«Адал азамат» бағдарламасы: Рудныйдағы бір жылдық жұмыс пен нақты нәтижелер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына негізделген ел болашағының айқын бейнесін ұсынды.
Бұл ұстаным «Әділ Қазақстан – Жауапты азамат – Прогрессивті ұлт» триадасы арқылы нақты мазмұнға ие болды. Аталған идеялар 2024 жылы жаңартылған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының іргетасына айналып, бүгінде «Адал азамат» атауымен еліміздің барлық білім беру ұйымдарында іске асырылып келеді. Рудный қаласында бұл бағдарлама қалай жүзеге асуда? Жыл қорытындысы қандай нәтижелер көрсетті? Осы сауалдарға қалалық білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев жауап берді.
– Темірхан Бекбергенұлы, ең алдымен, бағдарламаның қала көлемінде жүзеге асу ауқымына тоқталсаңыз.
– «Адал азамат» бағдарламасы Рудный қаласының білім беру жүйесінде кешенді әрі жүйелі түрде енгізілді. Қазіргі таңда бағдарлама 16 мектепке дейінгі ұйымды, 21 жалпы білім беретін мектепті және 6 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын қамтып отыр. Жалпы алғанда, 3 630 балабақша тәрбиеленушісі мен 16 749 мектеп оқушысы осы бағдарлама аясында түрлі іс-шараларға қатысуда. Әрбір білім беру ұйымында тәрбие ісіне жауапты координаторлар бекітіліп, әдістемелік сүйемелдеу қамтамасыз етілді.
– Бағдарламада айқындалған негізгі құндылықтар қалай іске асырылуда?
– Бағдарлама 6 негізгі құндылыққа сүйенеді. Олар – тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық. Бұл құндылықтар қағаз жүзінде емес, нақты жобалар мен практикалық іс-шаралар арқылы жүзеге асырылуда.
– Еріктілер бағытындағы жұмыстар ерекше көзге түсіп отыр. Осыған тоқталсаңыз.
– «Қамқор» жобасы – бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі. Жыл басынан бері мектептерде 182 волонтерлік іс-шара өткізіліп, 13 900 адам қамтылды. Оқушылар, педагогтер және ата-аналар бірлесе отырып әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге үйренуде.
Мәселен, «Масленица» әлеуметтік жобасы аясында мектептер ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиеленіп отырған отбасыларға нақты қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар, балалар үйлері мен Рудный қаласының арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 16 концерт пен театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Бұл шаралар тәрбиеленушілердің эмоционалдық дамуына оң әсер етіп, оқушылардың бойында жанашырлық пен азаматтық ұстанымды қалыптастырды.
Сондай-ақ, «Котопес SOS» акциясына 20 мектептен 264 оқушы қатысып, қаладағы жануарлар панасына көмек көрсетті. Экологиялық тәрбие де назардан тыс қалған жоқ. «Таза жағалау» акциясы барысында Тобыл өзенінің жағалауын тазалауға оқушылар, ата-аналар мен педагогтер бірлесіп атсалысты.
– Еңбекке баулу және кәсіптік бағдар беру жұмыстары қалай жүргізілуде?
– «Еңбегі адал – жас өркен» жобасы аясында 252 іс-шара өткізіліп, 14 465 адам қамтылды. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында мектептерде «Мамандықтар – ата-аналар көзқарасымен» атты кездесулер циклі ұйымдастырылды. Бұл жобаның ерекшелігі – балалар өз ата-аналарының еңбек жолымен, нақты мамандықтардың қыр-сырымен танысады.
Мектептер қалалық колледждермен және Рудный индустриялық университетімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. «Profi.kz» қалалық жобасы оқушыларға болашақ мамандықты таңдауда кешенді қолдау көрсетеді. Кәсіпорындарға экскурсиялар, «Алғашқы ауыздан» форматындағы кездесулер еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған.
– Инновация мен медиа, STEM бағытындағы жетістіктер қандай?
– «Smart Bala» жобасы аясында қала мектептерінде 11 заманауи STEM кабинеті жабдықталды, 15 робототехника үйірмесі жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 463 оқушы қатысуда.Мектеп-гимназия №10 базасында мектеп телевидениесі табысты жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, №17 мектеп пен №2 гимназияда подкаст-студиялар ашылып, оқушылар медиа контентті идеядан бастап жариялауға дейінгі барлық кезеңін меңгеруде. Бұл – бүгінгі заман талабына сай маңызды дағдылар.
– Шығармашылық және интеллектуалдық даму бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– «Шабыт» жобасы аясында 265 іс-шара өткізіліп, 10 767 оқушы қамтылды. Балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған «Ұшқан тырналар» қалалық байқауы, «Балалар музыка салады» бірлескен жобасы сынды бастамалар жақсы нәтиже беруде.
Дебат қозғалысы да жүйелі түрде дамып келеді. Қалада 22 дебат клубы жұмыс істейді. «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында 167 іс-шара ұйымдастырылды. Оқушылар облыстық және республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болды.
– Оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне қалай көңіл бөлінуде?
– «Балалар кітапханасы» жобасы арқылы 12 517 адам қамтылды. Оқу мәдениетін қалыптастыру – Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасымен үндес бағыт. Осы мақсатта мектептерде түрлі әдеби кештер, кездесулер, оқу марафондары ұйымдастырылды. Ата-аналардың да бұл жұмысқа белсенді араласуы – маңызды жетістік.
– Ата-аналармен өзара байланыс туралы не айтасыз?
– Барлық мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді. 2025 жылы 500-ге жуық сабақ өткізіліп, 10 мыңнан астам ата-ана қамтылды. Бұл орталықтар отбасы мен мектеп арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған. Бүгінде тәрбие тек мектептің немесе мұғалімнің ғана міндеті емес, ол – оқушы, ата-ана және ұстаз арасындағы ортақ жауапкершілік. Осы үштаған бір мақсатта, яғни бала тәрбиесі үшін бірігіп жұмыс істеген кезде ғана тиімді нәтиже болады. Мектептерде жұмыс істейтін ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ата-аналардың білім беру процесіне белсенді араласуына мүмкіндік берді. Ата-аналар балаларымен және педагогтермен бірге қоғамдық, тәрбиелік, әлеуметтік іс-шараларға қатысып, өздерін жаңа қырынан таныта алды. Мұндай ортақ қызмет олардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал етті. Ең бастысы – ата-аналар өз үлгісі арқылы балаларға жауапкершілік, еңбекқорлық, белсенді азаматтық ұстанымның маңызын көрсете білді. Бұл – тәрбиенің ең тиімді жолдарының бірі. Осындай бірлескен жұмыс мектеп пен отбасы арасындағы сенімді күшейтті. Алдағы уақытта да ата-аналармен тығыз әріптестік жалғасын табады деп ойлаймыз. Себебі бұл бағыттағы жұмыс – маңызды, әрі өскелең ұрпақты тәрбиелеуде шешуші рөл атқарады.
– Қорытындылай келе, бағдарламаның басты нәтижесі қандай деп ойлайсыз?
– «Адал азамат» бағдарламасы білім беру ұйымдарының өміріне нақты мазмұнмен енді. Педагогтер, оқушылар және ата-аналар ортақ құндылықтар төңірегінде бірігіп, белсенді жұмыс атқаруда. Бұл – жауапты азаматты тәрбиелеуге бағытталған ұзақ мерзімді әрі маңызды жұмыс.
Сұхбаттасқан Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,
суретті түсірген автор