Сахна саңлақтары

Рудныйлық оқушы-жайдарманшылардың алғашқы қадамы

Рудный қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы білім ордасында нағыз күлкі мейрамы өтті. Мектепішілік «Жайдарман» ойындары оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, сахна мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ерекше жоба болды. Бұл кеш – болашақ өнерпаздардың актерлік шеберлігі сыналған, жастық жалын мен әзіл астасқан танымдық алаңға айналды.

Сайысқа мектептің әр түрлі буынынан жиналған 8 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Әр ұжымның атауы мен құрамы олардың өзіндік ерекшелігін айқындап тұрды:

«Кішкентай Комиктер» – бастауыш сынып оқушылары;

 «Бестік League» 5-сыныптардың құрамасы;

 «Сарбаз STYLE» 6 «Ә»

сыныбы;

 «Күлкі құрама» 6 «А», «Б», «В» сыныптарының ортақ тобы;

 «Әзіл Energy» 7-сыныптар;

 «Offline әзіл» 8-сыныптар;

 «Асханадағы кезек»

8 «А» сыныбы;

 «Қазақ жігіттері»

10-сынып оқушылары.

Ойын екі кезеңнен тұрды. Бірінші – «Сәлемдесу» кезеңінде командалар өздерін таныстырып, визит карталарын ұсынса, екінші – «Биатлон» (жамбы ату) кезеңінде тапқырлықтары мен қысқа қайырымды өткір әзілдерін паш етті.

Сайысқа төрелік еткен әділ қазылар алқасының құрамында республикалық «Жайдарман» ойындарының Жоғарғы лига фавориті, вице-чемпион, «Рудный құрамасы» командасының капитаны және «QC» холдингінің амбассадоры Қазыбек Нұрғожин болды. Кәсіби маман мектеп қабырғасындағы алғашқы ойынға жоғары баға берді:

«Рудный жайдарманының намысын халықаралық деңгейде қорғап жүргендіктен, жас буынды бағалауға қуана келдім. Бұл – қатысушылардың сахнадағы ең алғашқы тәжірибесі. Сондықтан біз әзілдердің сапасына қарағанда (көбісі қайталанған болса да), оқушылардың актерлік шеберлігіне басымдық бердік. Жайдарманға деген қызығушылық әлі де жоғары. Мен де кезінде 8-9 сыныптарда ойнай бастағанмын. Бұл жастардың арасынан келешекте «топ» ойыншылар шығады деп сенемін», – деп атап өтті Қазыбек Мархабатұлы.

Сайыс алаңындағы атмосфера ерекше болды. Әр қатысушы үшін сахна – үлкен мектеп.

Рауан Ибрагимов – 5 «В» сыныбы, «Жұлдыздар» тобының мүшесі:

«9 бала болып 2 күн бойы дайындалдық, барымызды салдық. Бірінші болып шығу жауапты болды, бірақ маған қатты ұнады. Күлкі сыйлағанды жақсы көремін және болашақта да қатысқым келеді».

10-сынып оқушысы Ернұр Қожақұлов үшін бұл тек ойын емес, өзін-өзі дамыту мүмкіндігі болған.

«ҰБТ-ға дайындықпен қатар жүргендіктен, бар болғаны 2 сағаттай уақыт бөлдік. Басында қобалжу мен қорқыныш болғаны рас, өйткені сахнаның аурасы бөлек. Бірақ біз топпен жұмыс істеп, әзілді жаттамай, еркін айтуды үйрендік. Сахна адамға өзін еркін ұстауға, көпшіліктің алдында өзін көрсетуге көмектеседі», – дейді Ернұр.

Қызу тартыс пен толассыз күлкіден кейін төрешілер шешімімен жеңімпаздар анықталды

І орын – «Кішкентай Комиктер» 

ІІ орын – «Сарбаз STYLE» 

ІІІ орын – «Күлкі құрамасы» мен «Бестік League» командасы

Рудныйлық жас өрендердің бұл алғашқы қадамы үлкен сахналарға жол ашатыны сөзсіз.

Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,

суретті түсірген Даниил САЕНКО