1 наурыздан бастап күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталады
Бұл – ораза ұстап, дұға етуге, рухани жетілуге және игі істер жасауға арналған ерекше уақыт. 29 күн бойы мұсылмандар күндізгі уақытта ішіп-жеуден және басқа да дүниауи қызықтардан бас тартып, Құран оқуға, қайырымдылыққа ерекше көңіл бөледі. Биыл Қадір түні 26-27 наурызға қараған түнге түсіп тұр, ал 30 наурызда мұсылмандар Ораза айт мейрамын атап өтеді.
Рамазан – тек қана ішіп-жеуден бас тарту емес, ең алдымен, рухани тазалыққа, сабырлық пен ізгілікке бастайтын ай. Бұл туралы «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахым түсіндіріп берді.
– Рамазан – мұсылмандар үшін мейірімділік пен кешірім айы. Бұл айда адам өзін жаман ойлардан, теріс қылықтардан арылтып, жүрегін тазартады. Ораза – тек дене үшін емес, жан дүниенің де тазаруына арналған. Мұсылмандар бір-біріне жақсылық жасап, садақа беріп, мұқтаж жандарға көмектесуі керек, өйткені бұл айда жасалған әрбір игі іс үшін сауап еселеніп жазылады. Сондай-ақ мешітімізде тарауих намаздары өткізіліп, жамағат үшін ауызашарлар ұйымдастырылады, – деді имам.
Ораза таңғы сәресі – сәһурмен басталып, күн батқаннан кейінгі ауызашармен аяқталады. Оразаның денсаулыққа зиян келтірмеуі үшін дұрыс тамақтану маңызды.
– Ораза кезінде дұрыс тамақтану өте маңызды. Таңғы сәресіде баяу сіңетін көмірсулар мен ақуызға бай тағамдарды, жеміс-жидектер мен жаңғақтарды тұтыну керек. Ал ауызашарды алдымен су мен құрмадан бастап, содан кейін ғана негізгі тағамдарға көшу қажет. Артық тамақтанудан, қуырылған және ащы тағамдарды көп пайдаланудан аулақ болған жөн. Бұл асқазанға салмақ түсіріп, оразаны қиындатып жіберуі мүмкін, – деп кеңес берді Серік Рахым.
Рамазан – тек құлшылық айы ғана емес, қайырымдылық пен жанашырлықтың да уақыты. Мұсылмандар мұқтаж жандарға садақа беріп, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуге тырысады.
– Пітір садақа – әрбір мұсылман үшін міндетті қайырымдылық. Биыл оның мөлшері 655 теңге болып бекітілді, бұл екі килограмм ұнның құнына сәйкес есептелген. Жиналған қаражат тұрмысы төмен отбасыларға, жетімдер мен жесірлерге көмек ретінде таратылады. Сондай-ақ мешітте күнделікті ауызашар ұйымдастырылып, жамағатқа ортақ дастархан жайылады. Бұл – тек бірге тамақтану ғана емес, мұсылман үмбетінің бірлігін нығайтуға арналған іс-шара, – деді бас имам.
Рамазан – сабыр мен мейірімнің, кешірім мен жан тазалығының айы. Ораза кестесі мен намаз уақыттары туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтынан немесе қалалық мешіттен алуға болады.
Гүлім МҰРАТ,
сурет muftyat.kz сайтынан алынды