Өткен аптада Мадина Райымбекова Қашар ауылының тұрғындармен кездесті. Жиынға Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко да қатысты. Кездесу барысында соңғы үш жылда Қашардың бюджеті екі есеге ұлғайып, шамамен бір миллиард теңгеге жеткені айтылды. Осы қаржының жартысына жуығы — 436,8 миллион теңге — ұзындығы 4,4 шақырым болатын жолдарды орташа жөндеуге жұмсалмақ. Жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Мадина Райымбекова биыл атқарылатын жұмыстар туралы баяндамасын аяқтаған соң, Виктор Ионенко басым бағыттарға тоқталды. Ол ең алдымен жол мәселесінен бастады. Оның айтуынша, жолдардың жағдайы өте нашар, соның ішінде Қашарға кіреберіс жолдар да бар.
— Жұмыс жүріп жатыр. Өтіп көрдім, мердігермен бірқатар техникалық мәселелерді талқыладық. Біздің мақсат — тек асфальт төсеп қою емес, су жиналмауы үшін еңістік жасау. Бордюрлерді ауыстыру бойынша да сұрақтар бар, әсіресе өндірістік аймақ жақта. Ол жерде жер астында аэродром плиталары жатыр екен. Бордюрді алу үшін алдымен плитаны көтеру керек. Ал плитаны көтерсек, жолдың тұтастығына зиян келтіреміз. Сондықтан, ол жақта бордюрлерді ауыстырмаймыз, оның орнына велосипед жолын саламыз — жолдың ені мүмкіндік береді. Келесі мәселе — аулаларға кіреберістер. Қазір кіреберіс жолдардың көбі тым тар. Ауыл әкіміне мердігермен бірге бұл кіреберістерді кеңейту жолдарын қарастыру тапсырылды, екі көлік еркін кіріп-шығуы керек. Автобус аялдамаларын да ретке келтіру қажет, — деді Виктор Ионенко.
Сөзін жалғастыра отырып, ол жақын арада Фёдоров трассасынан Қашарға дейінгі кіреберіс жолды жөндеу жоспарда екенін жеткізді.
Биылдан бастап ауылда ыстық су жыл бойы үздіксіз беріліп жатыр. Бұл Қашар жылу-электр орталығының жаңғыртылуының арқасында мүмкін болды — көмірден газға көшті. Қысқы жылыту маусымы қалыпты өтті, кварталішілік құбырда бір ғана апат болды. Гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша магистральдық жылу желілерінде ешқандай ақау анықталмады, кварталішілік желілерде алтау тіркелді.
Биыл екі нысанға күрделі жөндеу жоспарланған. Келесі аптада 3-микроауданда трасса бойындағы ұзындығы 24 метрлік кварталішілік құбырды ауыстыру жұмыстары аяқталмақ (ыстық су уақытша тоқтаған 9 үй мен №11 балабақша осы аймаққа кіреді). Маусым айында 2-микроауданда жұмыс басталады, бұл жерде 67 метр жылу желілері ауыстырылады, бір ғана үй ыстық судан уақытша ажыратылады.
Магистральдық жылу желілерінің реконструкциясына келсек, Қашарда олар 90 пайызға мердігер ұйыммен ауыстырылған, ал қалған 10 пайызын «Рудный жылу желілері» ЖШС өз күшімен атқарған.
— Ішкі үйішілік желілер мен ПИТК жұмысына қатысты сұрақтар бар. Өткен жылы үйлерге жылу әрең берілді. ПИТК төрағасын ауыстыру туралы ұсыныс болған. Халық төрағаны өзі таңдауға құқылы, ауыстыру тәртібін тұрғындарға түсіндірдік. Қазіргі уақытта төраға өз міндетін атқарып жатыр. Егер сіздерге ол ұнамаса — ауыстыра аласыздар. Кооператив құрамынан шығу да — өз еркіңіз. Бірақ ішкі жүйелер тұрғындардың құзырында, баланс шекарасы келісімшартпен анықталған, — деді Виктор Ионенко.
Сумен жабдықтау мәселесіне келсек, «Рудный су арнасы» ЖШС келесі жұмыстарды жоспарлап отыр: Тихий көшесіндегі ұзындығы 405 метрлік су құбыры учаскесіне күрделі жөндеу жүргізу, №3 үйдің жанында орналасқан 700 метрлік су құбырын ауыстыру. Сондай-ақ ұзындығы 650 метр болатын негізгі кәріз коллекторының сол жақ желісіне және ұзындығы 250 метр болатын оң жақ су құбыры желісінің учаскесіне күрделі жөндеу жүргізу көзделген.
— Қашар ауылын Костычев жер асты су көзінен сумен қамтамасыз ету жүйесінің жобалау жұмысы аяқталуға жақын. Құжаттар қазір мемлекеттік сараптамада. Ауыл үшін қосымша ұңғымалар қазамыз. Енді Қаратомар су қоймасынан су тартпаймыз — ол резерв ретінде қалады. Бастысы — Қашар су құбыры салынады. Су қоры бар, ол зерттеліп, бекітілген. Мемлекеттік сараптама аяқталғаннан кейін қаржыландыруды күтеміз де, жаңа су желісінің құрылысын бастаймыз. Бұл, біріншіден, Қашар үшін судың жеткізілуінің сенімділігін арттырады (апат бола қалса, қазіргі қор жеті күнге ғана жетеді), екіншіден, судың сапасын жақсартады. Жерасты суының сапасы жоғары, оны тазарту үшін қосымша шығын талап етілмейді (су табиғи сүзгіден өтеді, ұңғыма тереңдігі 100 метрге дейін болады) әрі Қашарға жеткізу де жеңіл, — деді Виктор Ионенко.
Келесі маңызды мәселе — бос тұрған ғимараттар. Рудныйда бұл жағдай сәтті шешіліп келеді: 15 үйдің 11-і қайта жанданды. Қашарда да бос қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталуда.
— Әкімдік маңындағы №12 және №13 бесқабатты үйлер бойынша құжаттық рәсімдеу жүріп жатыр, бұл үйлерді аукцион арқылы сату және оларды қайта жаңғырту мақсатында жұмыс жүргізудеміз. Бұл үйлердің әрқайсысында 70 шағын отбасылық пәтер бар, қайта жоспарлау жасаймыз, жоба дайын, әр үйде 46 пәтер болады. Бұған қоса, 1-микроаудандағы №84 үй де бар — бұл нысанды қалпына келтіру мақсатында аким аппараты сату мәселесімен айналысуда. Қазір жобалардың барлығы бойынша 1 шаршы метрдің құны 260 мың теңге көлемінде есептеліп, барлық деңгейде қаржыландыру мәселесі талқылануда. Осы үш үйдегі пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Қазір Қашарда тұрғын үй кезегінде шамамен 300 адам бар, сұрыптаудан кейін бұл сан азаяды, ал үш үйге қоныстанғаннан кейін кезек айтарлықтай қысқарады, — деді Рудный қаласының әкімі.
№46 тоғызқабатты үйге келсек, ол өткен жылы тұрғындардан босатылған. Бұл үйді қалпына келтіру тиімсіз — шамамен 2 миллиард теңге қажет болады. Қашарға халық ағыны байқалмайды. Сондықтан бұл үйді бұзу жөнінде шешім қабылданды. №39 үйді де бұзу көзделіп отыр, қазір техникалық мәселелер шешілуде. Үйлерді бұзғаннан кейін олардың орнында ағаштар отырғызылады.
Сәуір айында Қашарда қоқыс шығарумен айналысатын компанияның иесі ауысты. Енді тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарын Рудный мен Перцевка ауылында да қызмет көрсететін «L-Trading» ЖШС жүргізеді. Контейнерлердің тұрағы үшін орындар анықталды, олар сәл азаяды, бірақ олардың жанына асфальт жол төселіп, үш жағынан қоршау қойылады, мүмкін — үстінен шатыр да салынады. Сонымен қатар, қоқысты бөлек жинау мәселесі қарастырылып жатыр: шыны, қағаз, полиэтилен және ТҚҚ үшін бөлек контейнерлер сатып алу жоспарлануда. Үлкен габаритті және құрылыс қоқыстарын шығару — ақылы негізде. Кәсіпкерлер «L-Trading» ЖШС-мен келісімшарт жасауға міндетті, себебі олардың көпшілігі бұл талапты әлі орындамаған.
Қашар тұрғындары мұсылман зиратының күтімі мен оған апарар жолдың жағдайына қатысты наразылық білдірді. Зират аумағынан қоқыс ұзақ уақыт бойы шығарылмаған, ал ауа райы нашар күндері жерлеу орындарына жету мүмкін емес.
— Мұсылман зираты бойынша жағдай күрделі. Бұрынғы меншік иесімен келісімге келе алмадық, ол зиратты акимат балансына бермеді. Ал заң бойынша, зираттардың күтімі мен ұстауы — мемлекеттік органдардың, яғни акиматтың міндеті. Қазіргі меншік иесімен бұл мәселені шешеміз. Кейін зираттан қоқыс шығару мен тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша конкурс жариялаймыз, — деп түсіндірді Виктор Ионенко.
Тағы бір мәселе – жол. Көптеген аулаларда өтуге арналған арнайы жол бар. Асфальт төселген соң жүргізушілер жылдамдықты тым асырып жібереді. Балалар ойын алаңдарынан жүгіріп шығып, жолға түсіп кетеді — бұл қауіпті. Жақында бір қыз баланы көлік қағып кетті. Жүргізуші көліктен де түспей, баланың жағдайын да сұрамастан, оқиға орнынан қашып кеткен. Құдайға шүкір, ауыр жағдай болмады. Тұрғындар әкімдікке бірнеше рет жол қозғалысын шектеу үшін «өтуге тыйым салынады» белгісін орнатып, жасанды жол кедергілерін орнату туралы өтініш айтқан.
— Қажет болса, блоктар қойып, өту жолын мүлдем жабыңыздар. Бірақ онда «жедел жәрдем» де өте алмайды. Бұл мәселені кент әкімімен бірге шешіңіздер. Ал баланы қаққан жүргізушіге қатысты қандай шара қабылданғаны жөнінде полиция қызметкерлері маған жеке баяндасын, — деді қала әкімі.
Өз кезегінде кент әкімі полиция басқармасына жол белгілерін орнату бойынша тиісті нұсқамалар беруді сұрады.
Тағы бір мәселе — газ жабдықтарының күтімі. Соңғы үш жылда газ қазандықтары мен плиталарын жөндеу және қызмет көрсетуге жауапты компаниялар Қашарға келмей жүр. Тұрғындар алаңдаулы, себебі газбен ойнауға болмайды.
— Ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетумен жеке компаниялар айналысады. Бұл реттелмейтін нарық. Рудныйда мұндай қызметті көрсететін төрт компания бар. Сұрағыңыз назардан тыс қалмауы керек — газ өте қауіпті зат. Рудныйдағы жеке компаниялармен сөйлесіп, олардың қайсысы Қашарда филиал ашуға дайын екенін анықтаймыз, — деп жауап берді қала әкімі.
Айгерім БАХИТБЕК,
Суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ