ТЖБ: «Қауіпсіздікке қоғам болып жауапты болуымыз керек»

Рудныйда өрт қауіпсіздігі айлығы басталды

2025 жылғы 15 тамыздан бастап Рудный қаласында өрт қауіпсіздігі айлығы ресми түрде бастау алды. Бұл іс-шара облыс әкімінің қаулысымен бекітіліп, оның аясында негізгі назар профилактикалық жұмыстарға аударылуда.

Қаланың төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері күн сайын саяжай қоғамдарында, жеке тұрғын үйлерде, сауда орталықтарында, білім беру мекемелерінде, денсаулық сақтау ұйымдарында және әлеуметтік нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Сонымен қатар елді мекендерде тұрғындарды иіс газынан қорғау үшін арнайы көміртек тотығының датчиктері орнатылуда.

Жыл басынан бері Рудный қаласының әкімшілік аумағында өртке қарсы қызмет бөлімшелері 547 рет шақыртуға шыққан. Ал өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін 132 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл деректер қалада атқарылып жатқан жұмыстың маңыздылығын тағы да айқындайды.

Брифинг барысында Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Нұрлан Бурибаев өрт қауіпсіздігі айлығының мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл тек ресми науқан ғана емес, әрбір адамның санасына қауіпсіздік мәдениетін сіңіруге бағытталған ауқымды шара.

«Біздің басты міндетіміз – өртті сөндіру емес, оны болдырмау. Өрт шыққан соң күресу – уақыт пен шығынды, ең бастысы адам өмірін талап етеді. Ал алдын алу – ең тиімді әрі сенімді жол. Сондықтан біз осы айлық барысында тексерістермен ғана шектелмейміз, халықпен кездесіп, әрбір адамға қауіпсіздіктің маңызын түсіндіреміз. Әсіресе балаларға, қарттарға және көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені қауіптің көбі қарапайым салғырттықтан туындайды», – деді Нұрлан Бурибаев.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың сегіз айында тұрғын үйлерді аралау бойынша 1329 рейд жүргізіліп, 2950 адам қамтылған. Сонымен қатар халықпен 38 кездесу ұйымдастырылып, оған 2196 адам қатысқан. Түсіндіру жұмыстары аясында 328 нұсқаулық пен 91 дәріс өткізілген. Бұқаралық ақпарат құралдары да бұл іске белсене атсалысуда: жыл басынан бері телеарналарда 49, радиоэфирде 183, баспасөз бетінде 36 материал жарық көрген.

Өрт қауіпсіздігіне қатысты ең үлкен мәселелердің бірі – жеке тұрғын секторындағы ескі электр сымдары мен дұрыс пайдаланылмайтын пештер. Мамандардың айтуынша, зақымданған кабельдер, ашық жалғанған сымдар немесе жылдар бойы жөнделмеген пештер үлкен қатер төндіреді.

«Біз әрбір рейд кезінде тұрғындарға түсіндіріп келеміз, пештің жарықтары дер кезінде бітелмесе, түтін қайтып, иіс газы жиналады. Бұл өрттің ғана емес, адам өліміне әкелетін қауіп. Сондай-ақ пештің алдына міндетті түрде 70×50 см көлеміндегі темір табақ қойылуы тиіс. Өкінішке қарай, кейбір үйлерде бұл талап сақталмайды. Пештің жанына ағаш, киім немесе басқа жанғыш заттарды қоюға болмайды. Ал мұржаның айналасында арнайы оқшаулау болуы шарт», – деп атап өтті подполковник.

Гараж қоғамдарында да өрт қаупін тудыратын жағдайлар жиі кездеседі. Негізгі мәселе – жиналған қоқыстың уақытында шығарылмауы. Мұндай жағдайлар өрттің тез таралуына себеп болуы мүмкін.

Айлық барысында төтенше жағдайлар басқармасының 8 қызметкері, 8 өрт сөндіру техникасы, соның ішінде автосаты, сондай-ақ полицияның патрульдік көліктері жұмылдырылатын болады. Жұмысқа еріктілер де тартылып, халықпен бірлескен акциялар өткізіледі.

«Біз бұл айлықты тексерістер легі деп қарастырмаймыз. Бұл – әрбір тұрғынға үндеу, әрбір жанұяға ескерту. Әр адам өз үйінің, өз ауласының, өз пешінің қауіпсіздігіне өзі жауапты болуы тиіс. Егер тұрғындар қарапайым ережелерді сақтаса, біз қайғылы жағдайлардың алдын аламыз. Ал егер талап бұзылса, заң бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабына сәйкес қоқыс жағу, өрт қауіпсіздігін бұзу қатаң жазаланады», – деді Нұрлан Бурибаев.

Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары кезінде көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше назар аударылады. Оларға жадынамалар мен нұсқаулықтар беріледі, қажет болған жағдайда әкімдікпен бірлесе отырып көмек көрсетіледі.

Рудныйда басталған өрт қауіпсіздігі айлығы жай ғана формалды шара емес. Бұл – тұрғындардың санасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс. Себебі әрбір өрттің артында қайғы-қасірет, материалдық шығын, орны толмас зардаптар тұрады.

Сондықтан Төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындарын қарапайым ережелерді қатаң сақтауға шақырады. Өрттің алдын алу – тек құтқарушылардың ғана емес, барлығымыздың ортақ міндетіміз.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *