Қан қысымы мен қант деңгейі – әр адамның болашағына әсер ететін негізгі көрсеткіштер
Дүниежүзілік денсаулық апталығы аясында Рудный қаласында «Өз көрсеткіштеріңді біл» атты алдын алу шарасы ұйымдастырылды. «Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өткен бұл акция кезінде медицина мамандары қатысушылардың қан қысымы мен қанындағы қант мөлшерін өлшеп қана қоймай, осы қарапайым деректердің адам өмірі мен саулығы үшін қаншалықты шешуші мәнге ие екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
«Жанұя» орталығында өткен көшпелі шараға Рудный қалалық көпбейінді ауруханасының білікті мамандары қатысты. Жиынға денсаулығын нығайтып, белсенді ұзақ өмір сүруді мақсат тұтқан 28-ге жуық қала тұрғыны жиналды. Шараның басты межесі – халықтың артериялық қан қысымы мен қандағы қант деңгейін жүйелі түрде қадағалап отырудың маңыздылығы жайлы ақпараттық сауаттылығын арттыру.
Аурухананың терапия қызметінің жетекшісі Зарина Шуинова бұл орынның кездейсоқ таңдалмағанын жеткізді:
«Жанұя» орталығын таңдауымыздың өзіндік себебі бар. Мұнда арнайы денсаулық мектебі жұмыс істейді. Орталықтың атауы айтып тұрғандай, мұнда денсаулығына бейжай қарамайтын, түрлі үйірмелерге, спортзалға, зумбаға қатысатын, уақытын тек үйде отырып өткізбей, өз күтіміне белсенді көңіл бөлетін жандар жиналады. Егер олар осы орталыққа келсе, демек, өз денсаулығына зор жауапкершілікпен қарайды және алдағы ұзақ жылдар бойы тың болғысы келеді деп есептеймін. Міндетіміз – осы мақсатқа жетуге қажетті әдіс-тәсілдерді үйрету. Акция «Өз көрсеткіштеріңді біл» деп аталады, өйткені күнделікті өмірдегі ең негізгі екі көрсеткіш – артериялық қан қысымы мен қант деңгейі үнемі бақылауда болуы тиіс. Дәл осы көрсеткіштер бүгінде өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып табылатын жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, артериялық гипертензия – адамға ешқандай ауырсыну сезіндірмей-ақ, соңы өте ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын қауіпті дерт».
Дәрігердің сөзінше, қазіргі таңда жастар арасында аурудың асқынып кетуі жиілеп кеткені үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.
«Бүгінде инсульт пен инфаркт айтарлықтай «жасарып» кетті. Қабылдау бөлімінде жұмыс істеймін, күн сайын жедел жәрдем көлігімен жас ерлер мен әйелдердің келіп түсетініне куә боламын. Мұның басты себебі біреу – ол қан қысымын бақыламау және тағайындалған емді орындамау. Адамдардың еш жері ауырмағандықтан, дәрі-дәрмек ішпейді, көрсеткіштерін өлшемейді. Алайда гипертензияның басты қауіптілігі де осында – ол бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермейді, бірақ кейін мүгедектікке немесе тіпті өлімге әкеп соқтыратын ауыр асқынулар ретінде бір-ақ көрініс береді», – деп түсіндірді Зарина Шуинова.
Кездесудің жеке бір бөлімі бүгінде әлем бойынша өте жылдам таралып жатқан дерт – қант диабетіне арналды.
«Қант диабеті – бұл жаһандық мәселе және жыл өткен сайын науқастар қатары артып келеді. Бұл ауру да «жасаруда». Оған, соның ішінде, тіпті балалар арасындағы семіздіктің белең алуы да себеп болуда. Сонымен қатар, диабет бастапқы кезеңдерде айқын белгілерсіз, «үнсіз» өтеді. Адам ауру асқынып, ауыр зардаптарға соқтырғанша өзінің сырқат екенін сезбеуі мүмкін. Ал оның салдары қан тамырларының, бүйректің, жүректің және бас миының зақымдануына әкеледі. Біздің қаламызда созылмалы диализге тәуелді емделушілер бар және олардың басым бөлігі дәл осы қант диабетіне шалдыққан жандар. Сондықтан жылына кемінде бір рет талдама тапсырып, қандағы қант деңгейін бақылап отыру өте маңызды», – дейді Рудный қалалық көпбейінді ауруханасының терапия қызметінің жетекшісі.
Өзара ақпарат алмасу барысында қатысушылар белсенділік танытып, әсіресе гипертония кезінде дәрі-дәрмек қабылдау тәртібіне қатысты сұрақтарын қойды. Маманның айтуынша, ең көп тараған қателіктердің бірі – емдеу шараларын өз бетінше тоқтату.
«Өкінішке қарай, адамдар жиі бір қателікке бой алдырады: қан қысымы қалыпқа түскен бойда олар дәрі қабылдауды тоқтатып, өздеріне «дәрі-дәрмек демалысын» жариялайды. Бұлай істеуге мүлдем болмайды. Гипертензия ешқайда жоғалмайды. Сіз дәрі ішуді тоқтатқан кезде, белгілі бір уақыттан кейін қан қысымы қайтадан көтеріле бастайды. Көбіне бұл процесс өте күрт жүріп, көрсеткіштер 180–200 немесе одан да жоғары қауіпті деңгейге дейін жетеді. Дәл осындай сәттерде адам инсульт пен инфарктқа ұшырайды. Ең қауіптісі – науқас соңғы сәтке дейін ешқандай ауру белгілерін сезбеуі мүмкін. Сондықтан емдеу шаралары дәрігердің қадағалауымен тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Егер тағайындалған терапия тиісті нәтиже бермесе, оны тоқтату емес, түзету қажет».
Дәрі-дәрмекпен емдеуден бөлек, кездесуде салауатты өмір салтын ұстану мәселесіне де баса назар аударылды. Маманның айтуынша, адамның денсаулық жағдайы көбіне оның күнделікті әдеттеріне тікелей байланысты.
«Жастықты қайтарып беретін сиқырлы дәрі жоқ. Бірақ нәтижесі нақты көрінетін қарапайым қағидалар бар: олар қан қысымын, қант пен холестерин деңгейін бақылау, толыққанды ұйқы және дұрыс тамақтану. Мысалы, қант пен тұзды тұтынуды шектеп, тағам рационында көкөністер үлесін арттыру, ақуыз бен көмірсу тепе-теңдігін сақтау маңызды. Осы факторлардың барлығы қан тамырлары мен ішкі мүшелердің күйіне тікелей әсер етеді. Біздің ағзамыз біртұтас жүйе, сондықтан бір тізбектегі іркіліс бүкіл ағзаға кері әсер ететін реакцияны тудырады».
Акция қорытындысы бойынша барлық ниет білдірушілер қан қысымы мен қант деңгейін өлшетіп, мамандардан жеке кеңестер алды. Болашақта медицина қызметкерлері мұндай көшпелі іс-шараларды өткізу аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО