Рухани сауаттылық – адасудан сақтайтын қалқан

Неге имамдар көркем әдебиет оқуға шақырады?

Қазіргі таңда дін мәселесі тек мешіт қабырғасымен шектелмейтін, қоғамның тұтастығына, ұлттық қауіпсіздікке және жас буынның тәрбиесіне тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды факторға айналды.

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахыммен болған сұхбатта дін мен қоғамның өзара байланысы, заманауи мұсылманның келбеті және жат ағымдардан сақтану жолдары туралы маңызды мәселелер көтерілді.

Бас имамның пайымдауынша, шынайы діндар адам тек діни қағидалармен шектеліп қалмай, қоғамның мәдени және зияткерлік деңгейіне сай болуы тиіс. Имам жастарды жан-жақты болуға, тарих пен әдебиетті терең меңгеруге шақырады.

«Кітап, журнал, газет оқымаған адамның ойы толық болмайды. Егер сен қазақ әдебиетін, тарихын білмесең, айтатын сөзің де дұрыс болмайды. Оны халыққа қалай жеткізесің? Менің түсінігімде, кітап оқымаған адам – надан адам», – дейді Серік Рахым.

Имамның өзі «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау мақсатында «Айына бір кітап» идеясын жеке үлгі ретінде қолға алған. Оның айтуынша, қазақстандық мұсылман Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесін», Бауыржан Момышұлының еңбектерін, «Көшпенділер» мен «Абай жолы» романдарын оқып, ұлттық поэзиядан сусындауы қажет. Бұл – дін мен ұлттық болмысты ұштастырудың басты жолы.

Сұхбат барысында қоғамда пікірталас тудырған Наурыз мейрамына қатысты мәселеге де нүкте қойылды. Имам Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және ұлттық мерекелерді «харам» деп жоққа шығарудың қате екенін баса айтты.

«Мұсылман еліне, жеріне, халқына пайдасы тиген адам. Дін еш уақытта ұлтты бөлмейді, ол елдің бірлігі мен ынтымағына шақырады. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, бізге дінге ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан Наурыз сияқты ресми мерекелерді харамға теңеп, жоққа шығару діни тұрғыдан да, заң тұрғысынан да дұрыс емес», – деп түйіндеді имам.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердегі діни ақпараттардың бақылаусыз таралуы қоғам үшін үлкен қауіп. Серік Рахым жастарға ақпараттық сүзгі қоюды және тек ресми дереккөздерге сенуді ескертеді.

Құрметті оқырман! Дін атынан сөйлейтін адамның ресми діни басқарма өкілі немесе имам екеніне көз жеткізу қажет. Діни ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми ресурстары мен бекітілген имамдардың парақшаларына сүйенуді ұсынамыз. Ескере кететін жайт, мешіттерде ұсынылатын және сатылымдағы барлық әдебиеттер алдын ала мүфтият сараптамасынан өтіп, арнайы мақұлданған.

Діннің қоғамдағы басты мақсаты – адамның ішкі мәдениеті мен мінез-құлқын тәрбиелеу. Имамның айтуынша, ислам тек құлшылық емес, ол тәрбие мен тәлім.

«Мұсылман қолымен де, тілімен де өзгеге зиян тигізбеген адам. Дін болуы үшін иман, шариғат және ихсан (көркем мінез) керек. Әрбір іс-әрекетімізді Алла көріп тұр деп, ізгілікпен атқаруымыз қажет», – дейді Серік Рахым.

Рудный қаласының рухани өміріндегі бұл ұстаным – жастарды ғылым мен білімге, әдебиет пен тарихқа баулу арқылы кемел тұлға қалыптастырудың айқын мысалы. Ел ертеңі – білімді, сауатты және өз ұлтының тарихын қадірлейтін жастардың қолында.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,

суретті түсірген Даниил САЕНКО