Рудныйда Қарттар күніне арналған мерекелік концерт өтті
Қазанның алғашқы күні жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде ерекше жылылық пен ризашылыққа толы мереке – Қарттар күні аталып өтеді. Бұл күн – өмірін еңбекке, ел мен ұлттың өркендеуіне арнаған аға буынға құрмет көрсету, оларға деген алғыс пен ықыласты білдірудің символы.

Осындай мерейлі күн аясында Рудный қаласында да жылулыққа толы шара өтті. Қалалық қарттар үйінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бағдарламасы аясында «Ақ кимешек» ансамблінің жетекшілігімен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Мақсат – қарттардың өмірлік тәжірибесі мен еңбегін бағалау, олардың қоғам дамуына қосқан үлесін дәріптеу, ардагерлерге құрмет көрсету арқылы үлкенге ізет, кішіге үлгі қағидатын насихаттау. Сонымен қатар, мерекелік іс-шаралар арқылы қарттарға қуаныш пен көңіл көтеру сәтін сыйлап, қоғамдағы рухани бірлік пен ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Олар «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бағдарламасы аясында төрт жылдан бері облыс және ауылдық деңгейде мәдени іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Аналар тобының мүшелері түрлі мектептер мен колледждерде, мәдениет үйлерінде ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, жастарға рухани тәрбие беруді басты мақсат еткен.

Ансамбль мүшесі Нинагүл Қосжанқызының айтуынша, бұл жолғы концертке дайындық бір ай бұрын басталған.
«Мереке қарсаңында үлкен жауапкершілікпен кірістік. Әр аптада екі рет «Орбита» мәдениет үйінде 1-2 сағаттан дайындалдық. Термелер, халық әндері, күйлер және баянмен орындалатын туындылар әзірледік. Басты мақсатымыз – қарттарымыздың көңілін көтеріп, оларға мейірім мен қуаныш сыйлау, өмірге деген жігер мен жылулық дарыту болды. Әрбір өнерпаз өз орындауын жүрекпен жеткізуге тырысып, сахна арқылы үлкендерге құрмет пен алғыс сезімін білдірді», – дейді ол.
Шараға дайындық барысында ансамбльге «Ерке-Сартай» шағын қазақтану және дамыту оқу орталығы да бірігіп, концерт шынайы мерекелік күйге толы болды.

Айта кетейік, «Ерке-Сартай» шағын қазақтану және дамыту оқу орталығы – жас жеткіншектерге ұлттық тәрбие мен шығармашылық бағытта даму мүмкіндігін ұсынатын рухани орда. Жақында ғана өз есігін айқара ашқан бұл орталықта балалар домбыра тарту, дәстүрлі ән айту, шешендік өнер мен сахна мәдениетін меңгеру секілді бағыттарда білім алады.
Кеш барысында дәстүрлі әндер мен күмбірлеген күйлер орындалып, сахна қазақы рух пен ұлттық бояуға толды.

Қарттар үйінде 90-нан астам қария тұрады, солардың 65-ке жуығы шараға белсене қатысты. Ұйымдастырушылар әрқайсысына шағын сыйлықтар мен жылы лебіздерін ұсынды.
«Біз ел аралап, Жетіқара, Лисаков, Қашар ауылдарына да барып концерт өткізіп жүрміз. Қай жерде болсақ та, басты мақсатымыз – халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың жүрегіне қуаныш ұялату. Қарттар – біздің тарихымыз, ұлттың діңгегі, өмір мектебі. Сол себепті олардың жүзінен жылулық пен мейірім кетпеуі керек. Біз әр кездесуімізде олардың батасын алып, шынайы алғысын естіп, рухани күш жинаймыз. Мұндай сапарлар біз үшін тек өнер көрсету емес, елмен етене араласу, халықтың ықыласын сезіну, ұлттың бай мұрасын дәріптеу мүмкіндігі. Қай ауылға барсақ та, қарттардың ақжарқын күлкісі мен ыстық ықыласы бізге шабыт береді, өнерге деген сүйіспеншілігімізді одан сайын арттыра түседі», – дейді Нинагүл Пушаева.
Мерекелік концерт соңында ардагерлер мен қарттар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, шынайы тілектерін жеткізді. Бірі әнге қосылып, бірі билеп, шараның шырайын кіргізді.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген автор