Өмірі – үлгі, еңбегі – тарих

Рудный қаласында екі ардагердің мерейтойы атап өтілді

Рудный қаласы тәуелсіздік күні қарсаңында ерекше шараға куә болды. Қала орталығындағы «Жанұя» орталығында екі мәртебелі ардагер – Сейдахмет Исмагулов пен Қасымқайыр Дүйсенбаев құрметіне мерейтойлық кездесу ұйымдастырылды.

Қасымқайыр Қазымбайұлы 1930 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 11 жасынан еңбек жолын бастаған, соғыс жылдары колхозды қалпына келтіруге атсалысқан. 1956 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын тәмамдап, тау-кен инженері мамандығын алған. Рудныйдағы Сарыбай карьерінде өндірістік-техникалық бөлімнің аға сметашысы, инженер, бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1971 жылы комбинат пен қала басшылығының ұсынысы бойынша Ленин орденімен марапатталған. Зейнетке шыққаннан кейін қалалық Ардагерлер кеңесінің құрамында белсенді болып, поэзиямен айналысып, қалалық қоғамдық өмірге қатысқан. Сонымен қатар, қалалық депутаттық қызмет атқарған және бірнеше медальдармен марапатталған. 2000 жылы «Рудный қаласының құрметті азаматы» атағын алған.

Сейдахмет Нұрканұлы 1935 жылы Литвиновка ауылында дүниеге келген. 1954 жылы Рудныйға келіп, Соколовско-Сарбай комбинатында геологоразведка бөлімінде қызмет атқарған. 1954–1957 жылдары Совет Армиясында Харьков пен Венгриядағы радиолокациялық станцияларда дежурлық қызметін атқарған. 1956 жылы Будапешттегі көтеріліс кезінде гарнизонда дежурлықта болып, кейін жоғары әскери басшылармен, соның ішінде маршал Жуковпен кездесті. Өндірісте экскаваторшы, механик, профком төрағасы қызметтерін атқарған. Ордендері мен медальдары: «Еңбек Даңқы» III дәрежесі, «Целиналық жерлерді игеру», «Еңбек ардагері». Сейдахмет Нурканұлы – үш ұлдың әкесі, төрт немере және бес шөбере тәрбиелеген.

Мерекені ұйымдастырған қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов өз сөзінде ардагерлерге деген ерекше құрметін білдірді:

— Біз Сейдахмет Нұрканұлы мен Қасымқайыр Қазымбайұлы сияқты азаматтардың мерейтойын атап өтіп отырмыз. Олар Рудный қаласына келгеннен бастап өмірлерін қаламыздың дамуына арнады. Бұл мерейтойлар қоғам үшін маңызды, өйткені ардагерлердің еңбегі ұмытылмайды, оларға деген қамқорлық әрдайым сақталады. Біз Ардагерлер кеңесі ретінде тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де олардың жанында болуға тырысамыз. Бүгін біз достық атмосферада әңгімелесіп, естеліктермен бөлісіп, оларды қолдауды жалғастырамыз. Ардагерлер біздің патриотизміміздің, еңбекқорлықтың және адалдықтың белгісі. Біз ардагерлерге деген құрметімізді іс жүзінде көрсетеміз: мұражаймен мұрағатта олардың өмірі мен еңбек жолы сақталып, келешек ұрпаққа қалатын мұраға айналып отыр. Бүгінгі шара – тек мерейтой емес, бұл тарихқа деген сүйіспеншілік, біздің қоғамдағы қадірлі адамдарға құрметіміздің белгісі

Мерекелік жиынға қала әкімдігі, «ССКӨБ» басшылығы және ардагерлердің замандастарымен достары жиналды. Қала әкімі Виктор Ионенко шарада ардагерлерді құттықтап, олардың өмірлік тәжірибесіне мән берді.

— Сіздер – біздің қаламыздың үлгі тұтар ардагерлері. Сіздердің өмірлік жолдарыңыз бен еңбектеріңіз жастар үшін үлгі болып табылады. Сіздер қала мен өндірісімізді дамытуға елеулі үлес қосып, ұрпаққа өнеге қалдырдыңыздар. Бүгінгі мерекеде біз сіздердің жетістіктеріңізді атап өтіп, құрметімізді білдіреміз. Сіздердің еңбектеріңізді ешқашан ұмытпаймыз, ал қаланың барлық тұрғындары сіздерге ризашылық білдіреді. Денсаулық тілейміз, ұзақ өмір сүріңіздер және әрдайым біздің қоғамымыздың құрметті мүшесі болып қала беріңіздер, — деді ол.

Мереке барысында қалалық мұражай мен мұрағат қызметкерлері ардагерлердің өмір жолы мен еңбек тарихын көрсететін көрме ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, ардагерлердің еңбегін сақтау мен тарихи мұраны келешек ұрпаққа жеткізу жұмысы тұрақты жүргізіліп келеді. Мұндай экспозициялар жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің маңызды құралы болып саналады, өйткені олар арқылы жас ұрпақ өз қаласының тарихын, ардагерлердің ерлігін және еңбекке деген адалдығын көре алады.

— Бұл материалдар келешек ұрпаққа қалатын мұра. Біз ардагерлердің еңбегін тек еске алмаймыз, сонымен бірге балаларға, студенттерге олардың өмірі мен еңбек жолын көрсетеміз, — деді мұражай әдіскері Александр Кургузскин.

«Жанұя» белсенді ұзақ өмір клубы мен Ардагерлер кеңесі ұйымдастырған дастархан үстінде қатысушылар естеліктерімен бөлісіп, мерейтой иелеріне алғыстарын білдірді. Ардагерлер өздерінің өндірістегі және қоғамдық өмірдегі тәжірибесімен бөлісті. Шара соңында қала әкімдігі мен ұйымдар атынан мерейтой иелеріне сыйлықтар табыс етілді.

Бұл іс-шара Рудный қаласында ардагерлерге деген құрмет пен қамқорлықтың нақты көрінісі болып, жастарға үлгі болып қана қоймай, тарихи сабақ ретінде де маңызды.

 

Гүлім МҰРАТ,

суреттерді түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *