ҚМДБ төрағасы қызметтік этика мәселесіне ерекше мән берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысы бас имамының мас күйде көлік жүргізіп ұсталғанынан кейін облыс бас имамдарына орталық аппарат жиналысы кезінде арнайы насихат айтты.
Ол имамдарға қызметтік этика, дін ісінің және жамағатпен жұмыстың жауапкершілігі жүктелетінін ерекше атап өтті.
«Имамдық – жауапкершілігі мол, жоғары адамгершілік құндылықтарды талап ететін қызмет. Бұл – адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйатын ұлы істің бірі. Әрине, мұндай жауапкершілікті атқару үшін, өз болмысымен үлгі-өнеге болатын, дін ісі мен дүниені қатар алып жүруге баулитын көркем мінез-құлық пен ұстаздық қабілет-қасиеттер, белсенділік пен азаматтық сипаттар имамнан талап етіледі. Имамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбеті бірдей болып бүкіл ісін адалдық, әділдікпен атқаруы тиіс», – деді бас мүфти.