Алаяқтардың арбауына түскен рудныйлықтар 500 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылды
Интернет-алаяқтық – тек Рудный қаласының ғана емес, жалпы еліміздің ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Бұл туралы Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаевтың қалалық кәсіпорын және мекеме басшыларымен өткен кездесуінде қалалық полиция басқармасының бастығы Ерлан Рахимов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы Рудный қаласында барлығы 646 қылмыс тіркелсе, оның 237-сі интернет-алаяқтық фактісі. Осылайша, аталған қылмыс түрінің үлесі жалпы көрсеткіштің 36,7 пайызын құрап отыр.
– Бүгінгі таңда Рудныйдағы әрбір үшінші қылмыс интернет-алаяқтықпен тікелей байланысты, – деп атап өтті полиция басқармасының бастығы.
Сондай-ақ ол жәбірленушілердің арасында 144 әйел мен 93 ер адам барын, ал алаяқтардың арбауына көбіне 45 пен 65 жас аралығындағы азаматтар түсетінін хабарлады.
Қылмыс жасау тәсілдеріне тоқталған Ерлан Рахимов олардың түрі көп екенін тілге тиек етті. Дегенмен негізгі әдістер өзгеріссіз қалып отыр: жалған SMS-хабарламалар, банк атынан қоңырау шалу, интернетте онлайн-несие беру туралы хабарландырулар және тауар сатып алу кезіндегі алаяқтық.
Полиция басқармасы бастығының мәліметінше, өткен жылы 2024 жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтық саны 78 дерекке артып, Рудный қаласы халық санына шаққанда облыс бойынша екінші орынға шыққан. Тұрғындарға келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 554 миллион теңгені құрады.
– 2025 жыл бойы полиция қызметкерлері тұрақты түрде алдын алу шараларын жүргізді. Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттар жиі жаңартылып, өндіріс орындары, медициналық және білім беру мекемелері мен Қашар кентінің еңбек ұжымдарында көптеген түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Ерлан Рахимов.
Қала әкімдігімен бірлесіп 1200 ақпараттық буклет дайындалып, екі баннер орнатылды. Сонымен қатар сауда үйлері мен банктерде терминал арқылы ақша аударатын азаматтарға ескерту жасайтын арнайы макеттік фигуралар қойылды.
Сондай-ақ қалалық полиция басшысы қызметкерлердің БАҚ-тағы тұрақты шығулары мен «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы пәтерлерді аралау жұмыстары туралы баяндады.
Тұрғындарға алаяқтықтың кең таралған схемалары мен олардан сақтану жолдарын түсіндіру мақсатында үй, жұмыс, мектеп және ата-аналар чаттарына ақпараттық буклеттер мен бейнематериалдар белсенді түрде таратылуда.
Алдағы жоспарлар туралы айта келе, спикер биыл пилоттық жоба аясында полиция басқармасында 5 штаттық бірліктен тұратын киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімін құру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, облыс прокуратурасының бастамасымен полиция ғимаратында алаяқтардың халықаралық қоңырауларын бөгейтін арнайы Call-орталық іске қосылды. Бұл жүйе күдікті қоңырауларды тікелей полиция қызметкерлеріне бағыттауға мүмкіндік береді.
– Алаяқтармен әдейі ұзақ сөйлесу арқылы біз олардың уақытын алып, басқа әлеуетті құрбандарға хабарласуына кедергі келтіреміз. Антифрод-орталығының тиімділігі қазірдің өзінде байқалуда: екі айға жетпейтін уақыт ішінде 2000-ға жуық қоңырау бөгелді, – деп нақтылады басқарма бастығы.
Ерлан Рахимов алдын алу шараларының барлық түрі, соның ішінде БАҚ-пен жұмыс, халықпен кездесулер және интернет-платформалардағы үгіт-насихат жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.
Полиция басшысы бүгінде интернет-алаяқтықтың жеке қылмыстық салаға айналғанына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, алаяқтар заманауи технологиялар мен қымбат жабдықтарды қолданады, ал олардың табысы қару мен есірткінің заңсыз айналымынан түсетін пайдамен теңесіп, кейде одан да асып түседі.
Сондай-ақ ол жәбірленушілердің көбі алаяқтық әдістері туралы біле тұра, психологиялық қысымға шыдамай, өз еркімен ақша беріп қоятынын айтты.
Осыған байланысты, алдын алу жұмыстарының басым бағыты ретінде интернеттегі таргетингтік жарнаманы қолдану көзделіп отыр. Бұл тәсіл қауіп тобына жататын азаматтарға нақты бағытталған ескертулер жіберуге және жаңа алаяқтық схемалар туралы жедел хабардар етуге мүмкіндік береді.
Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта өңірдегі жалпы қылмыстың 30 пайызы алаяқтыққа тиесілі, одан көбіне егде жастағы адамдар зардап шегуде.
Сөзінің соңында Ерлан Рахимов алаяқтық қоңыраулардың басым бөлігі шетелден түсетінін, сондықтан ұрланған қаражатты қайтару және қылмыскерлерді жауапқа тарту өте күрделі екенін жеткізді. Осы орайда халықты жаңа алаяқтық тәсілдер туралы уақтылы құлақтандырып отырудың маңызы зор.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ