№11 мектепте балаларға табиғатты сыйлап, қоршаған ортаны сақтауды үйретуге ерекше көңіл бөлінуде
Рудный қаласындағы №11 мектепте экологиялық тәрбие оқушылардың күнделікті өмірінде терең орныққан. Мұнда жас ұрпақ табиғатты қорғауды тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде үйренеді.
Ең кіші сыныптан бастап оқушылар түрлі экологиялық акцияларға, байқауларға қатысып, қоршаған ортаға жанашырлық танытуды тәжірибе жүзінде меңгереді. Мектеп оқушылары құстарға арналған жемшашарлар жасап, макулатура мен пластик қақпақтарды жинап, шығармашылық жобаларға белсенді араласады. Сол арқылы балалардың бойында жауапкершілік пен саналы көзқарас қалыптасады.

Мектеп өміріндегі маңызды шаралардың бірі – наурыз айында дәстүрлі түрде өтетін «Ақ тырналар» фестивалі. Бұл бастама Рудный қаласы мен Қашар кентіндегі мектептер мен балабақшаларды біріктіріп, жас қатысушыларға табиғатқа деген сүйіспеншілікті көрсетуге мүмкіндік береді. Фестиваль барысында балалар түрлі аталымдар бойынша өз өнерін көрсетеді: құстарға арналған әндер айтады, өлеңдер оқиды, би билеп, қолөнер бұйымдарын таныстырады. Бұл шара тек шығармашылық қабілеттерді дамытуға емес, табиғатқа, әсіресе құстар әлеміне қызығушылық пен қамқорлықты арттыруға бағытталған.
Жуырда мектепте пластик қақпақтарды жинауға арналған экологиялық акция ұйымдастырылды. Жиналған материалдар көркем еңбек сабақтарында пайдаланып, әсем панноларға айналды. Сондай-ақ, жыл бойы макулатура жинау тұрақты түрде жүзеге асырылады. Жиналған қағаз қалдықтары эко-кешендерге тапсырылып, одан түскен қаражат жануарларға арналған панажайға жұмсалады. Қыс мезгілінде бұл бастама ерекше белсенді жүргізіледі, себебі жануарларға қосымша қолдау қажет болады.
Мектеп оқушылары қарт адамдарға арналған «Рудный» жеке пансионатында да ерікті қызмет атқарады. Экологиялық үйірме мүшелері қарттарға тірі гүлдер сыйлап, оларды күтіп-баптауға мүмкіндік жасады. Осылайша, ата-әжелер де өсімдіктерге күтім жасап, өз үлестерін қосып отыр.
Макулатура мен пластик қақпақтарды жинау жұмыстарына тек экологиялық үйірме мүшелері ғана емес, бүкіл мектеп ұжымы қатысады. Ата-аналар да бұл бастамадан шет қалмай, белсенді қолдау көрсетіп келеді: жануарларға арналған жем-шөп әкеліп, өз үлестерін қосады. Мәселен, өткен жылы панажайға бірнеше қап жарма тапсырылды. Барлық акциялар міндетті түрде құжатталып, процестің ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Мектепте қағазға арналған арнайы эко-қоқыс жәшіктері бар. Олар өткен жылы сыйға тартылған. Қазір оқу орнында осындай төрт контейнер жұмыс істейді, барлығы қабаттағы кабинеттерге орналастырылған. Жаңа жылға дайындық кезінде бұл жәшіктер кейде сыныптарға немесе дәліздерге уақытша қойылады.
– Балалар не істеу керегін жақсы біледі. Күн сайын хабарландыру жасаудың қажеті жоқ, кабинеттерде арнайы қораптар бар. Олар толғанда, мысалы, «200-кабинетке пакет немесе қорап әкелу керек» деп хабарлаймыз, – дейді №11 мектептің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Ольга Валебная.
Кейде бір тоқсан ішінде сыныптың бір бұрышында қағаздың тұтас үйіндісі жиналып қалады. Оқушылар оны өздері тасымалдайды немесе арнайы көлік шақырылады. Кейде акция аяқталғаннан кейін де оқушылар пластик бөтелкелер әкеліп жатады. Сол кезде жинау контейнерлері қайтадан орнатылады.
Жақында мектепте пластикті тапсыруға бағытталған «Мейірімді қақпақша» акциясы өткізіледі. Пластик қақпақтардың бағасы бөтелкелерден жоғары болғандықтан, жиналған қаражат тағы да жануарлар панажайына көмектесуге жұмсалады. Ал қаңтар айында батарейкалар мен шамдарды жинау және кәдеге жарату бойынша экологиялық курс басталады, оның үшін арнайы контейнерлер қойылады.
Экологиялық бастамалар бастауыш сыныптан жоғары сыныпқа дейінгі барлық оқушыларға арналған. Мысалы, құстарға арналған жемшашар жинау кезінде балалар оларды үйлерінен әкелді. Бұл мектептегі экологиялық идеялардың отбасында да қолдау табатынын көрсетеді.
Қазір оқу кабинеттерін безендіруге арналған акция жүріп жатыр. Балалар жасына немесе сыныбына қарамастан белсенді қатысып, сыныптарға арналған әшекейлерді өз қолдарымен жасап жатыр. Жоғары сынып оқушылары оқу жүктемесіне байланысты кейде белсенділігі төмен болса, бастауыш сынып оқушылары барлық бастамаларға әрдайым ерекше ықыласпен қатысады. Бұл балалардың үйде ата-аналарына үйреткенін айтуына және олардың қолдау көрсетуіне себеп болады.
Мектепте күзгі және көктемгі сенбіліктер дәстүрге айналған. Әр сыныпқа аумақтың белгілі бір бөлігі бекітіліп, алдын ала кесте бойынша жұмыс жасалады.

– Ата-аналар да белсенділік танытты: әкелер құлаған ағаштарды кессе, аналар бұтақтарды жинап, тасуға кірісті. Мұндай ынтымақтастық пен қолдаудың көптігі бізді шынымен таңғалдырды, – дейді Ольга Евгеньевна.
Сенбіліктерге барлық сынып оқушылары қатысады. Кішкентайлар қолдарына сыпырғыш алып, түскен жапырақтарды жинайды. Ата-аналар бұл бастаманы қолдайды, себебі бұл тек сенбілік емес, аумақты тазалауға бағытталған экологиялық акция.
Қыс мезгілінде қажет болса, аула тазалау жұмыстарына жоғары сынып оқушылары шығады. Мектепте олар көп емес: 10-сыныпта – 25 оқушы, 11-сыныпта – 12 оқушы. Жалпы мектептегі оқушылар саны 400-ден асады.
№11 мектептің экологиялық бағыттағы жұмысы сырттай да жоғары бағаланып отыр. Жуырда мектеп Рудный қаласындағы экологиялық бейнероликтер байқауында үздік деп танылды. Байқауда бір жарым минут ішінде мектептегі экологиялық жұмыстар көрсетілді.
– Мұндай қысқа уақыт ішінде бәрін көрсету оңай емес, бірақ еңбегіміз лайықты бағаланды, – дейді директордың орынбасары.
Қазір бейнеролик облыстық кезеңге жолданды.
Мектеп бұрын да осындай байқауларға қатысып келген: екі жыл бұрын қалалық кезеңде бірінші орын, облыстық кезеңде екінші орын алған. Өткен жылы да ұқсас нәтиже көрсетті, биыл қала деңгейінде үздік атанып, облыстық қорытындыны күтуде.
Сонымен қатар, мектепте жобалық жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы оқушылар бар материалдарды пайдаланып үстел үсті ойындарын жасап шығарды. Бұл ойындар балаларға үзіліс кезінде мектеп ішінде пайдалы әрі қызықты уақыт өткізуге мүмкіндік берді. Жоба қалалық деңгейде үшінші орынға ие болды.
Оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі де жақсы жолға қойылған. Оның бір бөлігі – экологиялық сектор, мектеп президенті басқаратын оқушылар парламентіне кіретін негізгі бағыттардың бірі.
Биыл мектеп президенті болып 10 «А» сынып оқушысы Елена Кудякова сайланды. Оның экологиялық бағыттағы жолы бесінші сыныптан басталған.

– Барлығы «Ақ тырналар» байқауынан басталды. Кейін «Жас эколог» үйірмесіне қатысып, белсенді болуға шешім қабылдадым, – дейді Елена.
Бесінші сыныптан бастап ол «Жас эколог» үйірмесінде белсенділік танытып, экоклубқа қосылды, кейін мектептің экологиялық секторында жетекшілік етті. Биыл мектеп президенті атанды.
Сайлау рәсімі барлық ережелерге сәйкес өтті: кандидаттар бағдарламаларын дайындап, бейнероликтер түсіріп, құпия дауыс берді, дауыс санау мектеп әкімшілігі қатысуымен жүргізілді.
– Менен жиі оқу, экология мен жеке өмірді қатар алып жүру қиын емес пе деп сұрайды. Жоқ, әрине, керісінше көмегін тигізіп жатыр. Мен өзімді тек мектепте ғана емес, қала деңгейінде де дамытып келемін, – дейді Елена.
Оның айтуынша, мектеп экологиялық сана қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. Мұнда ол ұйымдастырушылық және көшбасшылық дағдыларын меңгеріп, табиғатты қорғауды күнделікті еңбекке айналдырған.
– Экологиялық саладағы қызметімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Қалалық деңгейге шығып, мүмкін болашақ кәсібімді осы бағытқа байланыстырамын, – дейді Елена.
№11 мектептің тәжірибесі көрсеткендей, экологиялық тәрбие тек балаларға ғана емес, педагогтар мен ата-аналарға да өмірдің бір бөлігіне айналғанда тиімді нәтиже береді. Мұнда әрбір шара, акция және бастама қоғамға пайда әкеліп, болашақ ұрпақты табиғатты қадірлеуге, жауапкершілікке баулиды.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ