Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл

Рудный қаласындағы №13 кітапхана филиалында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған фестиваль өтті. Іс-шараға №1, №2 және №3 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызмет алушылары қатысып, өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Бұл орталықтар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдап, олардың қоғаммен тығыз байланыста болуына ықпал етеді.

Фестивальдің алғашқы кезеңінде қатысушылар қолдан жасаған бұйымдарын таныстырса, екінші кезеңінде музыкалық және шығармашылық нөмірлерін орындады.

– Біз үшін мұндай іс-шаралар өте маңызды. Бұл тек қана мереке емес, сонымен қатар халықтар достығын нығайтуға, ұлттық мәдениетті дәріптеуге арналған тамаша мүмкіндік, – дейді №13 кітапхананың кітапханашысы, іс-шара ұйымдастырушысы Мадина Рысбаева. – Фестиваль барысында көрермендер қазақ, орыс және қытай халықтарының мәдениетімен танысты. Әндер шырқалды, би қойылымдары ұсынылды, сондай-ақ ұлттық әдет-ғұрыптар көрсетілді.

№1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қазақ мәдениетіне арналған қойылым дайындады. Қатысушылар қазақтың дәстүрлі әндерін орындап, ұлттық билерін биледі. Олардың өнері көрермендерді Қазақстанның бай мәдени мұрасына бойлатты.

№2 орталық сәндік-қолданбалы өнер көрмесін ұйымдастырып, онда қызмет алушылар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын ұсынды. Ағаш, керамика және кесте тігу өнері арқылы орыс мәдениетінің байлығы көрсетілді. Сондай-ақ орталықтың өнерпаздары орыс халық билерін орындап, ұлттық әндерді шырқады.

№3 орталық көрермендерге қытай мәдениетінің ерекшеліктерін таныстырды. Дәстүрлі қытай шай рәсімі көрсетіліп, ұлттық костюмдермен қойылымдар ұйымдастырылды. Қатысушылардың бірі қолшатырмен би билеп, ерекше атмосфера қалыптастырды.

Іс-шара соңында белсенділік танытқан қатысушылар марапатталды. №2 орталық – «Ең артистік», №1 орталық – «Ең шығармашыл», ал №3 орталық – «Ең креативті» деп танылды. Барлық қатысушыларға тәтті сыйлықтар табыс етілді.

– Осындай фестивальдер қатысушылар үшін үлкен маңызға ие. Бұл олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, жаңа достар табуға және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Біз алдағы уақытта осындай шараларды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Алдағы мерекелерге орай тағы да концерттік бағдарламалар әзірлеудеміз, – деп қорытындылады Мадина Рысбаева.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген автор

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *