Әйелдер денсаулығы – ұрпақ саулығы

«Жүктілікті жоспарлау толыққанды медициналық тексерістен басталуы қажет»

Дені сау ұрпақ дүниеге әкелу – жеке отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның болашағына әсер ететін маңызды мәселе. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жүкті әйелдер арасында әртүрлі асқынулар жиі кездесуде. Оның ішінде қан қысымының көтерілуі, анемия, ерте босану сияқты жағдайлар көп тіркеледі. Мұндай қауіптердің едәуір бөлігін алдын ала тексеру мен дер кезінде медициналық бақылаудың көмегімен болдырмауға болады.

Бұл ретте мамандардың бір дауыстан айтатыны:жүктілікке дайындық тек әйелге ғана емес, ер адамға да ортақ міндет. Себебі болашақ сәбидің денсаулығы екі ата-ананың да өмір салтына, денсаулығына және жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан медициналық кеңес алу, қажетті тексерулерден уақытылы өту және салауатты өмір салтын ұстану – дені сау баланың дүниеге келуіне бастайтын сенімді қадам.

«Жүктілікті жоспарлау – тек әйелдің ғана емес, ер адамның да жауапкершілігі. Болашақ әке де уролог және басқа да мамандардың кеңесіне жүгініп, әйелмен бірге тексерістен өтсе, жүктілікті жоспарлау әлдеқайда тиімді әрі нәтижелі болады», – дейді №1 қалалық емханасының акушер-гинекологы Мәдина Жанадилова.

Рудный қалалық №1 емханасының әйелдер консультациясы – ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған бөлім. Мұнда жатыр мойны патологиясына арналған жеке кабинет, диагностикалық және кеңес беру бөлмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, бедеулікке шалдыққан әйелдерге мемлекет бөлген квота аясында тегін экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасына дайындық жүргізіледі.

Жоғары санатты дәрігер, әйелдер консультациясының меңгерушісі Татьяна Базанованың айтуынша, жүктілікті жоспарлау кезеңінде тексерістен өтпеген әйелдердің арасында кейін түрлі асқынулар жиі кездеседі.

«Жүктілік – әйел ағзасы үшін үлкен сынақ. Бұрын білінбеген дерттер дәл осы кезде асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан алдын ала дайындық әрбір әйел үшін міндетті болуы тиіс. Әйелдер консультациясының басты мақсаты – жүктілікті жоспарлаған әрбір отбасының денсаулығын алдын ала тексеру, ағзадағы жасырын дерттерді анықтап, емдеу. Бұл – болашақ ананың да, дүниеге келетін баланың да қауіпсіздігі үшін маңызды қадам», – деп толықтырды бөлім меңгерушісі.

Қазақстанда бала сүюді армандап жүрген отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасына арнайы квоталар бөлінеді. Бұл – көптеген отбасының ата-ана атануына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба.

Рудный қаласында да ЭКҰ-ға жолдама алу үшін арнайы тәртіп бар. Алдымен әйелдер консультациясында есепте тұрған әйелдер жыл сайын шақырылып, олардың келісімі алынады. Кейін қажетті зерттеулер жүргізіліп, облыстық медициналық-генетикалық орталыққа жолданады.

«2025 жылы Рудныйда 23 әйел ЭКҰ бағдарламасына дайындалды. Оның ішінде 12-сі квота бойынша процедурадан өтті, қалғандары қазір зерттеу кезеңінде тұр. Мемлекет бұл бағдарламаға қомақты қаржы бөледі. Жеке клиникаларда ЭКҰ-ның құны өте жоғары, ал квота бойынша ол тегін жүргізіледі. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдалану – бала сүйе алмай жүрген көптеген отбасы үшін үлкен көмек», – дейді Татьяна Базанова.

Халықаралық стандарттарға сәйкес, егер ерлі-зайыптылар бір жыл бойы тұрақты жыныстық қатынаста болып, жүктілік орын алмаса, бедеулік диагнозы қойылады. Бұрын бұл мерзім ұзағырақ болғанымен, қазір медицина тәжірибесінде бір жыл жеткілікті деп саналады.

35 жастан асқан әйелдер үшін уақыт шектеуі қысқарады. Себебі жасы ұлғайған сайын әйел ағзасындағы биологиялық өзгерістер жүкті болуды қиындатады.

Жүктілікті жоспарлау – кешенді дайындықты қажет етеді. Мамандардың айтуынша, кем дегенде 6 ай бұрын тексерілу қажет.

«Бұл дайындық ең алдымен гинеколог қабылдауынан басталады, кейін терапевт пен басқа да мамандардың тексеруінен өтуді қамтиды. Егер жасырын аурулар анықталса, олар уақытылы емделеді. Ал ер адам урологқа барып, өзінің де денсаулығын тексертуі тиіс. Жүктілікті жоспарлау – тек әйелдің ғана емес, ер адамның да жауапкершілігі. Сондықтан болашақ әке де медициналық тексерістен өтіп, әйеліне қолдау көрсетуі керек», – дейді Мадина Жанадилова.

Әйелдер консультациясы – тек жүктілікті бақылап қана қоймай, сонымен бірге болашақ ата-аналарға жоспарлы түрде дайындық жүргізетін маңызды медициналық бөлім.

Мұнда дәрігерлердің басты мақсаты – ананың да, баланың да саулығын қорғау. Мемлекет тарапынан бөлінетін арнайы квоталардың арқасында бүгінде бала сүюді армандаған көптеген отбасы өз армандарына жетіп, ата-ана болу бақытын сезініп отыр.

Жоспарлап қамдану, дайындалу – әр отбасы үшін бақытқа толы шаққа жеткізер негізгі жол. Ал дер кезінде көрсетілген медициналық көмек – болашақ ұрпақтың денсаулығы мен елдің ертеңіне қосылған ең үлкен үлес.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *