Рудныйда тұрғын үй құрылысы мен тозған үйлерді қалпына келтіру қарқынды жүргізілуде

Рудный қаласында өткен қалалық мәслихаттың кезекті 11-сессиясында қала әкімі Виктор Ионенко, сондай-ақ Қашар және Горняцкий кенттерінің әкімдері өздерінің жұмыстары туралы есеп берді. Қала әкімнің айтуынша, Рудныйдың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Қалада инфрақұрылымды жаңарту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі

Соңғы екі жылда қалада жаңа тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. 2023 жылы 43 015 м² немесе 273 пәтер пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 6,1%-ға жоғары. 2024 жылы 45 171 м² немесе 425 пәтер тапсырылды. Бұл өткен жылға қарағанда 5%-ға көп.

– 2023 жылы төрт тұрғын үй қалпына келтірілді. Біз 2,3 миллиард теңгеге 200-ден астам пәтер сатып алып, оларды кезекте тұрғандарға бердік. 2024 жылы 10 тұрғын үйді қалпына келтіріп, 425 пәтерді 8,2 миллиард теңгеге игілікке бердік. Қалғаны – төрт үй. Ленин көшесі, 213 мекенжайы бойынша конкурс жарияланған еді, өкінішке қарай, аукцион өтпеді. Қазір конкурс жаңа тәртіппен өткізіліп жатыр. Үміттенеміз, мердігер анықталып, үйді қалпына келтіру жұмыстары басталады. Ал Ленин көшесі, 70 «Б» үйіне қатысты соңғы сот шешімдері алынды. Енді нысан толықтай әкімдік меншігіне өтті. Келесі қадам – құжаттарды рәсімдеу және тіркеу, содан кейін үйді аукционға шығару. Ол үшін бағалау, техникалық сараптама, жылжымайтын мүлік органдарында тіркеу және басқа да міндетті рәсімдер жүргізілуі қажет. Бұдан бөлек, Қашар кентінде 216 пәтерге арналған үш үйді қалпына келтіру көзделген. Солардың бірі – №8 үй аукционда сатылып, мердігерлер жұмысты бастап кетті, – деді Виктор Ионенко.

Тозған үйлерді қалпына келтіру

Қазіргі таңда қалада 4 көпқабатты үйді қайта жаңарту жоспарланған:

  • Ленин көшесі, 213Б – 99 пәтер (құны 1,242 млрд тг);
  • Ленин көшесі, 70Б – 99 пәтер (1,242 млрд тг);
  • 50 лет Октября, 57 – 40 пәтер (867,1 млн тг);
  • Космонавт, 21 – 22 пәтер (693,4 млн тг).

Барлығы – 260 пәтер, жалпы құны 4,0 млрд теңге.

Қашар кентіндегі жұмыстар

Қалаға қарасты Қашар кентінде де тозған үйлерді қалпына келтіру қолға алынған. Мұнда 216 пәтерді қамтитын 3 ғимарат жөнделеді: №12 жатақхана– 70 пәтер (705,2 млн тг), №13 жатақхана – 70 пәтер (705,2 млн тг) және №84 ғимарат – 76 пәтер (1,026 млрд тг). Жалпы құны – 2,4 млрд теңге.

Осылайша, Рудный мен Қашарда алдағы уақытта 476 пәтерлі 7 тұрғын үй қайта қалпына келтірілмек. Жобалардың жиынтық құны 6,48 млрд теңгені құрайды.

Әкім Виктор Ионенко атап өткендей, тұрғын үй мәселесін шешу – қала үшін басым бағыттардың бірі. Алдағы жылдары да бос үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету қарқыны бәсеңдемек емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *