Өңірде 10 конфессияға біріктірілген 103 діни бірлестік қызмет атқарады, олардың барлығы заң аясында тіркеліп, жұмыс істеп келеді. Діни ұйымдар мен құлшылық орындарының қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіледі – заң бұзушылықтар анықталған жоқ.
«Жыл басынан бері 75 мыңнан астам адамды қамтыған 2224 түрлі іс-шара өткізілді», – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қостанай облысы әкімдігінің Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сапарғали Әбдиев.
Оның айтуынша, іс-шаралар конфессияаралық және этносаралық келісімді қамтамасыз етуге, діни сауаттылық пен толерантты сана қалыптастыруға, мемлекеттің зайырлы даму қағидаттарын нығайтуға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жобалар жүзеге асырылып, деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен адамдарға қолдау көрсетілуде, семинарлар, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылуда.
Конфессияаралық диалогты дамыту жұмысы 18 қазанда аталып өтетін Рухани келісім күні қарсаңында жалғасады.