Қазіргі таңда жасөспірімдердің көбісі ұялы телефон, әлеуметтік желілерде зәру, ал әдебиетке махаббат деген күн тәртібінен алыстап бара жатқандай. Бірақ жүрегі поэзия қалайтын, әдебиетпен тыныстайтын оқушылар да бар. Солардың қатарында – Алиса мен Қадырғали. Олар үшін әдебиет тек пән емес, өмір салтына айналғандай. Сол орайда Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің 8 және 9 сынып оқушылары Алиса Бақтиярова мен Қадырғали Есенқұлов бірге әдебиетке деген махаббаты, жетістіктері, шабыт көздері мен арман-мақсаттары жайлы әңгімелестік.
Ең алдымен Алиса әдебиетке деген махаббат қашан және қалай басталғаны жайлы тоқталып өтті. Оның айтуынша, қолдау көрсеткен адамдардың бірі – бастауыш сыныптағы жетекшісі.
«Ол менің 4-сыныптан бастап шығармашылыққа бейімділігімді байқап, әрдайым жетелеп жүрді. Сол кезден бастап мен әдебиетке жақын бола бастадым. Есімде, ең алғашқы байқауыма 5-сыныпта қатыстым – ол «Абай оқулары» болатын. Сол оқуға алғаш қатысқан оқушылардың бірі өзім едім. Бірінші орын алдым, кейін облыстық кезеңде екінші орынды иелендім. Осындай жеңістер мені шабыттандырып, одан сайын талпындыра түсті», – дейді Алиса.
– Соңғы жетістіктерің туралы айтып өтсең?
– Ең ауқымды жетістіктерімнің бірі – «Светқали оқулары» байқауы. Бұл байқауға 27 оқушы қатысты, ішінен 4 оқушы іріктеліп шықтық. Сол төртеудің бірі – мен. Бізге 1 000 000 теңге көлеміндегі сыйақы бөлінді. Мен және мектебіміздің тағы бір оқушысы Қадырғали екеуіміз 250 000 теңгеден алдық. Сондай-ақ, «Ыбырай оқулары» байқауында қалалық кезеңде бас жүлде иелендім. 20-дан астам өлеңін жаттап, 80-нен астам шығармасын оқыдым. Облыстық кезеңде 2-орынға ие болып, 60 000 теңге ұтып алдым.
– Мектеп ішінде қандай үйірмелер мен ұйымдардың мүшесісің?
– Қазір үйірмелерге қатысуды жалғастырып жүрмін. Әрине, 9-сыныпқа өткеннен кейін қатысатын шаралар саны азая бастайды, өйткені алда үлкен сынақ – ҰБТ тұр. Бірақ мен әлі де белсенділікті тоқтатпаймын, себебі өзімді және мектебімді танытқым келеді. Вокалға қатысқанмын, 8-сыныпта қала ішіндегі түрлі концерттер мен сайыстарда «Арнау» тобымен ән айттық. Мектепшілік театр мен үшін жүрекке жақын. Әр рөлге бар жан-тәніммен кірісемін.
– Келешекте қандай мамандық иесі болғың келеді? Қандай сала, ойыңда бір бағыт бар ма?
– Әдебиетті қатты жақсы көремін, бірақ болашақ мамандығым бойынша нақты шешім қабылдаған жоқпын. Қазір ойланып жүрген салам – медицина. Бұл бағытқа қызығушылығым бар, бірақ әлі нақты таңдау жасаған жоқпын.
– Сыныптастардың белсенділігі туралы не айтасыз? Конкуренция бар ма?
– Сыныпта көпшілігі белсенді, түрлі байқауларда жиі кездесеміз. Әсіресе жан досыммен барлық жарыстарға бірге қатысамыз. Әрине, арасында бәсекелестік те болады, бірақ бұл бізді алға жетелейді. Менің белсенділігім де сыныптың арқасында артты десем болады.
– Өзіңнің алдағы жоспарларың қандай? Осындай байқауларға әлі де қатысамын, жеңіске жеткім келеді деген арманың бар ма?
– Арман көп, мақсат одан да көп. Түркістанда өтетін Қожа Ахмет Яссауи өлеңдеріне арналған байқауға қатты қатысқым келеді. Ол тек жарыс емес, рухани сапар сияқты. Сонымен қатар бизнеске де қызығушылығым бар. Қазір оқушылар арасында кәсіпкерлікке арналған жобалар көбейіп жатыр. Ондай мүмкіндіктер болса, міндетті түрде қатысқым келеді. 10–11 сыныпта басты мақсатым – ҰБТ-дан жоғары балл жинау.
Алиса айтып өткен «Светқали оқулары» байқауына дастанды жаттап, облыстық байқауда үздік атанғандардың бірі – Есенқұлов Қадырғали. 8 сынып оқушысы, қазіргі таңда түрлі пәндік олимпиадаларға қатысады, сонымен қатар театр үйірмесінің белсенді мүшесі.
– Қыдырғали, өзіңнің әдебиет саласына деген қызығуылық қалай пайда болды? Кім себепкер? Жалпы осы бағыттағы жетістер қандай?
– Отбасым, ата-анам әрдайым қолдап отырады. Қалаған кітаптарымды алып береді. Марқұм атам мен арғы аталарым да әдебиетке жақын, ақындық, жазушылық қасиеттері болған. Мүмкін соларды көріп менің зейінім ашылды. Негізі бастау сыныптарда сабаққа деген үлгерім төмен еді. Байқауларға қатыса бастаған соң, белсенділік артты. Сабақ үлгерімім жоғарылады, пәндерге деген қызығушылық арта түсті. Өткен жылы «Оқы және жең» облыстық байқауына қатысып, үш түрлі кітапты оқып, эссе жаздық. Сол байқауда 2-орын алдым. Сонымен қатар 18-21 мамыр күндері Астана қаласында өткен Республикалық қазақ тілі олимпиадасына қатыстым. Бұл байқауға қатысу үшін 3-4 ай көлемінде тынымсыз дайындалдық. Мектепішілік, қалалық, облыстық кезеңдерден сүрінбей өтіп, республикалық додаға жеттік. Басқа оқу орындары, мәселен КТЛ немесе НИШ секілді лицейлерде мұндай жарыстарға өтудің арнайы жолдары бар екен. Ал біз қарапайым мектептен осындай биікке жеттік. Әлі де әдебиет бағытындағы байқауларға қатысу жоспарда бар.
– Жалпы болашақта кім болғың келеді? Жоспар қандай?
– Адам болған соң, әркімнің арманы, мақсаты, жоспары болады ғой. Армансыз адам – қанатсыз құспен тең дейді. Сондықтан мен де әрқашан армандаймын, қиялдаймын. Қазірдің өзінде түрлі байқауларға қатысып жүрмін, алда да қатыса беремін деп ойлаймын. Болашақта республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысқым келеді. 9-сыныптан бастап халықаралық олимпиадаларға қатысу мүмкіндігі туады екен – соған дайындалғым келеді. Қазірше екі бағыт ойымда тұр: біріншісі – жаратылыстану-математика саласы, яғни ғалым, зерттеуші болу, екіншісі – шығармашылық бағытта қалу, мысалы, ақын, жазушы болу.
Қадырғали мен Алиса сынды оқушылардың жетістігі – бір ғана жеке еңбектің емес, тұтас мектеп ұжымының жүйелі жұмысының нәтижесі. Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының айтуынша, мектеп оқушылары түрле байқаулармен олимпиадаларда белсенді.
– Айзат Жумагалиевна, биылғы жылды қалай қорытындыладыңыздар? Қанша түлек бітіріп жатыр? Мектеп жетістіктері мен келер жылға жоспар қандай?
– 2024–2025 оқу жылында 9-сыныпты 98, ал 11-сыныпты 28 оқушы бітіріп жатыр. Биыл біз үшін ерекше жыл болды – алғаш рет қазақ тілінде білім алған 26 оқушы 9-сыныпты тәмамдағалы отыр. Келесі жылы қазақ тіліндегі 10-сынып ашылады. Оқушыларымыз түрлі байқауларға белсенді қатысты. «Светқали оқулары», «Әбіш оқулары», «Оралхан Бөкей оқулары» сынды жарыстарда 5 оқушы жүлделі орын алды, солардың бірі біз. Сонымен қатар, Қатонқарағайдағы жазғы лагерьге жолдама алдық. Мектеп ұжымы аттестациядан сәтті өтіп, жоғары бағаға ие болды. Биыл технология кабинеттері жабдықталды, интерактивті тақталар орнаттық. Келесі жылы STEM кабинетін ашуды және география кабинетін толық жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Абай атындағы мектеп ретінде оның 180 жылдығына арналған шаралар басталды. Мектепте шағын мұражай ашылды, мұғалімдер мен оқушылар Семейдегі Абай мұражайына барды.
– Мектеп белсенділері Алиса мен Қыдырғали жайлы не айта аласыз? Жетекшілер тарапынан қандай көмек көрсетілуде?
– Алиса – 9-сынып оқушысы, үздік аттестатқа үміткер. Қадырғали – 8-сыныпта оқиды. Екеуі де қазақ тілі мен әдебиетін сүйіп оқиды, көптеген байқаулардың жүлдегерлері. Қадырғали Астанада өткен республикалық олимпиададан 3-орын алып келіп, Рудный қаласы атынан қатысқан жалғыз жүлдегер болды. Оқушылардың жеңісі – ұстаздардың еңбегі мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі. Алиса мен Қадырғали сияқты жастар еліміздің жарқын болашағы мен үлкен үміті. Осындай дарынды да, талапты жастарымыздың білімге, оқуға деген құштарлығы бізді қуантады. Алда талай белестер күтіп тұр. Ең бастысы – сол жолда талмай еңбектену.
Айгерім БАХИТБЕК,
суреттерді түсірген Даулет КУЛАТАЕВ