Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды
«Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбында сараптамалық жиын өтті. Оған Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Ерлан Абдульманов, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің әйелдерді қорғау тобының аға инспекторы Оксана Сердюк, қалалық емхананың психолог-әлеуметтік қызметкері Роза Смайлова және учаскелік инспектор Рашид Жүнісов қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Ерлан Абдульманов отбасылық зорлық-зомбылық жасағандарға қолданылатын жаза түрлеріне тоқталды. Оның айтуынша, соңғы өзгерістерден кейін жауапкершілік айтарлықтай күшейген.
«Қазір Әкімшілік кодексте де, Қылмыстық кодексте де тұрмыстық қатынастардағы құқықбұзушылықтарға қатысты санкциялар артты. Бұрын Әкімшілік кодексте болған бірқатар баптар Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Мәселен, дене жарақатын салу, жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу әрекеттері. Егер жанжал қол көтеруге ұласса, құқықбұзушыға әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылады», – деді ол.
Жыл басынан бері Рудныйда отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша 719 адам жауапқа тартылған. Барлық іс сотта қаралып, құқықбұзушыға жаза нақты әрекетіне қарай белгіленеді. Бұрынғыдай айыппұл жоқ, тек қамау шарасы қолданылады. Егер алғаш рет тәртіп бұзса, ескерту жасалып немесе татуласуға мүмкіндік беріледі. Ал қайталанса – 15 тәулікке дейін қамау, сонымен қатар мінез-құлқына шектеулер қойылады. Мәселен, үш айдан бір жылға дейін ішімдік ішуге тыйым салынуы мүмкін.
Отбасында жанжал туындаған жағдайда учаскелік инспектор қорғаныс ұйғарымын шығарады. Бұл құжат – алдын алу шарасы ретінде бір айға дейін күшінде болады. Осы уақыт аралығында құқықбұзушы профилактикалық есепке алынып, апта сайын бақылаудан өтеді. Қорғаныс ұйғарымы жәбірленушімен кез келген қарым-қатынасқа тыйым салады: іздеп баруға, хабарласуға не жолығуға болмайды. Егер бұл талап бұзылса, ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша іс қозғалып, құқықбұзушы 10 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Жақында сот жаңа талап енгізді: ішімдікке тыйым салумен қатар, құқықбұзушыны психологиялық түзетуге міндеттеу. Егер ол емханаға бармаса, ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауапқа тартылады.
«Біз зорлық-зомбылық орын алған отбасыны қараусыз қалдырмаймыз. Әр мемлекеттік орган өз бағыты бойынша көмек көрсетеді. Нәтижелері бар: «Жанұя» орталығы арқылы көптеген отбасы ажырасудан аман қалды, кейбір ер азаматтар ішімдікті қойды, бірқатарына жұмыс табуға жәрдемдестік», – деп сөзін аяқтады Ерлан Абдульманов.
Әйелдерді қорғау тобының аға инспекторы Оксана Сердюк қоғамдағы азаматтық жауапкершілікке тоқталды.
«Егер көршілеріңіздің үйінен жиі айқай естілсе немесе жанжалға куә болсаңыздар, бейжай қарамаңыздар. Көп жағдайда әйелдер зорлық-зомбылықты дер кезінде айта алмайды. Осындайда қоғам мүшесі ретінде жағдайды хабарлау – әркімнің азаматтық міндеті. Бұл үшін аты-жөніңізді көрсетудің қажеті жоқ, анонимді түрде де хабарласуға болады. Тиісті органдар әр ақпаратты тексеріп, қажет жағдайда шара қолданады. Ал егер заң бұзушылық расталмаса, профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Жәбір көрген әйелге қолдау көрсетіліп, қажет болған жағдайда дағдарыс орталығына орналастырылады», – деді ол.
Қалалық емхананың психолог-әлеуметтік қызметкері Роза Смайлова тұрмыстық зорлық-зомбылық көбіне көпбалалы әрі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда кездесетінін айтты. Мұндай жағдай көбіне қаржы тапшылығы мен қарым-қатынастың жетіспеуінен туындайды. Жиі жағдайда бастамашысы – ер адам, ал жәбірленушілер – әйелдер мен балалар.
«Қалалық емханада алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімі жұмыс істейді. Мұнда алты білікті психолог қабылдау жүргізеді. №319 кабинетте әйелдерге, мүгедектерге және отбасыларға, ал №310 кабинетте балаларға арналған психологиялық көмек көрсетіледі. Барлық кеңес – тегін. Егер отбасыңызда осындай жағдай орын алса, міндетті түрде жүгініңіздер, жақындарыңызға да хабардар етіңіздер. Өкінішке қарай, көптеген әйелдер зорлық-зомбылықты жасыруға тырысады. Алайда мұндай оқиғалар бәрібір анықталады – көбіне көршілердің хабарлауымен. Кейде жағдай асқынып, балалардың ауруханаға түсуіне дейін барады, – деді Роза Смайлова.
Оның айтуынша, қалалық емханаға тіркелген кез келген азамат психологтардың көмегіне жүгіне алады.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Айбар БЕРІК