Рудный қаласында күзгі сенбіліктер басталды
► Дәстүр бойынша, көктем мен күзде қала тұрғындары өз қаласын таза әрі жайлы ету үшін көшеге шығып, бірлесіп жұмыс істейді. Сенбіліктер республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды. ◄
Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко қала тұрғындары мен барлық кәсіпорындарды, ұйымдарды жалпы қалалық сенбілікке белсенді қатысуға, әсіресе бұзылған ағаш бұтақтарын жинауға шақырды. 29 қыркүйектегі ауа райының қолайсыздығынан көптеген ағаштар зақымданған. Кейбіреулер сенбілікке өткен жұмада шықса, енді бірі сенбі күні атсалысты.
«Біз 50 жыл Октябрь көшесі бойын тазаладық. Ауа райының салдарынан көптеген бұтақтар сынған, жапырақтар төгілген. Бәрін жинап, бірігіп, жақсы көңіл күймен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл алғашқы күзгі сенбілігіміз және ол жоғары деңгейде. Қалалық тілдерді оқыту орталығы «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысады. Ұжым болып сенбілікке шығып, бекітілген аумақты тазаладық. Бұл бір адамның жұмысы емес. Бұл – әрбір азаматтың ортақ ісі. Ел тазалығы өзімізден басталады. Қазақстанымыз таза болсын!», – деді орталық басшысының орынбасары Әсем Туменбаева.
Аталған көшеде 60-тан астам мәдениет ұйымдарының қызметкерлері де еңбек етті.
«Біз жапырақтарды жинап, сыпырып, қоқыстарды жинақтадық. Әрине, біз қаланың көркі мен тазалығын сақтаймыз. Біз де қала тұрғындары үшін өлкеміздің таза, жайлы әрі ыңғайлы болуын қалаймыз. Жапырақтан басқа, ағаштардан түскен алмалар мен басқа да заттарды жинадық. Бірақ өкінішке қарай, кейде жануарлардың қоқыстары, қалдықтары кездеседі. Ит асырайтын тұрғындар өз жануарларының қалдырған қалдықтарын жинап жүруді әдетке айналдырса жақсы болар еді. Серуенге шыққанда өзіңізбен бірге арнайы пакет алған жөн. Сонда тұрғындар «қалай өтіп кетемін, қайда қадам басамын» деп ойланбас еді. Барша тұрғындарды тазалыққа мән беріп, қоқысты кез келген жерге тастамауға шақырамын. Кейде қоқыс жәшігі дәл қасында тұрса да, адамдар қоқысты жерге тастап кетеді, бұл дұрыс емес», – деген ойымен бөлісті кітапхана жүйесі директоры Лариса Александренко.
Лариса Александренко сенбілік үшін барлық қажетті құрал-жабдықтарды әкелінгенін айтты. Сонымен қатар, жұмыс үзіліссіз жалғасқан: бір топ қызметкерлер бекітілген аумақты тазаласа, екінші топ өз жұмыстарын жалғастырған.
«Сенбіліктер үшін арнайы қаптар мен құралдар алынды: қолғаптар, тырмалар, сыпырғыштар, күректер. Жұмыс тоқтамайды. Бұл біздің алғашқы сенбілігіміз емес – аумақ бізге 10 жылдан бері бекітілген. Алғашқы сенбіліктерде 50 жыл Октябрь көшесіндегі ағаштар кішкентай ғана еді, ал қазір олардың осыншалықты өскенін көріп, таңғалдық», – деді директор.
Қала тұрғындары мен ұйымдар ауа райының салдарынан қалған қалдықтарды жинап, тазалыққа өз үлестерін қосты: «Рудный жылу желілері» ЖШС қызметкерлері қалалық сенбілікке белсенді қатысты, көшелерді сынған ағаш бұтақтарынан тазалады. Балалар мен жасөспірімдердің даму және шығармашылық сарайының қызметкерлері сенбілікке шығып, аумақты ретке келтірді. Ал «Рудный су арнасы» ЖШС қызметкерлері Студент көшесіндегі аумақты, тротуар мен жол бөлігін жапырақ пен қоқыстан тазалады. «Жанұя» отбасы мен белсенді ұзақ өмір орталығы аумағында кезекті сенбілік өткізілді. Технология және сервис колледжінің студенттері «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, колледж аумағы мен маңын тазалады.
Жастар ресурстық орталығының еріктілері сенбі күні «Достық» паркінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Алдыңғы күні ауа райы жылы болса да, сенбі күні күздің салқыны мен жел сезілді. Дегенмен, бұл белсенді жастардың жұмысын тоқтатпады. Барлығы 19 ерікті бірнеше сағат бойы жапырақ пен қоқысты жинап, парк аумағын толық тазартты: нәтижесінде 25 қап жапырақ жиналып, парк таза, ұқыпты әрі жайлы көрініс алды.
Тіпті үйіңіздің жанында бірнеше сағат уақыт бөліп, сенбілікке қатысу арқылы қоршаған ортаны таза, жайлы әрі көрікті етуге болады. Мұндай бастамалар тек табиғатты қорғаумен ғана шектелмей, қоғамдағы ортақ жауапкершілікті күшейтіп, тұрғындар арасында бірлік пен ынтымақтастық сезімін қалыптастырады.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Айбар БЕРІК