Қалалық прокуратура Тәуелсіздік күні аясында

Ашық есік күнін өткізді

Рудный қаласының прокуратурасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған жоспар аясында «Ашық есік күні» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өткізілді.

Акцияға қаладағы бірнеше колледжден 30-дан астам студент қатысты. Олардың қатарында Рудный тау-кен технологиялық колледжі, педагогикалық колледж, сондай-ақ басқа да оқу орындарының білім алушылары бар. Студенттер прокуратура ғимаратында болып, қадағалау органының күнделікті қызметімен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара барысында прокуратура қызметкерлері жастарға прокуратураның негізгі функциялары мен міндеттерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Қатысушыларға қоғамдық мүдделерді қорғау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау, жазалардың орындалуын бақылау, сондай-ақ сотта мемлекеттік айыптауды қолдау бағыттары бойынша ақпарат берілді. Әр бағыт нақты мысалдар арқылы көрсетіліп, прокуратура қызметінің практикалық қырлары таныстырылды.

Ашық есік күнінің негізгі мақсаты — жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заңға құрмет сезімін арттыру. Осы мақсатта студенттерге дропперлік, интернет-алаяқтық, есірткі қылмыстары және кәмелетке толмағандардың қылмысқа тартылу қаупі туралы профилактикалық лекциялар өткізілді. Құқық бұзған жағдайда туындайтын қылмыстық жауапкершілік нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.

– Бұл іс-шара Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат – жастардың құқықтық санасын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу. Біз студенттерге прокуратураның негізгі бағыттарын, сондай-ақ дропперлік, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарының салдарын нақты мысалдармен көрсеттік,- деп атап өтті Рудный қалалық прокуратурасының аға прокуроры Мирас Сарсенбаев.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар бір реттік сипатта емес. Тәуелсіздік күніне арналған медиажоспар шеңберінде және алдағы кезеңде де мектептер мен колледж студенттері үшін әртүрлі форматтағы профилактикалық кездесулер өткізілмек.

Колледж өкілдері де Ашық есік күнінің тәрбиелік және алдын алу тұрғысынан маңызын атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай кездесулер студенттердің заң алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.

– Бұл іс-шара – ең алдымен профилактика. Студенттер нақты мысалдарды көріп, құқықбұзушылықтың немен аяқталатынын түсінеді. Мұндай кездесулер жастарды теріс әрекеттерден сақтандыруға және заңды құрметтеуге үйретеді,- деді Рудный тау-кен технологиялық колледжінің әлеуметтік педагогі Ксения Реннер.

Студенттердің өздері де прокуратура қызметінің ішкі үдерістерімен танысудың пайдалы болғанын айтады. Әсіресе, қылмыстық істердің тергелу кезеңдері мен прокурорлық қадағалаудың қалай жүзеге асырылатыны үлкен қызығушылық тудырды.

– Прокуратураның қалай жұмыс істейтінін ішінен көрдік. Қылмыстық істің қандай кезеңдерден өтетінін, тергеу қалай жүргізілетінін білдік. Мұндай кездесулер жастарға заңды бұзбаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді,- дейді Рудный тау-кен технологиялық колледжінің 3-курс студенті Степан Мельников.

Айта кетейік, прокуратура деректеріне сәйкес, соңғы жылдары 18–21 жас аралығындағы жастар арасында қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалады. Бұл құқық қорғау органдарының, білім беру ұйымдарының және қоғамның бірлескен профилактикалық жұмысының нәтижесі ретінде бағаланып отыр.

 

Гүлім МҰРАТ,

Суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *