте мұндай жағдайлар қоғамдық орындардағы жанжалдар мен төбелестерден, балағат сөздер айтудан және тұрғындардың тыныштығын бұзудан туындайды. Көп жағдайда құқықбұзушылар әкімшілік қамауға алынады немесе айыппұлмен шектеледі.

Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу деректері де артып отыр: 1641 жағдай тіркелген (2024 ж. – 1456). Бұл көбіне үйлердің аулаларында, балалар алаңдарында, аялдамаларда және саябақтарда орын алады.

Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін патрульдік полиция нарядтары демалыс орындарында қадағалауды күшейтті, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда құқықбұзушылар полицияға жеткізіледі. Рейдтер жергілікті атқарушы органдар мен жастар ұйымдарымен бірлесіп өткізіледі. Бұл қоғамды тәртіпті қамтамасыз етуге тартудың тиімді жолы болып отыр.

ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ

Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы – полиция назарындағы басты мәселенің бірі. Жеті айдың ішінде 6879 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді (2024 ж. – 7025).

Олардың ішінде көлік құралын мас күйінде басқару – 83 дерек (2024 ж. – 97). Бұл көрсеткіш төмендегенімен, мәселе әлі де өзекті. Себебі мұндай жүргізушілер өз өміріне де, өзгелерге де қауіп төндіреді.

Жаяу жүргінші өткелінен немесе бағдаршамның қызыл түсіне өту – 146 дерек (2024 ж. – 135). Бұл құқықбұзушылықтар жиі жол-көлік оқиғаларына әкеп соғады.

Жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы – 978 дерек (2024 ж. – 790). Полиция мәліметінше, жол апаттарының басым бөлігі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтумен байланысты.

Қауіпсіздік белдігін тақпау – 1177 дерек (2024 ж. – 927). Бұл жағдай күнделікті тіркеледі, әсіресе артқы орындықтағы жолаушылар тарапынан жиі кездеседі. Ал көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану 366 дерегі тіркелген (2024 ж. – 250). Мұндай әдет жүргізушілерді алаңдатып, апат қаупін едәуір арттырады.

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ

Патрульдік полиция ротасының аға инспекторы Әділ Қауменов қаладағы профилактикалық жұмыстардың күшейгенін жеткізді.

«Ерекше назар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға аударылуда. Патрульдік полиция нарядтары күн сайын апаттық қауіпті учаскелерде қызмет атқарып, рейдтік іс-шаралар өткізуде. Біз назарды тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де аударамыз, себебі жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі тікелей қауіпсіздікке әсер етеді», – деді ол.

Оның айтуынша, рейдтер тұрақты түрде күндіз де, кешкі уақытта да жүргізіледі. Сондай-ақ полиция жүргізушілермен кездесулер өткізіп, жол ережесін сақтау, жауапкершілік пен мас күйінде көлік жүргізудің салдары туралы еске салады.

Жалпы алғанда, басты мақсат – тек заң бұзғандарды жазалау емес, ең әуелі құқықбұзушылықтың алдын алып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Рудный қалалық Полиция басқармасы азаматтарды жол ережелерін сақтауға, қауіпсіздік белдігін тағуға, мас күйінде көлік басқармауға және телефонға алаңдамауға шақырады.

 

Арай АХМЕТ,

сурет «РР» мұрағатынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *