«Өз ісіңе адал бол…»

«Доктор ЛОР» орталығының тарихы

Әрбір үлкен істің артында жүрек қалауымен жасалған таңдау, тағдырдың тосын сынақтары мен табандылыққа толы еңбек жатады. Рудный қаласының денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары ерекше серпіліс әкелген «Доктор ЛОР» медициналық орталығының негізін қалаушы, дәрігер әрі жан-тәнімен өз кәсібіне берілген жан – Гүлсина Қалмурзаева туралы айтқанда, ең алдымен оның балалық шағында басталған арманын, содан бері жалғасып келе жатқан дәрігерлік миссиясын еске алуға болады.

Ол отбасында қарапайым тәрбиемен өсті: әкесі – зейнеткер, анасы – шағын кәсіпкер, інісі электромонтажшы болса, сіңлісі журналистика саласында продюсер болып еңбек етіп, кейіннен өз ісін ашқан. Отбасындағы еңбекқорлық пен жауапкершілік Гүлсинаның бойына да сіңіп, оны қайратты, алға ұмтылған, бір іске бел буған жанға айналдырды. Бүгінде ол екі баланың анасы, қызы фортепианода ойнайды, ұлы домбыра тартады, екеуі де музыкалық мектепте оқып жүр. Бұл отбасының өнер мен еңбекті қатар бағалайтынының бір көрінісі болса керек.

Бірақ оның жүрегін медицинаға бұрған себеп – тағдырдың өз қасіреті. Нағашы ағасының ұлы Құрал ауыр дерттен ерте қайтыс болғанда Гүлсина тоғызыншы сыныпта оқып жүрген. Бала өлімі, ата-ананың жүрегін езіп, бүтін әулетті қайғыға салған бұл жағдай оған қатты әсер етіп, медицина жолын таңдауға итермеледі. «Егер дәрігер болсам, мүмкін бір адамның өмірін сақтап қалармын, уақытылы көмектесермін» деген ой сол кезде-ақ бойына ұялаған.

2000 жылы ол Ташкент педиатриялық медициналық институтына оқуға түсіп, педиатрия факультетінде білім алады. Жеті жылдық ауыр, бірақ қызықты оқу кезеңінен кейін 2007 жылы диплом алып шығып, 2008 жылдан бастап Рудный қалалық балалар ауруханасында педиатр болып еңбек жолын бастайды. Балаларға алғашқы көмек көрсету, олардың денсаулығы үшін жауапкершілік алу – бұл мамандықтың ең ауыр әрі ең қадірлі тұсы болатын. Жас дәрігер күнделікті тәжірибеде түрлі сырқаттарды көріп, науқастармен жұмыс істей жүріп, тәжірибесін толықтырды.

«2015 жылдан бастап мен медицинадағы жаңа арна – оториноларингологияға бет бұрдым. Бұл шешім менің кәсіби өмірімдегі маңызды кезең болды, себебі дәл осы салаға келгеннен кейін маман ретінде жаңа белестерге көтерілдім. Алғашқы қадамдарым Рудный көпсалалы қалалық ауруханасында басталып, кейін қалалық емханада жалғасты. Одан кейін Қостанай облыстық балалар ауруханасында еңбек етіп, балаларға медициналық көмек көрсетудің қыр-сырын меңгердім. Сонымен қатар, «Желкуар» ЖШС мекемесінде жұмыс істей жүріп, тәжірибемді шыңдап, түрлі бағыттағы науқастармен жұмыс істеу дағдыларымды кеңейттім. Әр мекемеде жинаған тәжірибем мені бүгінгі кәсіби деңгейіме жеткізіп, дәрігер ретіндегі сенімділігімді арттырды», – дейді ол.

2018 жыл Гүлсина үшін ерекше есте қалды. Ол алғаш рет жеке кәсіпкерлік негізінде медициналық орталық ашуға тәуекел етті.

«Жеке іс бастау – тек батыл қадам ғана емес, сонымен қатар үлкен сенім мен табандылықты талап ететін жол. Мен де алғашқы қадамымды шағын ғана ғимаратта, қолда бар аздаған аппаратпен бастаған едім. 2019 жылы ресми лицензия алып, орталықтың жұмысы заңды түрде жалғасып, өз бағытын айқындады. Әрине, бұл жол оңай болған жоқ: ең әуелі құрал-жабдықтардың бағасы қымбат, олардың бәрін бірден сатып алу мүмкін болмады. Сонымен қатар, дәрігер ретінде біліктілігіңді көрсетіп, науқастардың сеніміне ие болу үшін уақыт қажет екенін түсіндім. Ал кәсіпкерліктің өзіндік қиындығы тағы бар – қаржылық жауапкершілік, құжаттармен жұмыс, кадр мәселесі, бәрін қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен, осы қиындықтар мені шыңдап, кәсіби әрі тұлғалық тұрғыдан өсірді. Әрбір кедергіден кейін жаңа мүмкіндік ашылып отырғандай сезіндім, сол үшін алғашқы қиындықтарға қарамай, өз ісімді жалғастыруға бекіндім», – дейді ол.

Бірақ оның бойындағы қайсарлық пен жауапкершілік бәрінен биік тұрды. Ол мемлекеттік несие алып, өз қаражатын қоса отырып, алғашқы қажетті жабдықтарды сатып алды.

2021 жылы Кореядан арнайы ЛОР-комбайн әкелінді. Бұл – заманауи медицинаның нағыз жетістігі саналған құрылғы еді. Оның көмегімен эндоскопиялық риноскопия, отоскопия, ларингоскопия сияқты толық тексерістер жүргізуге мүмкіндік пайда болды.

«Бұрын мұндай заманауи диагностика тек облыстық деңгейдегі ірі орталықтарда ғана жасалатын. Ал қазір ол Рудный қаласының тұрғындары үшін қолжетімді болды. Арнайы әкелінген аппарат құлақтың барабан жарғағын массаждауға, мұрын қуысын шаюға, түрлі физиопроцедураларды жүргізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл құрылғы арқылы балалардан бастап ересектерге дейін толық көлемде, жан-жақты диагностика жасауға жағдай туып отыр. Дәл осындай мүмкіндік бұрын бізде болмаған еді. Бұл – менің көптен бері армандаған мақсатым болатын. Енді ауылдан немесе басқа қалалардан арнайы жол жүріп, қосымша шығын шығарудың қажеті жоқ, өзіміздің Рудныйда-ақ толық әрі сапалы медициналық көмек көрсете аламыз. Бұл тек пациенттер үшін қолайлылық қана емес, сонымен қатар қаладағы медициналық қызметтің дамуының үлкен қадамы деп білемін», – дейді дәрігер.

Орталықтың жұмысы жыл өткен сайын кеңейді. Пациенттердің саны артқан сайын қосымша жабдыққа қажеттілік туды. 2022 жылы Гүлсина мемлекеттік гранттық жобаға қатысып, 5 миллион теңге көлеміндегі қаржыны жеңіп алды. Бұл оның табандылығы мен кәсібилігінің тағы бір дәлелі болатын. Сол қаржыға әрі өз қаражатын қосып, ол жаңа аппарат – есту қабілетін тексеруге арналған компьютерлік кешен сатып алды. Енді орталық нәрестеден бастап қарттарға дейін аудиометриялық тексерістерді толық жүргізе алатын жағдайға жетті. Бұл – тек бір отбасының емес, тұтас қаланың медициналық деңгейін көтерген қадам болды.

«2023 жылы «Доктор ЛОР» үшін нағыз жаңа кезең басталды. Бұған дейін біз жалға алған ғимарат орталық талабына толық сай келмейтін, науқастарды қабылдау барысында да көптеген қиындықтар туындайтын. Мемлекеттік субсидиялау бағдарламасының көмегін пайдаланып, біз көптен бері армандаған мақсатымызға қол жеткіздік – жеке ғимарат сатып алып, оны толық жөндеуден өткіздік. Құрылыс пен жабдықтау жұмыстары біраз уақыт алды, бірақ әрбір бөлшегін ойластырып, науқастарға барынша ыңғайлы болуына мән бердік. Ақыры көптен күткен сәт те жетті: 2025 жылдың 29 наурызында жаңа мекенжайдағы клиникамыз өз есігін айқара ашты. Қазір мұнда төрт арнайы кабинет бар: екеуі физиотерапияға, екеуі дәрігерлерге – невропатолог пен офтальмологқа арналған. Бұдан бөлек, барлық санитарлық талаптарға сай жасақталған заманауи процедуралық бөлме де жұмыс істейді. Бұл орталық тек қана жаңа ғимарат емес, ол біздің көп жылғы еңбегіміздің, дамуға деген талпынысымыздың нәтижесі, заманауи медициналық орталықтың толық бейнесі. Мұнда әр пациент сапалы медициналық көмек алумен қатар, жайлылық пен сенімділікті де сезінеді», – дейді дәрігер.

Клиникада дәрігердің барлық заманауи диагностикалық мүмкіндіктері бар: эндоскопиялық риноскопия, отоскопия, ларингоскопия, құлақ жарғағына массаж, мұрын қуысын шаю, есту түтіктерін үрлеу, физиотерапиялық емшаралар. Мұның бәрі бір орталықта қолжетімді болуы – науқастар үшін үлкен жеңілдік. Оған мысал ретінде дәрігер жуырда қабылдаған үш жасар баланы айтады.

«Бала мұрын арқылы тыныс ала алмай, жиі ауыратын болған. Бұрын жасалған ем көмектеспеген. Біз эндоскопиялық әдіспен мұрын қуысын қарап, созылмалы қабыну процесін анықтадық. Содан кейін қажетті ем тағайындалып, процедуралар жүргізілді. Бүгінде ол бала еркін тыныс алып жүр», – дейді ол.

Бұл – бір ғана мысал. Ал шын мәнінде мұндай оқиғалар күн сайын кездеседі.

Гүлсина Қалмурзаеваның айтуынша, орталықтағы жабдықтар негізінен жеткілікті және олар күнделікті жұмыстың тиімді атқарылуына үлкен септігін тигізуде. Медициналық құралдардың қатарында заманауи “Medstar Millennium Grand” ЛОР-комбайны, Ресейде жасалған «Нейрософт Нейро-Аудио» атты есту қабілетін тексеретін көпфункционалды кешен, Германияның «Тонзиллор» аппараты және басқа да қажетті жабдықтар бар. Бұл құрылғылар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, ең бастысы, науқастарға сапалы әрі уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

«Мәселен, Кореядан әкелінген “Medstar Millennium Grand” ЛОР-комбайны – бір аппараттың ішінде бірнеше функцияны біріктірген заманауи құрылғы. Оның көмегімен біз құлақ, мұрын және тамақ ауруларын кешенді түрде тексеріп қана қоймай, сол жерде-ақ қажетті ем-шараларды да жүргізе аламыз. Бұрын бұл үшін әртүрлі жеке-жеке құрал қолдануға тура келетін болса, қазір барлығы бір жүйеге жинақталған. Бұл уақытты үнемдеумен қатар, науқастар үшін де қолайлылық туғызады. Ал Ресейде жасалған «Нейрософт Нейро-Аудио» кешені – есту қабілетін жан-жақты тексеруге арналған заманауи құрылғы. Оның артықшылығы – естудің қай деңгейде әлсірегенін, қандай өзгерістер барын нақты әрі дәл анықтап береді. Әсіресе, балалардың есту қабілетін ерте кезеңде тексеру үшін таптырмас мүмкіндік жасайды. Ерте анықталған мәселені дер кезінде емдеп, естудің толық қалпына келуіне жол ашуға болады. Германияның OttoPront фирмасы шығарған «Тонзиллор» аппараты да біздің тәжірибемізде ерекше орын алады. Ол бадамша бездерді (миндалиналарды) тазалау үшін қолданылады. Созылмалы тонзиллитке шалдыққан науқастар үшін бұл аппарат үлкен көмек, себебі тек дәрімен шектелмей, арнайы жуып-шаю әдісімен кешенді ем жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді дәрігер.

«Әрбір құрал-жабдық тек дәрігердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймайды. Ең бастысы – ол науқастың сауығуына, өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді. Біз үшін ең маңыздысы – халықтың сенімін ақтап, уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету. Сол үшін орталығымызды әрдайым заманауи технологиялармен жабдықтап, пациенттерге барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз», – деп сөзін толықтырды дәрігер.

Дәрігер үшін ең үлкен жетістік – пациенттің сенімі мен шынайы алғысы. Әрбір емделушінің көзіне қуаныш ұялап, «балам алғаш рет еркін тыныс алды» немесе «құлағым еститін болды» деген сөздерді есту – дәрігер еңбегінің басты бағасы.

«Доктор ЛОР» орталығы бүгінде Рудныйдың ғана емес, бүкіл Қостанай өңірінің тұрғындарына заманауи әрі сапалы көмек көрсетіп отыр. Мұнда тек ересектер ғана емес, балалар да жоғары деңгейде қабылданып, әрбір жас ерекшелігіне сай ем-шара жүргізіледі. Дәрігерлер үшін ең басты қағида – науқасқа дұрыс диагноз қойып, дер кезінде емді бастау. Себебі құлақ, мұрын және тамақ аурулары уақытында емделмесе, асқынып, созылмалы түрге айналуы мүмкін.

Орталықта алғашқы тексеруден бастап, толық диагностика жасауға дейінгі барлық мүмкіндік қарастырылған. Заманауи аппараттар көмегімен аурудың себебін дәл анықтап, тиімді ем тағайындауға жағдай жасалған. Әсіресе, балалардағы есту қабілетінің әлсіреуі, жиі кездесетін ангина, аденоид немесе тыныс алу қиындығы сияқты мәселелер дер кезінде анықталып, оң шешімін табуда.

Дәрігерлердің айтуынша, басты мақсат – науқастарға денсаулығын қалпына келтіріп қана қоймай, олардың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс орталықтың беделін арттырып, халықтың сеніміне ие болуына жол ашты.

«Адам ағзасында бәрі бір-бірімен байланысты. Құлақ, мұрын, тамақ сырқаттары жеңіл көрінуі мүмкін, бірақ дер кезінде қаралмаса, күрделі дертке ұласуы ықтимал. Сол себепті біз ең алдымен алдын алу шараларына баса мән береміз», – дейді дәрігер.

Гүлсина Қалмурзаеваның өмірлік ұстанымы – қай жерде жүрсе де, қандай жағдайда болса да, өз ісіне адал болу. Оның кәсіби жолы – табандылықтың, батыл қадамдардың, қайсарлықтың үлгісі. Жеке кәсіпкер ретінде де, дәрігер ретінде де ол халыққа пайдасын тигізіп жүр.

Осылайша, Рудный қаласында ашылған алғашқы жеке ЛОР-орталық бүгінде заманауи диагностика мен емнің үлгісіне айналды.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *