Рудныйда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу реквиемі өтті

Қазақстанда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Бұл атаулы күн 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен бекітілген. Содан бері еліміз бұл күні жазықсыз жазаланған, террор мен жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алады. Бұл күн тарихи жадымызды сақтау мен мұндай қасіретті оқиғалардың қайталануына жол бермеудің маңыздылығын еске салады.

Рудный қаласында осы күнмен тағдырлас 168 адам тұрады. Сол кезеңді еске алу мақсатында қалада бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – қалалық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері Александр Кургузкиннің  зейнеткерлер клубы мен ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесуі. Іс-шара «Жанұя» отбасы және белсенді ұзақ өмірді қолдау орталығында өтті.

– 90-жылдары Тәуелсіздікті алғаннан кейін біз сол уақыттағы саясаттың заңсыздығы мен қателіктерін – 90-жылдары Тәуелсіздікті алғаннан кейін біз сол уақыттағы саясаттың заңсыздығы мен қателіктерін растайтын деректермен біртіндеп таныса бастадық, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов. – Бүгінде аға буын өкілдерінің сол қиын-қыстау кезеңде ел зиялыларының, ұлттың асыл перзенттерінің қандай жағдайда болғанын білуі аса маңызды. Тәуелсіздік пен бостандық идеалдары үшін күрескен бұл адамдар, сол кездегі Кеңес үкіметінің «әділет», «ынтымақ» пен «өркендеу» деген ұрандарына қарамастан, қуғын-сүргінге ұшырады. Шын мәнінде, дәл сол әділет пен бостандықты қалайтындар жазаланды.

Бүгінде 300 мыңнан астам қуғын-сүргін құрбанының ақталғаны белгілі. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, егер қуғын-сүргін мен ашаршылық болмағанда, Қазақстан халқының саны 50 миллионнан асуы мүмкін еді. Қазір – 20 миллион, ал мүмкін болғаны – 50… Еліміздің ең таңдаулы азаматтары көз жұмды, бұл – орны толмас өкініш. Жастарға бұл қасіретті тарихты білу өте маңызды екенін айтқым келеді. Себебі, өткенді білу – саналы шешім қабылдап, әділетті және гүлденген Қазақстанды құруға жол ашады.

Александр Кургузкин 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – ел тарихындағы қаралы беттерді еске салып, терең ойға жетелейтін рухани реквием іспетті екенін атап өтті. Бұл – ұлттық зиялылар жаппай жойылған уақыт. Олар ел дамуына орасан үлес қоса алатын тұлғалар еді, бірақ әділетсіз сотталды. Көптеген адамдар тек қуғын-сүргінге ұшырағандардың туысы болғаны үшін жазаланды, ал тағылған айыптар көбінесе мүлде қисынсыз болатын.

– Мұндай іс-шаралардың ең басты мақсаты – мұндай жағдайлардың енді ешқашан қайталанбауын еске салу. Еліміз ешқашан адамдар түнде ұйқыға кетіп, таңертең НКВД жалған айыппен келіп алып кетеді ме деп қорқатын уақытты бастан кешпеуі тиіс. Кейде адамның айтқан бір әзілін немесе болмашы нәрселерін себеп етіп, тұтқындайтын, – дейді Александр Григорьевич. – Біздің қаламызда саяси қуғын-сүргін құрбаны, адам төзгісіз жағдайда қаза тапқан Міржақып Дулатовтың есімі берілген мектеп бар. Орта мектеп №15-тің ұжымына зор алғысымды білдіремін. Олар Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне, Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына және мектептің мерейтойына арналған көрме ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бұл іс-шара көптеген адамдардың еңбегімен жүзеге асты.

Көрмеде тек Міржақып Дулатовқа ғана емес, Ахмет Байтұрсынұлына арналған өмірбаяндық кітаптарды да көруге болады. Мысалы, олардың өмірі мен қызметі жайлы баяндалатын кітаптар ұсынылды. Сонымен қатар, олар туралы түсірілген фильмдер жөнінде мәлімет беретін кинолента іспеттес материалдар да қойылған. Өкінішке қарай, мұндай фильмдер көпшілікке беймәлім. Олар ұмыт қалған есімдерді жаңғыртып, тарихи құжаттарды жарыққа шығарып, ұлы тұлғалар жайлы жаңа деректер ашады.

Міржақып Дулатов – тек мәдениет пен зиялы қауым өкілі ғана емес, саяси сауатты азамат болған. Ол Ахмет Байтұрсыновпен бірге «Алаш» саяси қозғалысының жетекшілерінің бірі еді. Егер олардың идеялары іске асқан болса, бәлкім, Кеңестік Ресейде, әсіресе ұлттық аймақтарда болған көптеген қасіреттердің алдын алуға болар ма еді…

Статистикаға сүйенсек, 1921 жылдан 1954 жылға дейін Қазақстанда шамамен 100 мың адам сотталған, оның ішінде 25 мыңға жуығы НКВД-ның «үштігі» немесе арнаулы кеңестерінің шешімімен атылған. Жалпы, КСРО бойынша саяси қуғын-сүргіннен 25–26 миллион адам зардап шеккен. Олардың ішінде 17 миллионы ГУЛАГ лагерлерінен өткен, әр оныншы тұтқын сол жерде қаза тапқан. Тағы 7 миллионға жуық адам «бай-құлақ» ретінде тәркіленіп, жер аударылған. Бұл сандар – жай ғана құрғақ статистика емес. Әрбір санның артында – үзілген тағдырлар, қиылған өмірлер, үмітсіздік пен мұң жатыр.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым – халқымыздың еркіндігі мен әділеттілік жолында төленген аса ауыр құрбандықтың мәңгілік естелігі болып қала береді.

 

Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,

суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *