Рудный мен Қашарда «Подучётник» жедел -профилактикалық шарасы өтті
Қостанай облысында 11-23 ақпан аралығында «Подучётник» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның басты мақсаты – соттылығы өтелмеген немесе алынбаған тұлғалардың құқық бұзушылықтарын алдын алу, оларды бақылау және қайта қылмыс жасауына жол бермеу.
Операция аясында Рудный қаласы мен Қашар кентінде күн сайын 50-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Нәтижесінде, есепте тұрған 849 азамат тексерілді, олардың 120-сы – шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар. Тексеру барысында 76 құқық бұзушылық анықталды, ал үш іс Рудный қалалық сотына жіберілді.
Операцияның өту барысы жайлы Рудный қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Жақсылық Ұнаев баяндап берді.
— Біздің басты мақсатымыз – есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты жерін тексеру, олар жайлы ақпараттың өзектілігін анықтау және заң талаптарының сақталуын қадағалау. Рейд барысында олардың тұрмыс жағдайын қарап, профилактикалық сұхбаттар жүргіздік. Мұндай шаралар қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды, – дейді полиция қызметкері.
Сонымен қатар, есепте тұрған адамдардың жұмысқа орналасуы да маңызды мәселе болып табылады. Себебі, тұрақты табыс көзі болмаған жағдайда олардың қайта қылмысқа бару қаупі жоғары. Сондықтан, полиция қызметкерлері жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеп, азаматтарды әлеуметтік ортаға бейімдеуге күш салады.
— Бұрын сотталған немесе пробациялық бақылаудағы азаматтарға әлеуметтік бейімделу үшін көмектесу – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. Біз олармен тұрақты жұмыс істеп, мамандармен бірлесе отырып, жұмыспен қамту мәселесін де назарда ұстаймыз, – деп толықтырды Жақсылық Ұнаев.
Есепте тұрған азаматтардың 70%-ы түзелу жолын таңдайды
Учаскелік полиция инспекторларының мәліметінше, есепте тұрған азаматтардың басым бөлігі заң талаптарын орындауға тырысады. Дегенмен, кейбіреулері бұрынғы өмір салтын өзгерте алмай, қайта құқық бұзушылыққа барады.
- Есепте тұрған азаматтардың 70%-ы құқық бұзушылыққа қайта бармайды және заңды сақтауға тырысады. Бірақ қалған 30%-ы бұрынғы әдеттерінен арыла алмай, қайта қылмыс жасайды. Мұндай жағдайларда біз заңға сәйкес қатаң шаралар қабылдаймыз. Егер шартты түрде сотталған азамат екі немесе одан да көп рет құқық бұзушылық жасаса, оның мерзімі қайта қаралып, шартты жаза бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылуы мүмкін, – дейді Жақсылық Ұнаев.
Алкогольдік ішімдік ішпеу туралы шектеуі бар азаматтарға арнайы тексеріс жүргізіледі. Егер олар мас күйінде ұсталып, құқық бұзушылық жасағаны дәлелденсе, 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
«Подучётник» жедел-профилактикалық іс-шарасы құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған маңызды қадам болды. Мұндай рейдтер құқық қорғау органдарының есепте тұрған тұлғалармен тұрақты жұмыс жүргізіп, олардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, осындай шаралардың арқасында бақылау жүйесінің сенімділігі артып, қоғамдағы қауіпсіздік деңгейі жақсарады. Бұл өз кезегінде азаматтардың қорғалуын күшейтіп, құқықтық тәртіпті нығайтуға септігін тигізеді.
Айбар БЕРІК,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ