Рудныйда қазақ тілінде оқытатын балабақшалар саны екі есе артты

Рудный қаласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы қалалық білім бөлімі басшысы Темірхан Жайлыбаев хабарлады.

Бүгінде қалада 23 балабақша жұмыс істейді, оның ішінде 16 – мемлекеттік, 7 – жекеменшік. Бір балабақша толығымен қазақ тілінде қызмет етеді, қалған 15 балабақшада аралас тілде тәрбие мен білім беріледі.

Мемлекеттік тілдегі топтар санын арттыру мақсатында 2021–2025 жылдарға арналған және 2026–2030 жылдарға арналған Жол карталары әзірленіп, іске асырылуда.

2024–2025 оқу жылында №1, 2, 3, 4, 7, 10, 11, 12, 14 балабақшаларында және «Образовательный партнер» жеке ұйымында қазақ тілінде білім беретін 10 жаңа топ ашылды. Ал 2025–2026 оқу жылының басында тағы 6 топ (№1, 2, 6, 7, 8 және 16 балабақшаларында) қосылды. Осылайша, қаладағы барлық мемлекеттік балабақшаларда қазақ тілінде оқыту енгізілді.

Сонымен қатар, 50 жыл Октябрь көшесі, 134А мекенжайында орналасқан жаңа «Іңкәрім» балабақшасында мемлекеттік тілде жұмыс істейтін 7 топ ашылған. Мұнда 2 жастағы балаларға арналған 80 орын, 4 жастағыларға – 75 орын, 5 жастағыларға – 25 орын қарастырылған.

Білім беру жүйесінің «INDIGO» базасы бойынша 2025 жылғы 6 қазан жағдайында қаладағы қазақ тіліндегі топтарда 53 бос орын бар. Олар №1, 2, 3, 5, 9, 16 балабақшаларында, сондай-ақ «Жас бөбек», «Білім серіктесі» және «Іңкәрім» балабақшаларында орналасқан.

Темірхан Жайлыбаевтың айтуынша, 2023–2024 оқу жылында мемлекеттік тілде тәрбиеленушілердің үлесі 15 пайыз болса, 2025–2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 31 пайызға дейін өскен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *