Тіл мүкістігін жоюдағы дефектологтың тәжірибесі
Бүгінгі таңда тіл мүкістігі мен бала дамуындағы тежелу мәселесі тек жекелеген отбасылардың емес, жалпы педагогика саласының өзекті түйткіліне айналып отыр. Осы бағытта табанды еңбек етіп, ерекше білім беруді қажет ететін жандардың тағдырына бейжай қарамайтын «Сартай» логопед-дефектолог орталығының қызметі зерттеуге тұрарлық.
Орталық жетекшісі Қасиет Нарымбетова тәжірибелі маман. Алматыдағы беделді оқу орындарының бірі – Қазақ халықаралық педагогикалық университетінде жоғары білім алып, ұстаздық мамандықты кәсіби деңгейде меңгерді. Оның еңбек жолы Мұхтар Әуезов атындағы мектепте басталып, 15 жыл бойы үздіксіз педагогикалық қызметпен жалғасты. Осы жылдар ішінде жинақталған мол тәжірибе оның тек бастауыш сынып мұғалімі ғана емес, бала психологиясы мен тіл дамыту ерекшеліктерін терең түсінетін сарапшы болып қалыптасуына негіз қалады.
– Басында үйлерді аралап жүріп сабақ беретінмін. Кейіннен ата-аналардың «баламызды жеке оқытып беріңізші» деген сұранысы мен шәкірттер санының артуы жеке орталық ашуға түрткі болды, – деп еске алады маман.
Бастапқы кезеңде «Ерке-Сартай» атты біріккен орталық жұмыс істеді. Ондағы жүйе бойынша, алдымен логопед баланың тіл мүкістігін ретке келтіріп, кейін оны «Ерке» бағытындағы жылдам оқу мен математика курстарына бағыттайтын кешенді процесс қалыптасты.
– Уақыт өте келе сұраныстың өзгеруіне байланысты орталық екі бағытқа бөлінді. «Ерке» жағы шығармашылыққа, би үйірмелері мен ағылшын тіліне бет бұрды. Ал «Сартай» орталығы таза логопед-дефектолог бағытын сақтап қалды. Бұған басты себеп – көмекке жүгінетін балалардың жас ерекшелігінің өзгеруі.
Егер бұрын орталықта 4 жастан 12 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленсе, қазіргі таңда бұл меже 25 жасқа дейін көтерілді. Қазір мұнда коррекциялық мектепті бітіріп, қоғамнан оқшауланып қалған 21–23 жастағы азаматтар да келеді. Бұл – ерекше жандардың дамуын тоқтатпай, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің маңызды тетігі, – деп түсіндірді орталық қалаушысы.
– «Ерке-Сартай» орталығынан бөлініп шыққаннан кейін не өзгерді?
– Мен «Еркеге» қосылғанға дейін де «Сартай» болып жалғыз жұмыс істегенмін. Қазір де сол бағытымдамын. Жалғыз болғандықтан, жұмыс кестемді жоспарлау маған жеңіл.
Ең алғашқы орталығым 2016 жылы желтоқсан айында Сеченов көшесінде ашылған болатын. Ол кезде «Сартай» қазақ дамыту орталығы еді. Басында көшіп келгенде жұмыс болмаған, сол кезде пәтер жалдап тұрған жерімдегі кісілер және айналамдағы адамдар көмектесті.
– Ал алға қандай мұрат қойып отырсыз?
– Алдағы уақытта кеңейту жұмыстарын жүргізгім келеді. Кеңейту жоспарда бар. Бірақ қазіргі таңда тәжірибе жинау үшін және өзімді ары қарай дамыту үшін осы қалада жұмыс істеп жатырмын. Мен көбіне жеке жұмыс істейтіндіктен, көп бала алғым келмейді. Өйткені әр баламен кем дегенде бір немесе бір жарым сағат отырып жұмыс істеу керек. Бұл әрине, ақылы негізде.
Қасиет Ережепбайқызы логопед-дефектолог мамандығын қосымша меңгеріп, теория мен практиканы ұштастырып келеді. Маманның пайымдауынша, бұл сала тек дипломмен шектелмейді, ол – үздіксіз зерттеуді қажет ететін кәсіп.
Орталықтың басты ерекшелігі – таза қазақ тілінде сөйлету. Орыс тілді ортаға бейімделген қазақ балалары мұнда ана тілінің заңдылықтарын меңгеріп, тіл мүкістігінен арылады. Жұмыс барысында дидактикалық материалдар мен тактильді (қолмен ұстайтын) ойыншықтар, сұрақ-жауап арқылы логикалық ойлауды дамыту, қазақ тіліндегі септіктерді дұрыс қолдануға машықтандыру әдістері қолданылады.
Бүгінгі таңда балалар арасында тіл бұзылысының жиілеуіне маман тікелей телефон мен теледидардың әсерін себеп ретінде көрсетеді. Дайын ақпаратты көру арқылы қабылдаған баланың ауыз аппараты жұмыс істемей қалады.
– Бала затты қолымен ұстап, сезінгенде ғана миға сигнал барады. Сондықтан біз саусақ жаттығулары мен массажға баса назар аударамыз, – дейді Қасиет Ережепбайқызы.
Орталықтың жұмыс кестесі де тығыз. Сағат 15:00-ге дейін орталықта, ал 15:00-ден 17:00-ге дейін үйде отырып қалған ерекше дарынды балаларға барып сабақ береді. Бұл – маманның өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігінің көрінісі.
Ата-аналар құлағына алтын сырға:
– Бізде ең алғашқы диагностика – тегін. Келген кезде баланың түстерді ажыратуын, әріптерді айтуын және тіл мүкістігінің деңгейін анықтап аламыз. Ата-аналар міндетті түрде қасында болады.
Тіл мүкістігі емделеді, бірақ оған үлкен шыдамдылық пен уақыт керек. Тіл бұзылысы бар немесе коррекциялық мектепті бітірген балалардың дамуын тоқтатпауға шақырамын. Логопедке неғұрлым ерте барсаңыз, нәтиже соғұрлым тез болады.
Орталық мекенжайы – Рудный қ., Әл-Фараби даңғылы 98, 6-қабат, 6-кабинет.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО