Рудныйда «Ерке-Сартай орталығы» ашылды

Қазақ қоғамында бала тәрбиесі әрқашан ерекше мәнге ие болған. «Анадан баланың беті ашылады» деген халық даналығы ұрпаққа берілетін алғашқы тәлімнің отбасынан басталатынын айқын көрсетеді. Бүгінгі заманда, ғылым мен технологияның өркендеуімен қатар, балаларды рухани және мәдени тұрғыдан тәрбиелеу мәселесі жаңа қырын табуда.

Қазіргі балалар ақпаратқа тез үйренетін, бірақ кейде дәстүрлі құндылықтардан алыстауға бейім келеді. Сол себепті, мектеп бағдарламасын толықтырып, ұлттық тәрбие мен шығармашылық дамытуды қатар жүзеге асыратын орталықтарға сұраныс артуда.

Міне, осындай қажеттілікті ескере отырып, алты ай бұрын «Сартай» оқу орталығы ашылды. Бастапқыда ол тек қазақ балаларын оқытуға бағытталған шағын білім ордасы болды. Уақыт өте келе, балалардың шығармашылық және тілдік дағдыларын жетілдіруге бағытталған үйірмелер мен курстар қосылды. Бұл өзгерістер орталықтың «Ерке-Сартай» деп аталуына алып келді. «Ерке-Сартай» – тек білім беру орны ғана емес, өскелең ұрпаққа қазақи нақышты дәріптейтін даму орталығы. Мұнда балалар ұлттық дәстүрлерді, өнерді, тілдік мәдениетті бір мезгілде үйренеді.

Орталықтың негізін қалаушы,  әрі тәжірибелі маман — Қасиет Нарымбетова. Оның отбасы 1989 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға Өзбекстаннан қоныс аударған. Сол кезде Қасиет әлі кішкентай бала болатын. Бүгінде ол 41 жасқа толып, өмір жолын ұстаздыққа арнаған жан ретінде танылып отыр. Қасиет Ережепбайқызы Алматыдағы Қазақ халықаралық педагогикалық университетінде жоғары білім алып, мамандығын кәсіби деңгейде меңгерді. Оның еңбек жолы Мұхтар Әуезов атындағы мектепте басталып, 15 жыл бойы үздіксіз педагогикалық қызметпен жалғасты. Осы уақыт ішінде ол жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың тілдік, танымдық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлді.

Қазіргі таңда Қасиет Ережепбайқызы логопедиялық бағытта, «Қазақстандыру» бағдарламасы аясында жұмыс істеп келеді. Ол балалардың тілін түзету, дұрыс сөйлеу машықтарын қалыптастыру, ұлттық болмысты дәріптеу ісін басты мақсаттарының бірі санайды. Өзінің жинаған тәжірибесін жаңа буынға жеткізуді парыз деп білетін ұстаз, қазір орталық жұмысы арқылы баланың ғана емес, тұтас отбасының тәрбиесіне ықпал етуді көздейді.Отбасында дәстүрге ерекше мән беріледі. Мысалы, дастарханға отырғанда әкесі тамақты бастамайынша ешкім тамақ ішпейді, дастарханның төрінде міндетті түрде қыздар отырады. Ас уақыты кейін ғана дастарханнан тұрады.

«Бұл дәстүрлердің бастауын ата-бабалардан көреміз. Ата-енемізбен бірге тұрған кезде балаларымызға қолдарын таза ұстасын деп, ас алдында да, ас соңында да үлкендерге құманмен су құюды үйреттік. Бала су құйғанда бата алып, өзінің кішілігін сезінуі керек. Мен өзім қалалық ортада да бұл әдетті ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткізуді парыз санаймын. Сыртта орамал тақпасам да, үйде міндетті түрде тағамын. Бұл да дәстүрдің ажырамас бөлігі. Жарыммен бірге балаларымызды бір-біріне қамқор болуға баулимыз. Біздің отбасымызда қыздың орны ерекше, қайталанбас болмыс ретінде бағаланады. Сол себепті дастарқан басында қыздар төрге отырғызылады. Ұлдарыма да «қарындасыңа, әпке-апаларыңа әрдайым пана болыңдар» деп үйретеміз. Осындай тәлім-тәрбие ұлттық мәдениеттің сақталуына ғана емес, отбасыдағы татулық пен үйлесімділіктің орнығуына да негіз болады», – дейді ол.

Қасиет Нарымбетованың орталық ашудағы басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, қазақи тәрбие мен заманауи білімді үйлестіру болды. Алғашқы кезеңде орталық 6 ай бойы «Сартай» деген атаумен жұмысын бастап, негізінен қазақ балаларын оқытуға бағытталды. Ол кезде курстардың бағыты шектеулі еді: басты назар тіл дамытуға және шығармашылық қабілеттерді қалыптастыруға аударылды.

Алайда уақыт өте келе, балалардың қызығушылығы артып, ата-аналардың сұранысы да күрделене түсті. Жаңа заман талабына сай қосымша білім беру, логопедиялық көмек көрсету, баланың әлеуметтенуіне жағдай жасау қажеттілігі туындады. Сол себепті орталықтың ауқымын кеңейтіп, жаңа бағыттар мен бағдарламаларды енгізу қолға алынды.

Қазіргі таңда «Ерке-Сртай» орталығы тек білім берумен шектелмей, баланың жан-жақты дамуына, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, заманауи қоғамға бейімделуіне жағдай жасап отыр. Бұл – Қасиет Ережепбайқызының педагогикалық тәжірибесі мен жаңашыл көзқарасының нәтижесі.

«Бүгінгі таңда «Ерке-Сартай» орталығы екі мақсатты қатар іске асуда: біріншісі – мектеп бағдарламасына сай білім беру, екіншісі – қазақи тәрбиені дамыту. Мұнда балалар тек оқып қана қоймай, ұлттық өнер, би, музыкалық аспаптармен айналысады, қазақ тілін терең меңгереді. Бұл екі бағыттың үйлесуі – орталықтың ерекшелігі», – дейді сарапшы-эксперт Нарымбетова.

Қасиет орталықты ашуда ең алдымен ұлттық құндылықтарды бірінші орынға қойды. Оның пікірінше, балаға жүйелі тәрбие беру тек қана біліммен шектелмей, рухани құндылықтарды да қамтуы қажет. Өйткені тек пәндік білім алған бала толыққанды тұлға болып қалыптаса алмайды, оған адамгершілік, ізгілік пен дәстүрді бойына сіңіру міндетті.

«Қазақи дәстүр мен заманауи білімді үйлестіру арқылы жаңа буынды тәрбиелеу. Бұл тек ата-бабамыздан қалған салт-сананы сақтап қалу емес, оны қазіргі заманның талаптарына бейімдеп жеткізуге бағытталған нақты қадам. Әрбір сабақ пен іс-шараның астарында ұлттық болмысты дәріптеу, бала бойына мәдениет пен жауапкершілікті сіңіру мақсаты жатыр. Қазіргі таңда орталықтағы әрбір бағдарламада осы ұстаным айқын көрінеді: тіл дамыту сабақтарында қазақтың шешендік өнеріне мән беріледі, шығармашылық бағыттарда ұлттық өнер элементтері қамтылады, ал логопедиялық жұмыстарда баланың сөйлеу мәдениеті мен әдептілігі қатар үйретіледі. Мұның барлығы – ұлттық құндылықтарды сақтап, жаңа заманға бейім ұрпақ тәрбиелеуге жасалған жүйелі қадамдар», – дейді маман.

Орталықта серіктестік негізінде жаңа бағыттар енгізілді. Бұл қадам – тәжірибелі маманның өмірлік тәжірибесі мен жас маманның тың көзқарасын ұштастырудың нәтижесі. Жаңа серіктес ретінде қосылған Ақерке Иниат ағылшын тілінің маманы. Ол шет тілін оқытуды кәсіби деңгейде меңгерген және балаларға тілді үйретудің заманауи әдістерін қолданады. Ақерке орталыққа келгеннен кейін өзінің жасампаздығын білікті  ұстаз Қасиет Ережепбайқызының педагогикалық тәжірибесімен үйлестірді. Нәтижесінде оқу бағдарламалары жанданып, балалар үшін қызықты әрі тиімді бағыттар ашылды. Мәселен, шығармашылық сабақтарда ұлттық дәстүр мен әлемдік тәжірибе сабақтастырыла бастады.

Бұл серіктестік тек қосымша бағыттарды енгізумен шектелмей, орталықтың мазмұнын байытып, оны жаңа деңгейге көтерді.

«Басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, балаға жүйелі тәрбие мен сапалы білім беру. Қасиет тәжірибелі маман, ал мен жас буын өкілімін. Тәжірибелі ұстаздың білігі мен жас маманның креативі қосылғанда, ерекше нәтиже шығатынына сенеміз. Солтүстік өңірде қазақилықтың иісін сездіргіміз келеді», – деп ойымен бөлісті ұстаз.

Бұл серіктестік тек тәжірибе мен креативті біріктірумен шектелмейді. Ол – балаларға арналған сапалы білім мен тәрбиенің кепілі. Жас маманның жаңа әдістемелері тәжірибелі педагогтың кәсіби білімімен ұштасып, балаларға жан-жақты даму мүмкіндігін береді.

«Қазіргі таңда бізде түрлі үйірмелер жұмыс істеп тұр, ал жақын арада дефектолог қызметін қосуды жоспарлап отырмыз. Білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, балаларды шығармашылыққа баулуды көздейміз. Бұл серіктестік қазақилық идеясына негізделді. Қасиеттің еңбегін көргеннен кейін, сапалы әрі нәтижелі білім бере алатынымызға сеніміміз нығая түсті. Әр бала бізге жай келіп кетпейді, біз оның болашағына кішкентай болса да үлес қосамыз деп ойлаймыз», — деп толықтырды Ақерке Әсембекқызы.

«Ерке-Сартай» орталығында әртүрлі бағыттағы курстар мен үйірмелер жұмыс істейді. Негізгі бағыттардың бірі – жылдам оқу курсы. Ол балалардың мәтінді тез әрі мәнерлеп оқып, ақпаратты қысқа уақыт ішінде түсіну дағдысын қалыптастырады. Математика сабағы мектеп бағдарламасынан тыс күрделірек есептерді шешу арқылы логикалық ойлау қабілетін дамытады. Көркем жазу және каллиграфия үйірмелері – қазіргі балалардың қолжазба мәдениетін жетілдіруге арналған. Бұл бағыт жазу әдемілігін ғана емес, тәртіп пен ұқыптылықты да қалыптастырады.

Орталықта сондай-ақ ағылшын және түрік тілдері оқытылады. Бұл курстар балаларды көптілді ортаға дайындап, олардың болашақтағы білім алу және кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ал логопед қызметі – тіл бұзылысы бар балалар үшін аса маңызды. Мұнда сөйлеу кемшіліктерін түзету, дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету және қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі.

Ерекше назар аударатын бағыттың бірі – «Жас ғалым» курсы. Бұл бағдарлама жаратылыстану пәндерін тереңдете оқытуға негізделген. Балалар күн энергиясы, масса, теңіздегі құбылыстар, табиғи процестер сияқты қызықты тақырыптарды зерттейді. Бұл курс – мектеп бағдарламасында жеткілікті дәрежеде қамтылмайтын ғылыми ізденісті толықтырады.

Орталықтағы шығармашылық үйірмелер де балалардың дамуына үлкен үлес қосады. Олардың қатарында көркем жазу, қатесіз диктант, жылдам оқу, музыка және өнер бағыттары бар. Мұнымен қатар, қазақ биі мен ұлттық сән үлгілері де оқытылады. Бұл – балаларды өнерге баулумен қатар, ұлттық мәдениетті дәріптеудің тиімді жолы.

Әр курс пен үйірме нақты қажеттіліктен туындаған. Мәселен, каллиграфия – балалардың жазу дағдысын жақсарту үшін, «Жас ғалым» – жаратылыстануды тереңірек зерттеуге, қазақша би мен сән үлгілері – ұлттық болмысты дәріптеп, балалардың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталған.

Балалар орталыққа мектепке дейінгі даярлық тобынан бастап 5-сыныпқа дейінгі аралықта қатыса алады. Барлық курстар ақылы негізде жүргізіледі. Дегенмен, орталық әлеуметтік әділеттілікті сақтау үшін бірқатар жеңілдіктерді қарастырған. Атап айтқанда, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, ата-анасының бірінен айырылған жеткіншектерге, әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелеріне арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Бұл – орталықтың әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісі. Сонымен қатар, егер бір ата-ана немесе оқушы өзінің көршісін немесе туысын қосып әкелсе, ол да жеңілдікке ие болады. Мұндай тәсіл бір жағынан балалардың білім алуына мүмкіндік берсе, екінші жағынан орталықтың қамту аясын кеңейтуге ықпал етеді..

Толық ақпарат алу және курстарға жазылу үшін орталықтың Instagram парақшасы – erke_sartai арқылы хабарласуға болады. Бұл ата-аналар үшін де, балалар үшін де ең ыңғайлы әрі жедел байланыс жолы саналады. Әлеуметтік желі арқылы орталықтың соңғы жаңалықтарымен танысып, сабақ кестесін білуге, бағасы мен жеңілдіктері жайлы ақпарат алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ ата-аналар өз сұрақтарын тікелей қойып, баласына ең қолайлы бағытты таңдай алады.

Қорыта айтсақ, «Ерке-Сартай орталығы» – тек білім орны емес, ұлттық тәрбиені, шығармашылықты және заманауи білімді үйлестіретін ерекше мектептік және қосымша білім беру орталығы. Бұл орталық арқылы балалар тек пәндерді меңгеріп қана қоймай, қазақи дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарды да бойына сіңіреді. «Адамға білім де, тәрбие де керек» деген мақал осы орталықты бейнелеп тұр.

Болашақта орталықтың дамуы – жастарға сапалы білім беру мен ұлттық тәрбиені қатар жүргізудің үлгісі болмақ. Тәжірибелі мамандар мен жас мамандардың бірлескен еңбегі нәтижесінде, орталық балаларға жан-жақты, сапалы, шығармашылыққа баулитын білім беруді жалғастырады. Ұрпаққа берілетін әрбір сабақ, әрбір үйірме – қазақи нақыш пен ұлттық құндылықтарды сақтаудың бір кірпішіндей.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суреттерді түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *