Цифрлы заманның ұрлықтан қалқаны

Мүліктік қылмыстар мен интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары қандай?

Қазіргі таңда технологиялардың қарқынды дамуы күнделікті өмірімізге көптеген мүмкіндік әкелді. Онлайн қызметтер, цифрлық жүйелер тұрмысты жеңілдеткенімен, сонымен қатар қылмыстың жаңа түрлерінің пайда болуына да әсер етті. Интернет-алаяқтық, қашықтан жасалатын ұрлық, азаматтардың сенімін теріс пайдалану – бүгінде қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі.

Осыған байланысты жеке мүлік қауіпсіздігі мәселесі ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс. Әсіресе, тұрғындар арасында әлі де кездесетін «ұсақ ұрлық», «жеңіл қылмыс» деген жаңсақ пікір алаңдатады. Ал құқық қорғау органдары үшін бөтен мүлікке қол сұғу – заңмен қатаң жазаланатын әрекет.

Рудный қаласындағы мүліктік қылмыстардың қазіргі ахуалы, олардың алдын алу жолдары және тұрғындардың өз мүлкін қалай қорғауы керектігі жөнінде біз Рудный қалалық полиция басқармасының жедел-криминалдық полиция бөлімінің мүліктік қылмыстарды ашу жөніндегі бөлімше бастығы, полиция капитаны Нұрсұлтан Бексұлтановпен сұхбаттастық.

– Соңғы бір жылда Рудный қаласында бөтен мүлікті ұрлау деректері айтарлықтай азайды. Өткен жылы қала бойынша 193 қылмыстық іс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 146-ға дейін төмендеді. Яғни, 30 пайыздан астам төмендеу бар. Мұндай нәтиже бірқатар алдын алу шараларының жүйелі жүргізілуінің арқасында қол жеткізілді. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары күшейтілді, техникалық қауіпсіздік жүйелері кеңінен қолданыла бастады, – дейді полиция капитаны.

Сонымен қатар маман қылмыс санының азаюы тұрғындардың босаңсуына себеп болмауы тиіс екенін атап өтті. Себебі ұрлықтың әдіс-тәсілдері уақыт талабына сай өзгеріп, күрделене түсуде.

Рудный қаласында тіркелетін ұрлықтардың едәуір бөлігі маусымдық сипатқа ие. Әсіресе, көктем мен күз айларында саяжайларға қатысты қылмыстар жиілейді.

– Көп жағдайда саяжай иелері күз мезгілінде үйлерін жауып, бірнеше ай бойы қараусыз қалдырады. Ал көктемде келгенде тұрмыстық заттарының, құрал-жабдықтарының жоғалғанын байқайды. Мұндай қылмыстардың ашылуы қиынға соғады. Себебі ұрлық жасалған уақыт пен оның анықталған сәтінің арасы ұзақ. Күдіктіні анықтаған күннің өзінде, ұрланған затты дәлел ретінде табу мүмкін болмай жатады, – дейді Нұрсұлтан Бексұлтанов.

Айта кету керек, саяжай болсын, пәтер болсын, тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігіне сәйкес ауыр қылмыс санатына жатады. Мұндай әрекет үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

– Жаз мезгілінде қандай ұрлық түрлері жиі тіркеледі?

– Жаз айларында велосипед ұрлығы жиі кездеседі. Көбіне балалар мен жасөспірімдер велосипедтерін дүкен алдында, аулада немесе ойын алаңында қараусыз қалдырып кетеді. Кейде бар болғаны бірнеше минуттың өзі жеткілікті, – дейді полиция капитаны.

Ал пәтер ұрлығы бойынша керісінше, оң динамика байқалады. Егер былтыр 26 ауыр пәтер ұрлығы тіркелсе, биыл небәрі 10 дерек анықталған. Ашылу көрсеткіші де айтарлықтай артқан – 37 пайыздан 88 пайызға дейін жеткен.

– Мұндай нәтижеге не әсер етті?

– Ең алдымен, бейнебақылау жүйелері мен «ақылды домофондардың» кеңінен орнатылуы. Қазіргі таңда көпқабатты үйлерде кімнің, қай уақытта кіріп-шыққаны анық көрінеді. Бұл қылмыстың алдын алуға да, оны жедел ашуға да үлкен септігін тигізеді.

Сауда нысандарындағы ұрлық та өзекті мәселелердің бірі болып қала беруде. Полиция капитаны кейбір кәсіпкерлердің қауіпсіздікке формалды түрде қарайтынын жасырмады.

– Кейбір нысандарда камера тек «қорқыту» мақсатында орнатылады, бірақ іс жүзінде жұмыс істемейді. Бұл – үлкен қателік. Бір рет сапалы жүйеге қаражат жұмсау кейінгі шығынның алдын алады, – дейді ол.

Қоғамда әлі де саяжайдағы ұрлықты жеңіл қылмыс деп қабылдайтын азаматтар бар. Алайда заң тұрғысынан бұл – мүлде қате түсінік.

– Егер заңсыз кіру фактісі анықталса, ұрланған заттың көлеміне қарамастан, бұл ауыр қылмыс болып саналады. Тіпті бірнеше қап картоп ұрлағаны үшін 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған жағдайлар да кездеседі, – дейді маман.

– Ұрлықтың алдын алу үшін дабылқаққыштан бөлек тағы не ұсынар едіңіз?

– Дабылқаққыш пен камерадан бөлек, қарапайым тұрмыстық ұсақ-түйектің өзі қылмыстың алдын алуға әсер етеді. Мәселен, пошта жәшігінде жиналып қалған хаттар үйде ұзақ уақыт адам жоқ екенін аңғартады.Көптеген ұрлықтар еркін қолжетімділік арқылы жасалады. Кейбір тұрғындар көлігін ашық қалдырып кетеді, тіпті қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған күйінде тастап кететін жағдайлар да бар, – дейді полиция капитаны.

– Демек, кейде адамдар өздері жағдай жасап отыр ғой?

– Өкінішке қарай, солай. Дегенмен, жалпы алғанда Рудный қаласында бөтен мүлікке қатысты ұрлық жағдайы тұрақты. Ашылу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артты.

Мүліктік қылмыстардың ішіндегі ең күрделісі – интернет-алаяқтық. Алаяқтар банк, құқық қорғау органдары немесе өзге де мекемелердің атын жамылып, азаматтарды алдап, несие рәсімдетіп, қаржыны шетелге шығарады.

– Қарапайым тұрғын өзін қалай қорғай алады?

– Мұндай қылмыстарды ашу өте қиын. Сондықтан ең тиімді жол – алдын алу. Ең басты қағида – логика мен сақтық. Банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия код немесе карта деректерін сұрамайды. Белгісіз сілтемелерді ашпау, күмәнді сайттардан сақ болу – әр азаматтың жеке жауапкершілігі, – дейді Нұрсұлтан Бексұлтанов.

– Соңғы жылдары «дропперлік» ұғымы жиі айтылып жүр. Бұл туралы не айтасыз?

– Қазір интернет-алаяқтықтың жаңа тетіктерінің бірі – дропперлік. Қарапайым тілмен айтқанда, дроппер – өз банк шотын, картасын немесе электронды әмиянын алаяқтарға уақытша «пайдалануға» берген адам. Алаяқтар сол шот арқылы ұрланған немесе алдап алынған ақшаны өткізеді.

Көп жағдайда дроппер болуға адамдар өздері де аңдамай келісіп қалады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «жеңіл табыс», «қосымша жұмыс», «картаны жалға беру» деген жарнамалар жиі кездеседі. Бір қарағанда ешқандай қылмыс секілді көрінбейді: ақша сенің шотыңнан өтеді, ал сен «делдал» ретінде аз ғана пайыз аласың. Алайда заң алдында мұндай әрекет қылмысқа тікелей қатысу болып саналады.

Полиция капитанының айтуынша, дропперлікке көбіне жастар мен студенттер тартылады. Олар мұны «жай ғана көмек», «ақша өткіздім» деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде олар алаяқтық тізбегінің бір буынына айналады. Ақша қай шот арқылы өтсе, жауапкершілік сол шот иесіне жүктеледі.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 232-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бөтен адамның қылмыстық жолмен тапқан қаражатын заңдастыруға немесе аударуға қатысқандар үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – дейді Нұрсұлтан Бексұлтанов.

Сұхбат соңында Нұрсұлтан Серікұлы қала тұрғындарына маңызды үндеу жасады:

– Алаяқтардың арбауына түспеңіздер. Қауіпсіздік жүйелерін орнатып, мүліктеріңізді қараусыз қалдырмаңыздар. Егер біреудің алаяққа алданып жатқанын байқасаңыздар, бірден 102 нөміріне хабарласыңыздар.

Қауіпсіздік – тек полицияның ғана емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Сақтық бар жерде – ұрлыққа орын жоқ.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *