Қаламыздың көшелеріне жасыл желек егілді

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Рудный қаласында кезекті ауқымды көгалдандыру шарасы ұйымдастырылды. Табиғатты қорғау мен қала көркін ажарландыруды мақсат еткен бұл игі іске мемлекеттік мекемелердің басшылары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері мен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері бір кісідей атсалысты.
Бұл жолғы көгалдандыру жұмыстарының негізгі нысаны ретінде қалалық мешітке іргелес жатқан аумақ пен Комсомол даңғылы таңдап алынды. Шара барысында 40-тан астам қарағай көшеті отырғызылып, жаңа жасыл желек белдеуінің негізі қаланды. Мұндай бастамалар қоршаған ортаны көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың туған жердің тазалығы мен келбетіне деген жанашырлығын арттыруда маңызды рөл атқарады.

«Рудный қаласы әкімінің аппараты» ММ басшысы Жанна Джамбурчина бұл шараның маңыздылығына тоқталып, қаланың болашақ келбеті туралы өз ойымен бөлісті. Оның пікірінше, биылғы көктемгі науқан ерекше қарқынмен өтуде.
«Қаламызда дәстүрлі түрде өткізілетін көгалдандыру және абаттандыру акциясы жалғасын табуда. Игі іске 50-ден астам адам қатысты. Жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде осындай шараларды дәстүрге айналдырғанбыз. Биыл Комсомол даңғылындағы бос орындарды, мешіт ауласын, аурухана маңын және балаларды дамыту шығармашылық орталығының айналасын көгалдандыруды қолға алдық. Басты мақсатымыз – Комсомол даңғылын қаламыздағы ең әдемі көшеге айналдыру. Жол төсемдерін ауыстыру жұмыстары да қатар жүргізіледі, сондықтан жаз мезгілінде бұл аймақ жаңарайын деп тұр», – деді ол.
Сондай-ақ, Жанна Ерманқызы абаттандыру жұмыстарына қажетті барлық құрал-жабдықтар мен техниканы ТҮКШ бөлімі қамтамасыз еткенін атап өтті. Бұл жұмыстарға «РАХАТ-2018» ЖШС, ТҮКШ бөлімі, Мәдениет, демалыс және шығармашылық орталығының ұжымдары белсенді қатысты. Даңғыл бойында жаңа орындықтар орнатылып, алдағы уақытта субұрқақтың іске қосылуы жоспарлануда, бұл өз кезегінде қала тұрғындарының таза ауада демалып, жайлы уақыт өткізуіне мүмкіндік береді.
Жанна Джамбурчина өз сөзінде тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырды.
«Рудный – ортақ үйіміз, сондықтан әрбір адам өз ауласынан бастап тазалық сақтауы тиіс. «Таза Қазақстан», «Таза қала», «Таза аула» акциялары аясында барлық тұрғындарды, әсіресе жастарды сенбіліктерге қатысып, қаланың дамуына үлес қосуға шақырамыз. Біз өскелең ұрпаққа үлгі болуымыз керек», – деп түйіндеді ол.
Көгалдандыру шарасына қалалық мешіттің ұжымы да ерекше қолдау көрсетті. Қалалық мешіттің бас имамы Серік Рахым ағаш отырғызудың сауапты іс екенін және қоғамдық жұмыстарға жұмыла қатысудың маңыздылығын атап өтті:
«Еліміз бойынша «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды жалғасуда. Көпшілікпен істелетін жұмысқа әрбір азамат атсалысуы қажет. Қаламыз таза болып, қоқыс тасталмаса, бұл біз үшін де, қала қонақтары үшін де жақсы. Соңғы жылдары мешіт маңында субұрқақтар орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Осындай бірлігімізден Алла айырмасын», – деді имам.
Экологиялық шараның алдыңғы шебінде Рудный қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері мен мүшелері де болды. Орталық басшысы Ақбілек Шохова жастардың табиғатты аялауға деген құлшынысы жоғары екенін жеткізді.
«Шараға мемлекеттік мекеме басшыларымен қатар біздің орталықтың жастары да қатысуда. Өз тарапымыздан 5-ке жуық шырша ектік. Отырғызылған көшеттерді бірден суарып, күтім жасау жұмыстарын бастап кеттік. Әрбір қатысушы өзі еккен ағаштың қалай өсіп жатқанын бақылап, қаланың жасыл белдеуіне өз үлесін қосатын болады», – дейді ол.

Бірлесе еңбек ету арқылы Рудный қаласын одан әрі жасыл, көрікті әрі жайлы мекенге айналдыру – әрбір тұрғынның азаматтық парызы. Мұндай игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО